Елордалық хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) жаңа маусымы қарсаңында бас бапкердің қызметіне қатысты ресми мәлімдеме жасады.
– Өткен маусымда тіркелген төмен спорттық көрсеткіштерге байланысты негізгі команданың жаттықтырушылар құрамында өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта "Барыс" командасының бас бапкерінің міндетін уақытша Евгений Королев атқаратын болады, – делінген клубтың ресми хабарламасында.
Осы ресми мәлімдемеге қарамастан, негізгі бас бапкер қызметінен ресми түрде босатылған жоқ. Клуб Ғалым Мәмбеталиевпен өтемақы мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқан болуы мүмкін.
Бір апта бұрын ресейлік Sport24.ru басылымы оның үшжылдық келісімшарты барын және жұмыстан босату 194 миллион теңгеге дейін шығын келтіруі мүмкін екенін жазған болатын.
– Барлық регламенттік рәсімдер аяқталғаннан кейін өзгерістерге қатысты толық ақпарат ұсынылатын болады, – деп мәлімдеді "Барыстың" баспасөз қызметі.
Айта кетейік, ресейлік Евгений Королев бұрынғы "Нью-Йорк Айлендерс" қорғаушысы. Ол өткен маусымда "Барыс" құрамында бапкердің көмекшісі болған.
Қыркүйек айында Дэвид Немировский жұмыстан босатылғаннан кейін және Вячеслав Буцаев тағайындалғанға дейін Королев бір матчта бас бапкер міндетін атқарған.