Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан ҰОК президенті және World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы – World Boxing ұйымының президенті қызметіне ресми үміткерлер тізіміне енгізілді.
Ұйымның жаңа президенті 23 қарашада Римде өтетін World Boxing конгресінде сайланады.
– Достар, мен халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурамды ұсыну туралы маңызды шешім қабылдадым.
Менің миссиям – бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, сенімді нығайту және спортшыларды, жаттықтырушылар мен федерацияларды біздің спортты дамыту жолындағы талпыныстарында қолдау.
Біздің басты мақсатымыз – Халықаралық Олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізіп, бокстың Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және алдағы Олимпиада ойындарындағы орнын бекіту.⠀
23 қараша күні біз бокстың жарқын болашағына қарай маңызды қадам жасаймыз, – деді Геннадий Головкин.
World Boxing 2023 жылы құрылған, ал 2024 жылдың қыркүйегінде Головкин ұйымның Олимпиадалық комиссиясын басқаруға тағайындалған болатын. Оның басты мақсаты – боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау және ХОК тарапынан ұйымның ресми мойындалуына ықпал ету.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйек күні World Boxing федерациясының президенті Борис ван дер Ворст ұйымның үшінші жыл сайынғы конгрессінде қайта сайлануға қатыспайтынын хабарлады. Ол бұл шешімін ұйымды басқарудың үлкен талаптары мен көп жылдық халықаралық сапарларға байланысты екенін айтты.
Геннадий Головкин Олимпиадалық комиссия төрағасы ретінде қазірдің өзінде федерация ішінде ықпалды тұлға саналады. Егер сайланса, тұңғыш рет қазақстандық спортшы халықаралық бокс федерациясын басқаратын болады.