Орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы 6 желтоқсанда WBA белбеуінің иегері Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізеді.
Кездесу АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында (Техас штаты) өтеді. Кештің басты айқасы Ламонт Роуч пен Исаак "Питбуль" Крус арасындағы жекпе-жек болмақ.
– Көптен күткен жекпе-жек! Орта салмақта дауыл! Бұл қазақ стилі мен куба стилінің айқасы! Чемпиондардың жұдырықтасуы! Үш титул! Құдай қаласа 6 желтоқсанда мен өзімнің үшінші чемпиондық титулымды иеленемін! Qazaq style-ды тарихта қалдырамыз, – деді Жәнібек Әлімханұлы.
Жәнібек биыл сәуірде Астанада Ануэль Нгамиссенгені нокаутқа түсіріп, атақтарын сәтті қорғаған еді. Кубалық Лара соңғы рет 2024 жылдың қыркүйегінде америкалық Дэнни Гарсияны техникалық нокаутпен жеңген.
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                                                    