Республикалық штаб тасқынға қатысты түйткілді мәселелерге назар аудартты

1024

Жағдай ушығуы мүмкін бірқатар өңірде күрес қарқыны күшейтіледі. 

Республикалық штаб тасқынға қатысты түйткілді мәселелерге назар аудартты Фото: primeminister.kz

Қостанай өңірінде қауіптің беті қайтқан жоқ. Осы бір ғана өңірде үш қаланы, оннан аса ауылды су басты. Мұны Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов жария етті. Оның айтуынша, қарғын судың "басқыншылығы" жалғасқанымен, облыстың оңтүстігінде біраз шепте жағдай біршама тұрақтандырылған. Сондықтан күресуші күштердің басым бөлігі облыстың ахуалы барынша күрделі өзге аудандарына аттандырылды.

Әкімнің орынбасарының мәліметінше, арқыраған ағын суларды далаға өткізіп жіберу үшін мамандар трассалардың кей тұсын түбірімен қопаруға мәжбүр болуда. Бұл жұмыстар өзге өңірлерде де жүзеге асырылып жатыр. Түрлі облыстағы әкімдіктер әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында трассалық жолдарды бұзып, су өткізетін арналар жасап жатқаны туралы есептерін жариялады.

Биылғы проблеманың бір төркіні де осы тарапта: трассалар ағын сулардың жолын бөгеген. Мамандардың айтуынша, автомобиль жолдарының құрылысы кезінде міндетті түрде көптеген су өткізуші жүйелер (водоотводные системы) қарастырылуға тиіс. Бұл ретте қалталарына барынша көп табыс түсірудің қамын ойлаған жол құрылысы компаниялары жол салу кезінде су өткізетін көпірлерді, су бұру және су өткізу құрылыстарын, жол айырықтарын, терең сай көпірлерін (виадуктерді), тоннельдерді, селден қорғаушы галереяларды мейлінше қысқартқан. Жобада қалған бірнешеуі халықты тасқын судан қорғай алмайтыны енді анықталып отыр.

Сондықтан тасқынның салдарларын жоюға түрлі облыстардағы жол салушылар да жұмылдырылуда. Кеше, 7 сәуірде бірінші вице-премьер Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс және жол құрылысы компанияларының басшыларымен кездесіп, оларды су тасқынына қарсы шараларға көмек көрсетуге шақырды.

"Кеңес барысында Роман Скляр бизнес өкілдерінің назарын ауыл тұрғындарының өміріне, өңірдегі әлеуметтік және стратегиялық нысандарға төнген қауіптің алдын алу мақсатында су тасқынына қарсы жұмыстарды ұйымдастыру үшін шұғыл түрде бірлесе әрекет етіп, қолда бар барлық күш пен арнайы техниканы жұмылдыру қажет екенін атап өтті", – деп хабарлады Үкімет. Роман Скляр компания басшыларына техника мен адам күштерін тартудан бөлек, өздерінің де объектілердегі бақылау мен үйлестіру жұмыстарының басы-қасында болуын тапсырды.

"Қаланы қорғау керек. Алдағы күндері осы міндетті ойдағыдай атқарғаннан кейін, көмек қажет болып жатқан өңірлерге, аудандарға ауысамыз. Сол себепті бәріміз бір адамдай жұмылып, су тасқынына қарсы жұмыстарға дереу кірісуіміз қажет. Баяу және ретсіз жұмыс істеуге болмайды.  Барлық жұмысты орындауға үш күніміз ғана бар", - деді Роман Скляр.

Бүгінде су басқан өңірлерде күрес шараларының үлкен бөлігін қаптарға құм қолтырып, қорғаныш кедергілері мен дамба-дуал жасау құрап отыр. Алайда бұл тұрғыда құтқарушылар бір мәселені атады: өзімен бірге алапат көлемде лай-балшықты, түрлі қоқысты, мұздарды ала келген қызыл су кей жерде құмды қаптарды ысырып өтеді, немесе оның үстінен тасып аға береді.

Бірақ тасқынға тоспа құру үшін бұл да қажет. Осы мақсатта мысалы, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары Атырауда құм толы қапшықтардан 5 шақырымға созылған бөгесін салып жатқаны жарияланды.

"Өзенмұнайгаз" АҚ, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ және "Қаражанбасмұнай" АҚ жағаны бекітіп, жасанды бөгет жасау жұмыстарына барлығы 32 мың қапшық, 800 күрек, су өткізбейтін етіктер, қолғаптар жіберді. Атырау облыстық штабы "Ембімұнайгазға" бұған дейін бөлген 3,6 шақырымға қосымша учаскеге бөгет салуды жүктеді. Жалпы, ембіліктер өзен жағалауына 5 шақырым ұзындыққа бөгесін салу жұмыстарын қарқынды жүргізуде", - деп хабарлады "ҚазМұнайГаз".

Қостанай облысына қайта оралсақ, бұл облыста болып, Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрген Үкімет басшысы Олжас Бектенов алаңдаушылық тудыратын түйткілді жайттарға назар аудартты. Мысалы, облыс "астанасының" шетін су басып қалуы мүмкін. Тобыл тасыса, Қостанай, Рудный қалаларының, Б.Майлин, Денисовский, Жітіқара аудандарының ахуалы күрт ауырлайды екен.

"Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындады. 6 сәуірдегі жағдай бойынша Желқуар және Амангелді су қоймалары 100%-ға толып қалды. Қаратомар 97%-ға, Жоғарғы Тобыл 93%-ға толды. Сергеев және Амангелді су қоймалары транзиттік режимде өз қуатының шегінде жұмыс істеп жатыр. Облыста судың келуі оны өткізу көлемінен асып түсетіні анықталды", - деп ашығын хабарлады республикалық штаб.

Оның дерегінше, тасқын су жаңа аумақтарды басады: болжам бойынша таяуда еріген қар суының және жоғарғы жақтан – Ресейден келетін орасан судың есебінен су деңгейі тағы ұлғаяды. Бұған да құзырлы құрылымдар дайын отыруы керек.

Жалпы, мамандардың айтуынша, болашақта мұндай топан су баспауы үшін кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуы керек. Ел Үкіметі биылғы 2024 жылғы 5 ақпанда "Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын" бекітті. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл құжатқа сәйкес, елімізде енді 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған.

Сондықтан Премьер Олжас Бектенов қазіргі басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін мәлімдеді. Қалған қам-қарекеттің бәрі тасқынға тосқауыл қоюға бағытталған. Премьердің мәліметінше, еріген қар суын өткізу үшін мысалы, Қостанай қаласында жұмыс істемейтін жол төсемі бұзылды, елді мекендерде арнайы бөгеттер салынып, еріген суларды басқа жаққа бұру үшін арықтар дайындалуда. Топырақ толтырылған қапшықтар мен инертті материалдар төселіп, суды сору және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Еліміздегі өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді.

Батыс Қазақстан облысындағы жағдай да мазалайды. БҚО-дағы Ұзынкөл су қоймасындағы су деңгейі төмендеген. Бірақ республикалық штаб мүшелері үлкен қауіптің сейілмегенін, қайта төніп келе жатқанын ескертті.

Үкімет басшысының орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров өңірді аралап, облыстағы негізгі су арнасы – Жайық өзенінде су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысымен танысты. Сонда белгілі болғандай, Ресейдің іргелес қонған Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан Батыс Қазақстан облысына үлкен су келе жатыр. Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 300 текше метр су келуде. Сондай-ақ Орынбордағы Ирикла су қоймасынан секундына 2 мың текше метрге жуық су жіберілуде. Бұл су жақын арада Жайық өзені арқылы өтіп, әрі қарай Каспий теңізіне құйылуға тиіс. Сонда Жайықтағы су деңгейі "қалаға қауіп төндіретін деңгейге жетпек".

Орасан су келмей жатып, БҚО-дағы 5 ауданды, Орал қаласын су басты.

Биылғы тасқыннан Қазақстанға келген залалдың көлемі белгісіз. Су басқан, топан су әкелген қоқыс-қалдықтарға бөккен, батпаққа айналған даланың үлкен бөлігінде аграршылар биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізе алмайтыны белгілі болуда.

Мысалы, Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, қарғын судан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлердің материалдық залалдарын есептеу үшін өңірдің әр ауданында жеке комиссиялар құрылды. 7 сәуірдегі жағдай бойынша қазірдің өзінде 2 018 өтініш түсті. Комиссия мүшелері залалды бағалау үшін Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында 1 482 үйді аралаған.

Алайда бұл тек басы ғана сияқты: ресми мәлімет бойынша "Ойыл ауданында су деңгейінің төмендемеуі салдарынан мүлікті бағалау жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр". Келтірілген залалдың бүкіл көлемдері мен төлемдері су қайтқан соң белгілі болса керек. Әзірге, осы бір ғана облыс бойынша 94 зардап шеккен тұрғынға 28 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төлеуге тура келген.

Өзге өңірлер келген залалды есептеуге кіріскен жоқ. Қазақстанда бұдан да қатты зардап шеккен өңірлер көп және олардың саны тек артуда. Республикадағы 20 өңірдің шамамен он екісін су басты.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтылғандай, бүгінде бүкіл Қазақстан территориясының 15%-ын, солтүстік, шығыс және орталық өңірлердің шамамен 40%-ын сол бойы қалың қар басып жатыр. Олар осы сәуірде күрт ерігенде, тасқын да күшейеді.

Мысалы, енді Солтүстік Қазақстанда ахуалдың нашарлайтыны болжануда. СҚО-ның "астанасы" Петропавлдың да су астында қалуына жол бермеу қажет. Облыстың айналдырған 13 ауданының 8-інде "ең ауыр жағдай тіркелген". Әлі ерімеген қар жамылғысы өңірде 50%-ға дейін жетеді. 262 елді мекенге су басу қаупі төнді.

"Үлкен судың келуіне 7–8 күн қалды. Қазіргі кезде Сергеев су қоймасынан тасып төгіліп жатқан судың шамасы 3 метрден асты. Асып төгілу (перелив) бойынша антирекорд орнатылады деп күтілуде, ол шамамен 4 метрді құрамақ. 2017 жылға қарағанда әлдеқайда көп су келеді. Сондықтан барлық күш пен ресурсты осы мәселелерді шешуге бағыттау қажет", - деді вице-премьер Роман Скляр.

Әкімдіктің дерегінше, облыста су тасқыны бойынша күрделі жағдай қалыптасуда. Су деңгейінің күрт көтерілуі критикалық деңгейден жоғары болады деп болжанды. Сәуірдің 5-нен бастап Сергеев су қоймасы толып, арнасынан асты. Петропавл қаласының маңындағы су деңгейінің алғашқы көтерілуі 6 күннен кейін басталып, су тасқынының шарықтау шегі сәуірдің аяғында болады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде, жедел деректер бойынша республиканың жеті өңірінде жалпы саны 5 711 бас малдың өлексесі табылды, оның ішінде сиырлар – 1 137, қой-ешкі – 4 051, жылқы – 457 және басқа да ауыл шаруашылығы жануарлары.

Олжас Бектеновтің айтуынша, Президенттің өзі су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін қойды. Осыған байланысты Премьер полицияға эвакуацияланған халықтың мүлкін күзетіп, сақталуын қамтамасыз ету шараларын қабылдауды жүктеді.

"Ауруын жасырған өледі" дейді халық даналығы. Мәселелердің ашық айтылғаны қажетті шаралардың дұрыс қабылдануына септеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу