Ревакцинация Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін

3410

Екпе егуді әлемнің өзге елдерінен кеш бастаған республика қайтара вакцинациялауға неге асыққаны түсініксіз қалды.  

Ревакцинация Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 18 қазандағы жағдай бойынша елде коронавирусқа қарсы екпенің I компонентін 8 029 779 адам, II компонентін – 7 128 454 адам салдырды. Демек биліктің 11,4 миллион адамды егу туралы жоспарының орындалатын күні әлі алыстау. Соған қарамастан билік халықты ревакцинациялауға қызу әзірленуде.

Айта кететін жайт, биылғы тамыз айында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанның ревакцинациялау жоспары барып, бірақ мемлекетіміз екпе егу науқанынан өзгелерден кеш кіріскендіктен, егілудің екінші толқыны да кешірек басталады дегенді айтқан. Неге екені белгісіз, бұл жұмыс тосыннан жеделдетілгелі тұр.

"Иә, бізде ревакцинация жүргізу жоспарланып отыр. Бірақ Қазақстан өзгелерден кешірек, биылғы ақпан айынан бастап екпе еге бастады. азаматтарымыздың басым бөлігі маусым-шілде айларында егілді. Сондықтан біздің антиденелеріміз әзірге балғын. Деңгейі де жоғары. Әйтпесе, ревакцинацияның қажеттігі туралы АҚШ, Израиль, Ресей секілді вакцинациялауға былтыр кіріскен елдер айтуда. Біз қазір қайтара егілудің тәсілдерін анықтап, нормативтерін бекітудеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ақылдасамыз. Ақпанда егілгендерге қазанда ревакцинациялану өзекті болатын шығар. Оны да іске қосармыз, бірақ әзірше азаматтарымыз бастапқы егілуден өтуде. Олардың иммунитеті күшті, қуатты", – деген болатын биылғы тамыз айының басында Алексей Цой.

Енді ревакцинацияның келесі жылды күтпей, биылғы қарашада басталатыны мәлім болды. Бұл жаңалық жұртшылықтың бір бөлігінің көңілін май ішкендей етіп отыр, себебі азаматтар "І-ші және ІІ-ші компонентті салғызған, бірақ ревакцинациядан өтпеген азаматтарға шектеулер енгізіліп, олар да алда антиваксерлер сияқты жұмыстан аласталмай ма?" деп қауіптенеді. Бұл сұраққа жауап жоқ. Өйткені ревакцинациялану әзірге ұсыным түрінде болады.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан халқын иммундау жөніндегі консультациялық комиссиямен бірге қазақстандықтарды коронавирус инфекциясына қарсы ревакцинациялаудың тәсілдемелерін түзді. Бұл мәселе артынша КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысына шығарылды.  

Сонымен COVID-19 індетіне қарсы бастапқы вакцинациялаудың толық курсы аяқталғаннан (ІІ компонентті салғызғаннан) кейін 6–9 ай өткенде қосымша дозаны денеге енгізуге кеңес беріледі. 

Кімдер ревакцинациялануы керек?

Біріншіден, бұл – векторлы вакцинамен (Спутник V) егілген адамдар: оларға арналған ревакцинация 9 айдан кейін инактивті вакциналармен (отандық QazCovid-in, қытайлық Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax) немесе м-РНК-вакцинамен (америкалық Pfizer) жүргізіледі.

Себебі Ресей ғылым академиясының өзі "Спутник V" салғызғандарға онымен қайта егілмеуге, оның орнына басқа препараттармен ревакцинациялануға кеңес берді. Ресейлік вакцинамен үшінші қайта егілу пайдасыз көрінеді.

Екіншіден, өлтірілген вирусқа негізделген инактивті екпе (QazCovid-in, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax) салғызған адамдар 6 ай өткеннен кейін м-РНК-вакцинамен (Pfizer) қайта егілуі керек. Бұл америкалық вакцина қазақстандықтардың көбіне ақылы болады деп күтілуде. Тегін алғысы келетіндерге балама ретінде "Спутник V" ұсынылып отыр.

Үшіншіден, шетелде немесе елімізде "Pfizer" салғыза алған адамдар 6 айдан кейін инактивті (QazCovid-in, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax) немесе векторлы (Спутник V) вакцинасымен ревакцинацияланады.

Төртіншіден, алғашқы вакцинациялаудың толық курсынан өткеннен кейін коронавируспен ауырып, жазылған адамдар – айыққаннан кейін 3 ай өткенде ревакцинациялаудан өтуі қажет.

Ревакцинация тек 1 компоненттен тұрады. Яғни вакцинаның 1 дозасы пайдаланылады.

Бұл ретте ревакцинация науқаны 2021 жылғы қараша айының 3-ші онкүндігінде (декада) басталады деп жоспарланған.

ВАК шешіміне сәйкес, қарашада халықты қайта вакциналауды келесі санаттағы адамдардан бастау жоспарланып отыр: тәуекел топтары, яғни медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық мекемелердің персоналы және контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері, 60 жастан асқан адамдар, өздігінен зерттеулерден өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар.

2021 жылы жалпы саны 600 мыңнан астам адам ревакцинацияланбақ. Бұлар биылғы ақпан-мамыр аралығында екпе салғызғандар.

Ревакцинациялауға ағымдағы жыл аяқталғанша – елімізде бар отандық және шетелдік вакциналар, ал келесі 2022 жылы – Қазақстанда өндірілетін вакциналар қолданылады. 

Орталық Азияға "QazVac" жетпейтінге ұқсайды

Қайтара егілетін дозаны "бустерлік" деп атайды, ол ағылшынның booster, boost – көтеру, арттыру, күшейту деген сөздерінен шыққан. Ол анағұрлым күшейтілген иммундық қорғанышты қалыптастыруға мүмкіндік беретін көрінеді. Әйтпесе, көптеген адам "бустерлік вакцина" дегенді екпенің басқа түрі деп санайды екен.

ДСМ түсіндіруінше, қайтара вакцина салғызу алдында адамның бойында қанша антидене барын емханалар тексермейді. Оны азаматтар қаласа, өз ақшасына кез келген зертханада тексерте алады.

"Ревакцинация алдында кез келген адам өз бетінше антиденеге анализ тапсыра алады, бұл әркімнің өз шешімі. Емханалар мұндай зерттеуді жүргізбейді. Егер сіз қайтадан егілмес бұрын антиденелеріңіздің титрін білгіңіз келсе, онда ондай талдауды өзіңіз тапсыруыңыз қажет", – деді "Қазақпаратқа" сұхбатында Алматы қалалық орталық аурухана директорының эпидемиология мәселелері жөніндегі орынбасары Эльвира Ибрагимова.

Жалпы, ревакцинациялауды қалайтын адамдар да бар. Кәсіпкер Руслан Жексенбаев отандық өндірушілерді қолдайтын әрі отандық өнімдерге сенетін адам ретінде биылғы көктемде "QazVac" вакцинасын салғызыпты.

"Қазақстандық вакцинаның күш-қуатына сенемін. Мамыр айында "QazVac"-тың екінші дозасын алдым. Бірақ бұл өлтірілген вакцина ғой. Тіпті, тірі вирусы бар вакциналардың күші жарты жылдан аспайды дейді. Сондықтан коронавирус індетіне қарсы иммунитетімді күшейте түсу үшін қазірден-ақ ерікті түрде ревакцинация жасатуға дайынмын. Тек ДСМ оны қалай және қай жерде жасата алатынымды айтса болды", – дейді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл салада ілгері озған елдерді ревакцинация науқанына кірісуге асықпауға, артылған вакциналарды кедей елдермен бөлісуге шақырған болатын. Осының алдында Қазақстан төл вакцинасымен Орталық Азия елдерін де қамтитынын жариялаған болатын. Әзірге Өзбекстан да, Қырғызстан да, Тәжікстан да вакцинаны Батыс елдерінен гуманитарлық көмек ретінде алғызуға мәжбүр. Егер Қазақстан қараша айында 12 миллиондай азаматын ревакцинациялауды бастап кетсе, өңірдегі елдерге ары қарай да "QazVac" тимейтін түрі бар. Қазақстаннан көп қайыр болмайтынын түсінсе керек, таяуда, қазан айының басында Өзбекстан ресейлік "Спутник V" вакцинасының өндірісін өзінде жолға қойды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу