Риддер ЖЭС-інің бұрынғы иелерінің әрекеті тергеліп жатыр, бірақ ашық емес

823

Риддер жылу электр орталығының бұрынғы иелері жауапқа тартыла ма?

Риддер ЖЭС-інің бұрынғы иелерінің әрекеті тергеліп жатыр, бірақ ашық емес Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі

Бұл сұрақ тек Риддер тұрғындарына емес, бүкіл Қазақстанға қызық. Қаңтарда құқық қорғау органдары "Риддер ЖЭО" АҚ иелеріне қатысты осы ЖЭО-да 2022 жылғы қарашада болған, қаланы жылумен жабдықтауды тоқтатуға әкеп соққан апаттық жағдайға байланысты тергеу жүргізіп жатқаны туралы хабарлама жарияланған болатын. Соның аяғы не болды?

Жауапты облыс прокуратурасы жергілікті Flashpress.kz сайтына берген екен. Ақпаратқа қарағанда, міндетіне немқұрайды қарау фактісі бойынша "Риддер ЖЭО" АҚ иелеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. 

"Қазіргі уақытта қылмыстық іс жүргізілуде, тиісті сот сараптамалары тағайындалды, істің мән-жайларын зерттеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - деп сендіреді құзырлы орган.

Бірақ Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қалған ақпаратты жария етуден бас тартқан.

Өкінішке қарай, полиция департаменті де сұраққа жауап бермеген. Олардан күдікке кімдер ілінген, оларға қандай да бір шаралар қолданылып-қолданылмағаны сұратылған. 

Айта кетейік, тергеу бұрынғы меншік иелері - "Green Energy Q" ЖШС - ге қатысты жүргізіліп жатқаны түсінікті. ЖЭО-да күзде алғаш апат болғанда кәсіпорынға осы компания иелік етіп тұрған. Ал сосын қыста басқа, RNGK деген компанияның иелігіне өткен. 

Әзірге Риддер ЖЭО айналасында жаңа өзгерістердің бірі мынау: 21 сәуірде жаңа иелері станцияны коммуналдық меншікке беруге немесе бірігіп басқаруға қатысты талқылап көруге дайын. Облыс әкімі Даниал Ахметов, егер ЖЭО мемлекет меншігіне алынса, оны жөндеуге 8 млрд. теңгеден астам қаржы керек екенін айтады. 

Айта кетейік, қалада жылыту маусымы 3 мамырда аяқталды. Енді жөндеу жұмыстары басталмақ. Жазда ыстық су жиі өшіріліп тұруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу