Риддерде тұрғын үйлер әлі салқын. Жылу электр орталығында не болып жатыр?

824

Мемлекет ақшасына жөнделетін болды. 

Риддерде тұрғын үйлер әлі салқын. Жылу электр орталығында не болып жатыр? Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінен

Риддер жылу электр орталығы айналасындағы көп бөлімді проблемалардың соңы аяқталуға жақын сияқты. Өткен жылдың қараша айынан басталған оқиғаның шарықтау шегі жеткен де секілді. Өкініштісі, бұл жағдайдың азабын Риддер тұрғындары қатты сезініп, көп зардап шекті. Пәтерлерінде қыс бойы төмен температура сақталып, кей күндері, яғни орталықта апат болған күндері, мұздай үйлерде түнеуге де мәжбүрленіп қалды.

Станцияның 70 жылдық тарихы бар. "1953 жылы Лениногор (ол кезде қала солай аталатын – ред.) қаласында жылу электр станциясының құрылысы басталды. 1956 жылы маусымда қуаты 12 мың киловатт болатын осы ЖЭО-ның алғашқы турбогенераторы іске қосылды. 1958 жылы оның қуаты 66 мың киловатқа жеткізілді. Ондаған шақырым жылу желілері салынды; Лениногорск өнеркәсібі мен тұрғын үйі орталықтандырылған жылумен жабдықтауға ауыстырылды". Бұл жолдар 1986 жылы Лениногорск қаласының 200 жылдығына орай Алматыда басылған "Қажырлы жұмысшылар қаласы" ("Город рабочей доблести") кітабынан алынып отыр.

КСРО ыдырағаннан кейін ЖЭО-да іс жүзінде ештеңе істелмеді, күрделі жөндеулер, жабдықтарды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу болған жоқ. Кәсіпорын 1997 жылы AES деген америкалық компанияға жекешелендірілді. Содан кейін олар 2018 жылы станцияны басқа компанияға сатты. Ол "GREEN ENERGY Q" ЖШС деп аталады.

Төрт жыл осы ЖШС иелік етті, бірақ, ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтпақшы, қожайын болып ештеңе істемеді. 2019 жылы электр энергиясын өндіретін турбогенератор істен шықты, жаңасын сатып алмады. Бірте-бірте ЖЭО құлдырауға айналды және өткен қарашада құлдыраудың соңына жетті. Риддер жылусыз қалды. 22 мың абонент, яғни 22 мың пәтерді қаһарлы қыс мезгілі қысымға алды.

Қалада жергілікті масштабта төтенше жағдай режимі жарияланып, оның салдарын жоюға көптеген кәсіпорын мен ұйымдардың күші жұмсалды. Шамамен миллиард теңгеге жуық қаражат кетті.

ЖЭО-ның берешегі көбейді. ШҚО әкімі ЖЭО иесі көмір, мазут, электр энергиясы, тіпті жалақыға да ақша салмайтынын айтып отырды. ЖЭО жылдар бойы биліктің, көптеген мемлекеттік органдардың көз алдында құлдырады. Бірақ олар араласпады. Онысын бизнеске араласпаймыз деп түсіндірді. Ал сарапшылар мұндай маңызды нысандар қашан да мемлекет иелігінде болуы керек, оның о баста жекешелендірілуі биліктің қателігі болған деп айтады.

"Риддер ЖЭО" АҚ-ны иелері 18 қаңтарда кенеттен сатып жіберді. Жаңадан RNGK деген ЖШС сатып ағаны мәлім болды. Бұл хабарды Астанада журналистерге облыс әкімі Даниал Ахметов айтты.

Дегенмен жаңа қожайын келсе де, Риддер ЖЭО оңалып кетпеді. Жаңа директор Кокс зауытын салып, шығынды сонымен өтейміз деді. Бірақ тұрғындар қатты наразылық білдірген соң бұл райынан қайтып қалды.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов 12 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында станцияның қарызы 3,3 млрд.теңгеге дейін өскенін айтты. Ал станцияның жаңа иелері де оны өтемегенін жеткізді. Сонымен қоса, жаңа қожайын станцияны мемлекетке беруге келіспей отыр деді әкім.

Бірақ 21 сәуірде ЖЭО иелерінің позициясы өзгергені белгілі болды. RNGK ЖШС директоры Виталий Шаров облыс әкімдігіне хат жолдап, фирма ЖЭО-ны мемлекет балансына беруге дайын екенін айтқан екен.

"Бүгінгі таңда ЖЭО-да көмір, мазут жеткізушілерге, жөндеу жұмыстарын жүргізген ұйымдарға және электр энергиясы бойынша қарыздары бар. Үшінші тұлғалар алдында орындалмаған міндеттемелер бар. Біз нысанды мемлекеттік меншікке беруге келісеміз және шарттарды талқылауға дайынбыз", – делінген олардың хатында.

Сонымен, станцияның қарызы 3,3 млрд.теңгеден астам болды. Ал оны жөндеуге, Даниал Ахметов айтқанда, кем дегенде 8 млрд теңге қажет. Бұл қаражат енді бюджеттен бөлінетін болады. Қысқасы мемлекет жоқ дегенде 11 млрд теңге салатын болады. Айтпақшы, тәжірибеде қазіргі қымбатшылыққа байланысты құрал-жабдықтардың құны шарықтаған соң, бөлінетін қаражат көлемі өсетін жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан 11 млрд теңгеден әлдеқайда көп сома керек болып қалуы да ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу