Римма Волосенко Азия чемпионатындағы жарыс жолын аяқтады

138

Бұған дейін екі боксшымыз жарыстан шығып қалған болатын. 

Римма Волосенко Азия чемпионатындағы жарыс жолын аяқтады Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін оңай басталған жоқ. Жарыстың екінші күнінде шаршы алаңға шыққан тәжірибелі боксшымыз Римма Волосенко өз жорығын 1/8 финал кезеңінде аяқтады.

60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Азия чемпионы Римма Волосенко алғашқы кездесуін Үндістан өкілі Прия Прияға қарсы өткізді. Үш раундқа созылған тартысты айқаста қарсылас спортшы қарқынын бәсеңдетпей, шабуыл мен қорғанысты ұтымды үйлестіре білді. Нәтижесінде төрешілер шешімімен үндістандық боксшы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Волосенко үшін құрлық додасы күтпеген жерден ерте аяқталды.

Жалпы, турнирдің алғашқы күндері Қазақстан құрамасы үшін ауыр соғып отыр. 51 келіде өнер көрсеткен Жазира Орақбаева 1/8 финалда Солтүстік Корея спортшысына қарсы жекпе-жекте жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Ал 54 келі салмақтағы Элина Базарова үндістандық қарсыласына 0:5 есебімен жол берді.

Нәтижесінде Азия чемпионатында 20 боксшымыздың 17-сі жарыс жолын жалғастырады. Алдағы күндері жанкүйерлер отандастарымыздан жарқын жеңістер күтеді.

Енді 1 сәуір күні 1/8 финалда 60 келіде қазақстандық Оразбек Асылқұлов пен Филиппин өкілі Пол Джулифер Баскон арасында жекпе-жек өтеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу