Осылайша, Геннадий Головкин жер-жаһанға танымал 10 боксшының сапынан көрінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта қазақстандық былғары қолғап шеберінің парақшасына 4157 адам жазылған. Осы көрсеткіш арқылы GGG рейтингте әлемнің ТОП-10 боксшысының қатарына енген.
Тізімнің көшін украиналық Александр Усик бастады. Оның BoxRec-тегі оқырманы 12 мыңнан асып-жығылады. Үштікке дейінгі орындар мексикалық Сауль Альварес пен ресейлік Дмитрий Биволға тиесілі.
Жаза кетен жөн, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2022 жылы өткізді. Ол кезде Сауль Альвареспен болған трилогияда төрешілер шешімімен жеңіліс тапты. Сол уақыттан бері GGG шаршы алаңға шықпаса да, кәсіпқой мансабын аяқтағанын ресми түрде жарияламады.
Бірақ, 2025 жылы Геннадий Головкин шаршы алаңға қайта оралғысы келетінін байқатып қалды. Бұл туралы ол BoxingScene басылымына "Рингтегі ескі сезімім қайта оянды" деп мәлімдеген болатын.