Ролан Гаррос. Скатов іріктеу турнирін жеңіспен бастады

286

Парижде биылғы екінші "Үлкен дулыға" жарысы - Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайыстары басталады.

Ролан Гаррос. Скатов іріктеу турнирін жеңіспен бастады

Әлемнің 191-ракеткасы Тимофей Скатов Парижде Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Скатов іріктеу сайыстарының ширек финалында дүниежүзілік рейтингте 145-орында тұрған америкалық Митчелл Крюгермен кездесті. Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған матчта Т.Скатов 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Тимофей іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін ертең аргентиналық Родригес Тавернамен кездеседі.

Негізгі додада әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик өнер көрсетеді. Жұптық сында Андрей Голубев, Анна Данилина, Александр Недовесов, сондай-ақ А.Бублик пен Е.Рыбакина бақ сынайды. Өткен жылы осы жарыста А.Голубев пен А.Бублик финалға дейін жетіп, франциялықтар Николя Маю - Пьер-Юг Эрберге есе жіберген еді - 6:4, 6:7 (1:7), 4:6. Е.Рыбакина да сәтті ойнап, ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге ширек финалға дейін жеткен болатын. Елена жекелей сында ширек финалда А.Павлюченковадан ұтылды - 7:6 (7:2), 2:6, 7:9. Юлия Путинцева спорттық жолында екі рет ширек финалға дейін жетті.

Өкінішке орай іріктеу сайыстарына қатысқан Дмитрий Попко мен Зарина Дияс алғашқы айналымда қарсыластарына жол беріп, жарыстан шығып қалды. Жарақатынан емделіп жатқан Михаил Кукушкиннің турнирге қатысу-қатыспауы белгісіз. Биылғы Ролан Гаррос турнирінің жалпы жүлде қоры - 43,6 млн еуро. Бірінші айналымда жеңіліс тапқандар 62 мың, чемпиондар 2,2 млн-ға дейін еуро табыс табады. Негізгі жарыс матчтары 22 мамырда басталады.

Ермұхамед Мәулен