Осылайша, АҚШ, Канада және Мексикада өтетін мундиаль әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткішті тіркеуге жақын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаһандық доп додасында алаңға шығуы мүмкін 40 жастан асқан ойыншылардың саны бұған дейінгі 22 әлем чемпионатында тіркелген көрсеткіштен де асып түсуі ықтимал.
Тәжірибелі футболшылардың тізімін Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду толықтырады. 41 жастағы шабуылшы – мундиалдағы ең танымал ойыншының бірі. Сондай-ақ, Аргентина көшбасшысы Лионель Месси де 40 жасқа толмаса да, жетеғабыл жаста болады.
Мексика құрамасының қақпашысы Гильермо Очоа да әлем чемпионатына қатысуы ықтимал. Егер Роналду мен Очоа мундиальда доп тепсе, олар өз мансабындағы алтыншы әлем чемпионатына қатысады.
Ең егде ойыншы атануға Шотландия құрамасының 43 жастағы қақпашысы Крейг Гордон үмітті. Әлем чемпионаттары тарихында одан үлкен жаста алаңға шыққан жалғыз футболшы бар. Ол – 2018 жылғы мундиальда 45 жасында төбе көрсеткен мысырлық қақпашы Эссам әл-Хадари.
40 жастан асқан қатысушылар тізімінде Германия құрамасының қақпашысы Мануэль Нойер мен Хорватияның жартылай қорғаушысы Лука Модрич, Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возинья және Уругвай қақпашысы Фернандо Муслера да бар.
Жаза кеткен жөн, 2026 жылғы әлем чемпионаты FIFA тарихындағы ең ауқымды турнир саналады. Өйткені, мундиалда алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Турнир барысында 1248 футболшы доп тебеді.