Рубль неге сонша қымбаттап жатыр

3630

Рубль теңгеге, Орталық Азия елдерінің ұлттық валюталарына, тіпті Қытай юанына қатысты нығайып шыға келді.

Рубль неге сонша қымбаттап жатыр Фото: canva.com

Қазақстанның Ұлттық банкінің бүгінге, 21 маусымға белгілеген валюталар бағамына сәйкес, 1 рубльдің құны 5,38 теңгеге жетті. Өз кезегінде айырбастау бекеттері РФ ақшасы 5,5 теңгеге дейін сатуда.

Салыстырсақ, Америка Мосбиржаға қарсы салмақты санкция енгізердің қарсаңында, 2024 жылғы 12 маусымда ғана РФ рублі небәрі 5,05 теңге тұрған. Былтырғы жылдың ортасында көршінің ақшасы 5 теңгеден төмен бағаланған еді.

Көрші қырғыздың ұлттық валютасы да рубльге қатысты арзандап жатыр. Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің дерегінше, сом бір күнде 0,24% төмендеп, рубль 0,9912 сом тұрады.

Маусым айының басында Ресейде 1 АҚШ доллары 92 рубльге дейін жетті. Енді ол кеше 83,5 рубльге дейін күрт арзандады. Бірақ артынша қайта түзеліп, 87 рубльге көтерілді. Осының өзі біршама төмен.

Қытайдың валютасы бұған дейін Ресейде 13 рубль межесін бағындырып жүрді. Өткен апта соңында юань 11,5 рубльге дейін құлады. Тіпті 10,84 межесіне дейін құлдилады.

РФ рублі неге сонша қымбаттауда?

Ресейлік Finam агенттігінің түсіндіруінше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Батыстың жаңа санкциясына байланысты Ресейге бағытталған импорттық ағынның басым бөлігі кілт тоқтады. Өйткені Америка бұл жолы "Сбердің" және басқа ресейлік банктердің Қытайдағы еншілес банктеріне қарсы санкция енгізді. Ресейдің Қытайдан сатып алатын тауарлары, өнімдері үшін төлемдердің көбі сол филиалдары мен еншілес қытайлық банктері арқылы жүзеге асырылатын. Енді бұл арна жабылып жатыр.

Салдарынан, РФ-та импорт айтарлықтай құлдырай бастады. Ал, импорт негізінен доллармен немесе еуромен жүреді. Импорт азайса, оларға да сұраныс қарқынды төмендейді. Сұраныс төмендеген соң доллар да, еуро да рубльге қатысты құнсызданды.

Бірақ Finam сарапшылары мұның уақытша құбылыс екенін ескертеді. Кеңес заманындағы сияқты шикізатқа тәуелді Ресей көп затты өзі өндірмейді, сырттан тасиды. Демек, түптің түбінде жаңа айналма жолдар мен схемалар табылып, импорт та қалпына келеді. Сонымен бірге долларға сұраныс артады.

Батыс сарапшыларының байламынша, Мәскеу Қазақстанды санкцияны айналып өтуге болатын елдердің бірі ретінде пайдаланады. Американың бірнеше қазақстандық компанияға санкция енгізуінің мәнісі де сонда. Осыдан кейін, 13 маусымнан бастап үрейге бой алдырған қазақстандық банктер Ресейден келетін төлемдерді өткізуден жаппай бас тарта бастады.

Тиісінше, сол төлеммен бірге солтүстік көршіден аударылатын рубльдің арнасы сұйылды. Рубльдің көлемі азайған соң, құны да өскен.

"Рубль бағамы қарқынды нығайып жатыр. Бірақ бұл – жалған әсер. Шындығында, Американың және Еуропаның жаңа санкцияларынан кейін экспорттық және импорттық валюта ағындарының қайта құрылу, "ребалансировка" процесі жүріп жатыр. Басқа валюталардың кросс-бағамдарын есептейтін негізгі валюта мәртебесіне Ресейде енді юань ие болды. Салдарынан, бүгінде юанның шектен тыс көп мөлшері қордалануда. Нәтижесінде, РФ рублінің қытай валютасына қатысты да нығаюына – экспорттаушылар тарапынан дәл осы валютаның шамадан тыс ұсынылуы түрткі болды", – деді Finam қаржылық сарапшысы Анастасия Долгих.

Мәскеу биржасы 13 маусымнан бастап, доллар мен еуроның сауда-саттығын тоқтатты. Салдарынан, бірде бір компания оларды биржадан сатып ала алмайды. Өз кезегінде биржалар да АҚШ пен Еуропа валютасында ашылған есепшоттарынан белсенді арылуда. Тиісінше, бұл валюталарға деген сұраныс төмендеді. Сұраныстың төмендеуі бағамды төмендетті.

Сонымен бір мезгілде Кремль басшысы өз жарлығымен ресейлік экспорттаушыларды шетелде доллар мен еурода тапқан табыстарын Ресейге әкеліп, сатуға міндеттеді, бұл талап келесі жылға дейін жалғасады. Нәтижесінде, ресейлік банктер доллар мен еуроға тола бастады. Оны азын-аулақ жинағын долларда сақтағысы келетін халықтың бір бөлігінен басқа алатындар аз.

"Әсіресе, салық төлеу маусымы қарсаңында шетелден экспорттық кіріс ішкі нарыққа қарқынды құйылуын жалғастыруда. 12 маусымнан кейін валютаны еркін сатып алу және сату мүмкіндіктері шектелді. Соның нәтижесінде капиталдың шетелге кету ауқымы да күрт кеміді. Бұрын ол Мосбиржа арқылы жүзеге асырылатын. Санкция салымын долларда сақтайтын азаматтардың үрейін ұшырды, ресейліктен енді жинағын рубльге конвертациялауға асықты. Брокерлік есепшоттардағы дос емес елдердің валютасындағы қалдықтар да будай жоғалып, жабылып жатыр", – деді ресейлік қаржылық сарапшы, "Ленивый инвестор" арнасының авторы Антон Весенний.

РФ Экономика жоғарғы мектебінің Ұлттық зерттеу университетінің профессоры, инвестбанкир Евгений Коган да рубльдің "жалған" нығаюына санкция әсерінен импорттың кілт қысқаруын себепкер деп санайды.

"АҚШ-тың жаңа санкциялық қара тізіміне кіргеннен кейін қытайлық компаниялардың және банктердің Ресейге бағытталатын қытайлық импорттың, тауардың төлемін қабылдауы, өткізуі қиынға айналды. Проблема ушығуда. Көптеген қытай кәсіпкері сақтанып, Ресейдің кез келген бизнесімен ынтымақтастығын доғаруда. Сондықтан юанның және басқа шетелдік валюталардың бағамының құлдырауының артында негізінен Қытайдан келетін импорттың құлауы тұр. Бұған қоса, жаңа санкцияларға ресейлік банктердің ҚХР-дағы еншілес ұйымдары іліккенін ұмытпау керек. Екі ел арасындағы экспорттық-импорттық операциялар бойынша есеп айырысулардың көбі солар арқылы жүргізілетін", – деді Евгений Коган.

Халықаралық саудада доллармен және еуромен есептесу мүмкіндігі айтарлықтай шектелген Ресей енді Қытай валютасына қатты тәуелді болып қалды. Осы орайда ресейлік ғалым бұдан РФ-тың опа таппайтынын болжады. Оның түсіндіруінше, инвесторлар Қытай валютасы – женьминьбидің (RMB) екі бағамы бар екенін ұмытпауы қажет.

Оның біріншісі "оншорлық юань" (CNY) құрлықтық Қытай аумағында тек ішкі есепайырысулар мақсатында ғана пайдаланылады. Бұл бағамды Қытай Халық банкі бақылайды.

Екіншісін – офшорлық юаньды (CNH) Қытай тек қана сыртқы сауда есеп-қисабында қолданады. Бұл валютаны Гонконгтың Ақша айналымы басқармасы реттейді. Бірақ офшорлық юаньның бағамын ҚХР өз бақылауында ұстамайды. Ресейлік немесе қазақстандық банктер сататын юаньдар – офшорлық (CNH). Олар іс жүзінде долларға байланған.

Тиісінше, юаньның рубльге шаққандағы бағамы бәрібір доллар–юань (CNH) бағамына тәуелді. Доллар арзандаса, юань да арзандайды, көтерілсе, ол да қымбаттайды.

Ресейлік қаржыгерлердің байламынша, тым қуатты рубль – тапшылығы рекордтық 3 триллион рубльге жеткен РФ бюджеті үшін қолайсыз. Сол себепті, сарапшылар таяуда Кремль ресейлік экспорттаушыларға валюталық кірістерін бұрынғыдай толық емес, тек бір бөлігін ғана әкеліп, сатуға рұқсат етуі мүмкін деп күтеді.

Онда рубль бағамы қайтадан құлдырайды.

Сондай-ақ сарапшылар РФ орталық банкінің алдағы отырысында не шешім қабылданатынын күтіп отыр. Егер Набиулина ханым басты ставканы көтерсе, бұл рубльдің одан ары нығаюына қолдау болады. Егер қазіргі мөлшерде қалдырса, рубль құнсызданады.

Дәл жаңа санкциялар қарсаңында, 2024 жылғы 7 шілдеде Ресей банкінің директорлар кеңесі базалық ставканы 16% деңгейінде қалдыруға шешім қабылдаған. Енді 18 пайызға дейін көтеруі мүмкін.

Тұтастай алғанда, сарапшылардың көбі рубльдің ағымдағы нығаюы уақытша сипатта деген ортақ пікірде тоқайласты. Биржаға қатысушылар, экспортаушылар жаңа кросс-бағамдарға, жаңа өмір шынайылығына бой үйретуі керек, оған уақыт қажет. Содан кейін РФ валютасының бағамы кем дегенде "1 доллар үшін 93 рубль" деңгейін дейін құнсызданады деп болжанды.  

Осы кезде Беларусь рублі құнсызданып жатыр: кеше Br тағы 0,0165 рубльге арзандап, 1 доллар 3,1764 Беларусь рубліне сатыла бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу