Румыния АЭС-ті салқындату үшін Дунайдағы жартасты жарып жіберді

106

Бұған дейін станциядағы екі реактордың бірі уақытша тоқтатылған. 

Румыния АЭС-ті салқындату үшін Дунайдағы жартасты жарып жіберді Фото: tsargrad.tv

Румыния әскері Чернаводэ АЭС-ін салқындату үшін Дунайдағы жартасты жарып жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап. 

Румынияда қуаңшылықтың күшеюіне байланысты Дунай өзеніндегі су деңгейі күрт төмендеп, елдегі жалғыз атом электр станциясы – Чернаводэ АЭС-ін салқындатуға қажетті су көлемі азайған. Осыған байланысты Румыния әскері өзеннің бір саласында жарылыс жасап, арнаны тазартуға мәжбүр болды. Бұл қадам станцияға келетін су ағынын арттыру мақсатында қолға алынған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Румынияның қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Раду Мируцэнің айтуынша, су деңгейі ядролық реакторларды қауіпсіз салқындатуға қажет ең төменгі межеге жақындап қалған.

"Біз ядролық қондырғыларды қауіпсіз салқындатуға қажетті ең төменгі су деңгейіне таяп қалдық. Сондықтан станцияға келетін су көлемін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", – деді министрдің міндетін атқарушы.

Бұған дейін су тапшылығына байланысты станциядағы екі реактордың бірі уақытша тоқтатылған.

Агенттік мәліметінше, әскери мамандар Извоареле коммунасы маңында су астында 180 келі жарылғыш зат қолданып, су ағынын негізгі арнаға бұрған. Бұл шешім әзірге жұмысын жалғастырып тұрған соңғы реакторды тоқтатпау үшін қабылданған.

Euronews жазуынша, Чернаводэ атом электр станциясы Румыниядағы электр энергиясының шамамен бестен бір бөлігін өндіреді. Шілде айының соңында тоқтатылған бірінші реактордың қуаты 706,5 мегаватт болса, жұмысын жалғастырып тұрған екінші реактордың қуаты 704,8 мегаваттқа жетеді. Дунай өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі Румынияға ғана емес, Еуропаның бірнеше еліне де әсер етіп отыр. Салдарынан өзен көлігі, туризм, өнеркәсіп және энергетика салаларында қиындықтар туындаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу