Рустам Жүрсінов: Қоғамдық көлікке субсидия бөлуде теңсіздік бар

14383

Әлеуметтік маңызы бар тасымалмен айналысатын автобус иелері қосымша құн салығынан босатылады. 

Рустам Жүрсінов: Қоғамдық көлікке субсидия бөлуде теңсіздік бар Фото: Максим Морозов

Автобуспен жолаушы тасымалдау саласы шарасыз күйге түсіп отыр. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Facebook-тегі парақшасында осындай жазба жариялады. Уәкілдің сөзіне сенсек, карантин кезіндегі шектеулер мен субсидияның жеткіліксіздігі қоғамдық көлік компанияларын банкротқа ұшыратып жатқан көрінеді.

"Қазақстанның автомобиль конвенті "Атамекен" ҰКП-мен бірге  zoom-конференция өткізген болатын. "Қазақстан автомобиль конвенті" заңды тұлғалар қауымдастығының президенті Марат Берқалиев менен бизнес-омбудсмен ретінде қордаланған мәселелерді шешге ықпал етіп, саладағы ахуалды Президентке жеткізуімді сұрады. Мен олардың субсидия өңірлер бойынша теңдей бөлінбейтіні¸тіпті кейбір облыстарда ол мүлде қарастырылмағаны туралы айтқандарымен толық келісемін. Салалық министрліктің ақпараты бойынша 2017-2019 жылдар арасында жалпы субсидия көлемі 1,7 млрд теңгеден 36,9 млрд теңгеге өскен. Сөйте тұра6 Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстарында аталған кезеңде субсидия атымен болмаған", – деп жазады бизнес-омбудсмен.

Оның айтуынша, министрлік алға тартып отырған субсидия өсімі автобус тасымалын дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламаның арқасында болған. Ал жергілікті әкімдіктер қолдау көрсетіп келе жатқан 8 автобус паркі мемлекеттік қатысы бар кәсіпорын ретінде немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қодау көргенімен қоймай,  жергілікті бюджет есебінен жаңа автобустар сатып алып, тиімді маршруттар бойынша ұдайы субсидия алып отырған.

"Бұл адал бәсекені тұншықтырып, жеке тасымалдаушыларды нарықтан ығыстыратын жайтттар. Мемлекеттік кәсіпорындар тізбесін www.gosreestr.kz сайтынан өздеріңіз де көре аласыздар. 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 2 айдың ішінде қалалардағы жолаушы тасымалдау жүйесін субсидиялау проблемасын шешуді тапсырған болатын. Бірақ бүгінге дейін қоғамдық көліктің өзекті проблемалары шешілген жоқ. Салада 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Солардың, атап айтсақ, автобус жүргізушілер мен кондукторлардың жұмыссыз қалу қаупі туындап тұр. Мемлекет қиын кезеңде жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салып жатқанын ескеріп, тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен трансферттер бөлу қажет. Министрліктің болжамы бойынша 2020 жылға жоспарланған 53,2 млрд теңге субсидияның орнына 70 млрд теңге субсидия керек. Бұл қаражат автобус құрамын жаңартып, тасымал сапасын арттыруға да септігін тигізеді", – дейді Рустам Жүрсінов.

Уәкіл кей өңірлерде субидияның болмауынан автобустардың әбден тозғанын да еске салыпты. Осының салдарынан тасымал тоқтап, адамдар жұмыссыз қалып жатқан көрінеді.

"Кейбір әкімдіктер коммуналдық кәсіпорындарды мемлеткеттік-жеке меншік әріптестік аясында қолдап келеді. Яғни квазимемлекеттік секторды әкімдіктер тікелей қаржыландырып, аяқтан тұрғызып отыр. Мұндай қолдау бәсекелестікті шектейді. 2019 жылдың 3 шілдесінде Президенттің Жарлығымен квазимемлекеттік нысандар құруға тыйым салынған болатын. Бірақ әкімдер ол Жарлықты айналып өтіп, мемлекеттің үлесі 49 пайыздан аспайтын компаниялар құрып жатыр", – деген бизнес-омбудсмен Шығыс Қазақстан облысындағы бассыздықтарға жеке тоқталған.

"Шығыс Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің сәтсіз мысалы бар. 2019 жылы әкімдіктің қолдауымен Semey bus автобус паркі құрылған болатын. Ол нарықтан өзге тасымалдаушыларды ығыстырып тастады. Өйткені автопарк "БРК-Лизинг" АҚ-дан лизинг арқылы 170 жаңа автобус сатып алып, электронды билет жүйесін енгізді. Қазір сол автобус паркі өзіне тиесілі субсидиясын ала алмай отыр. Қазір бізге субсидия мен қолдаудан тыс қалған коммуналдық парктердің күні не болатынын, қоғамдық көлік тасымалын үздіксіз жұмыс істету тетіктерін ойластыру керек.  Бұл мәселелер Кешенді жоспар деңгейінде пысықталуға тиіс. Проблеманы шешудегі алғашқы қадам осы", – деген Рустам Жүрсінов әлеуметтік маңызды тасымалмен айналысатын кәсіпорындар 2020 1 қаңтарынан қосымша құн салығынан босатылатынын еске салды. Қазір бұл заңның жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу