Рыбакина Adelaide International турнирінің финалына шықты

2404

Бүгін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 500 сериялы турнирінде жекелей сында финалға жолдама алды. Аустралияда өтіп жатқан, жүлде қоры 703,5 мың АҚШ долларын құрайтын сайыста жетінші нөмірмен өнер көрсететін Елена жартылай финалда әлемнің 105-ракеткасы жапониялық Мисаки Доимен сынға түсті.

Рыбакина Adelaide International турнирінің финалына шықты

Бірінші сеттің басында және ортасына қарай жапониялық теннисші үш рет 2:0, 3:2, 4:3 есебімен алға шықты. Дегенмен, Рыбакина қатарынан үш гейм алып, алғашқы кезеңде 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші кезеңде есеп 3:3 болғанда қазақстандық теннисші жетінші геймде брейк жасап, тағы да алға шықты. Ал допты ойынға қосу барысында есепті 5:3-ке жеткізіп, басымдығын одан әрі нығайтты. Дои ұпай жинауға қанша тырысқанымен, Елена жеңісті қолдан бермеді. Осылайша Рыбакина финалға жолдама алды. Қорытынды есеп 6:4, 6:3. Еліміздің бірінші ракеткасының келесі қарсыласы Эшли Барти мен Иги Швентек арасындағы кездесудің жеңімпазы болмақ.

Айта кетейік, бұл Доимен Рыбакина арасындағы екінші кездесу. 2019 жылы жазда Баштад қаласында өткен Челленджерде Рыбакина Доиге есе жіберген еді. Енді, міне бүгін қазақстандық теннисші жеке кездесудегі есепті теңестіріп отыр.

Сонымен қатар Мельбурнде ATP турнирі аясында өткен ширек финалдық жұптық сайыста қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев өнер көрсетті. Недовесов пәкістандық Айсам-уль-Хаком Курешимен, ал Голубев хорватиялық Франко Скугормен жұп болып сайысты. Бұл текетіресте Недовесов/Айсам-уль-Хаком Куреши дуэті 6:3, 7:6 есебімен қарсыластарын тізе бүктірді. Бүгін олар жартылай финалда Денис Молчанов (Украина)/Ричардис Беранкис (Литва) жұбына қарсы өнер көрсетеді.

Ал Аустралияның Траралгон қаласында өтіп жатқан "Челленджер" турнирінде тағы бір қазақстандық теннисші – Михаил Кукушкин жекелей сында жартылай финалға шыға алмады. Кезекті ойында ол АТР рейтингінде 143-сатыға жайғасқан чех теннисшісі Томаш Махачқа 6:3, 3:6, 2:6 есебімен жеңілді.

Аустралияның Бендиго қаласында өтіп жатқан теннис турнирінде Дмитрий Попко жекелей сында ширек финалдан әрі аса алмады. Ол әлемнің 201-ракеткасы, италиялық Франко Агаменонеге 4:6, 2:6 есебімен жол берді. Дегенмен, Попко енді жұптық сайыста сынға түсетін болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу