Рыбакина Internazionali BNL d'Italia-2022 турнирін жеңіспен бастады

374

Римде әлемнің ең мықты теннисшілері Internazionali BNL d'Italia-2022 турнирінде сынға түсуде.

Рыбакина Internazionali BNL d'Italia-2022 турнирін жеңіспен бастады

Елена Рыбакина Римде өтіп жатқан WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады. Бірінші айналымдағы кездесуде 22 жастағы Рыбакина 19 жастағы ресейлік Элина Аванесянды 6:4, 7:6 есебімен ұтты. Бірінші партияда есеп 4:4 болғанда Рыбакина төртінші брейк жасап, сосын өз геймін де алды – 6:4. Екінші сетте есеп 5:3 болған кезде допты ойынға қосқан Аванесян мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан кейін қатарынан үш геймді алған Елена матчқа доп берген сәтті мүлт жіберді – 6:6. Бірақ, тай-брейкте Елена қарсыласына бірде-бір ұпай берген жоқ – 7:6. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матч барысында қазақстандық спортшы 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) шектелді.

1/16 финалда қазақстандық теннисші 28 жастағы америкалық Лорен Дэвиспен кездеседі. Матч 11 мамыр күні елорда уақытымен 15:00-де басталады.

Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Римде өтіп жатқан турнирдің негізгі кезеңінде жұптық сайыста алғашқы кездесуін өткізді. Америкалық теннисші Даниэль Роуз Коллинспен бірге Юлия латвиялық-чехиялық дуэт Елена Остапенко – Каролина Плишковадан екі сетте 3:6, 2:6 есебімен жеңілді. Кездесу бір сағат тоғыз минутқа созылды.

Путинцеваның жұптық сайыста жолы болмағанымен, жекелей жарыста өнер көрсетуін одан әрі жалғастырады. Ол алғашқы айналымда словениялық Кайя Юванмен кездесіп, оны үш сетте 7:5, 4:6, 7:5 есебімен ұтты. Айта кетейік, 27 жастағы Путинцева әлемнің 40-ракеткасы болса, 21 жастағы Кая WTA рейтингінде 85-орынға жайғасқан. Қос теннисші осыған дейін де бір рет кездескен. Ол уақытта да қазақстандық жеңіске жеткен. Осылайша Юлия мен Кайяның жеке кездесулерінің есебі қазақстандық теннисшінің пайдасына 2:0 болды. Путинцеваның келесі қарсыласы әлемнің оныншы ракеткасы испаниялық Гарбинье Мугуруса болмақ. Бұл матч 11 мамыр күні 18:55-те басталады.

Ермұхамед Мәулен