Осы секілді қауіп Қазақстан намысын қорғап жүрген ресейлік спортшыларға да төніп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұны Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев растады. Оның сөзінше, спорттық азаматтыққа ауысқан бұрынғы отандастарына Ресейге кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы министр "Центральный канал" бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.
– Біз оларды осында асыраймыз, тәрбиелейміз, жаттықтырушылармен, базалармен қамтамасыз етеміз, ал олар паспортты тастап, кетіп қалады. Барлығынан айыру керек, елге кіруге тыйым салып, біздің спорт нысандарын пайдалануға жол бермеу керек. Біз соған келе жатырмыз, – деп нақтылады Дегтярев.
Министр мұндай жағдайларға қатысты талаптарды күшейтетін бұйрыққа қол қойғанын сөз етті. Қазірдің өзінде спорттық азаматтығын ауыстырған бір шахматшы гроссмейстер атағынан айырылып отыр.
Еске салайық, Ресейден кеткен кейбір спортшылар қазір Қазақстанның атынан жарыстарға қатысып келеді. Олардың қатарында әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина, ATP рейтингіндегі алғашқы ондыққа кіретін Александр Бублик, мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина бар.
Ресейлік спорт сарапшылары мен журналистер бұл бастаманың жүзеге асуына күмән келтіреді. Десе де, министр алған бетінен қайтар емес.