banner

Сабыровтың түк қатысы жоқ – Маржықбаев Степногорсктағы зауыт жайлы

1523

Ақмола облысындағы Степногорск қаласының халқы таяуда елдімекенге жақын маңда қауіпті өндіріс қалдығын өртейтін кешен салуға қарсы шыққан еді.  

Сабыровтың түк қатысы жоқ – Маржықбаев Степногорсктағы зауыт жайлы

Бұл үндеуге тіпті Ресейде жүрген әзілкеш отандасымыз Нұрлан Сабыров та үн қосқан. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Иә, шынында да бұл жағдай үлкен резонанс туғызды. Алайда бұл шаруада біздің танымал жерлесімізге қандай да бір үлкен рөл беру дұрыс емес. Себебі бұл бір күнде ғана шешіле салған шаруа емес. Оны бірден шешу мүмкін де емес", – деді облыс әкімі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол бұл мәселенің "тарихына" аздап тоқаталды. Айтуынша, 2019 жылы БҰҰ Экологиялық қоры Экология министрлігімен бірге өндіріс қалдығын өртейтін зауыт салу туралы шешім қабылдаған. Ол кезде Эко-люкс компаниясы осы конкурсты өткізген еді. 

"Степногорск қаласына былтыр Қарағанды облысындағы стансалардан қалдықтар жеткізіле бастады. Бүгін сол қалдықтар аталған компанияда сақтаулы. Дәл сол компания аталған зауытты салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындай бастады. Бірақ 14 маусымда ғана қоғамдық тыңдау өткізіліп, сарапшыларымыздың көбі табиғат қорғауға бағытталған заңның бірнеше бабы бұзылып тұрғанын алға тартты. Геологиялық барлау, топырақты зерттеудің жоқтығынан бастап, онда әскери нысан болғандықтан, бұл зауыт меніңше енді салынбайды",  деді ол.

Оның айтуынша осы айдың 23-не дейін зауытты салу немесе салмау туралы нақты шешім қабылданады.

Сонымен қатар әкімге "Нұрлан Сабыров Степнагорск қаласының әкімі болса деген халықтың ұсынысына қалай қарар едіңіз" деген сұрақ қойылды.

"Нұрланға рахмет! Өзінің туған елінің мәселесіне бей-жай қарамай, алаңдап жүр. Бұл өте жақсы. Бірақ егер тіпті гипотетикалық тұрғыда ойласақ, Нұрлан жайлы бұл ұсынысты, бәлкім, қарар ма едік. Бірақ бірнеше мәселенің барын айтайын. Мемлекеттік қызмет туралы заң бар. Ол заң қала мен аудан әкімдеріне белгілі бір біліктілік талаптары қояды. Ол оған сай болуы керек. Әрине белсенділігі үшін рахмет! Ол степнагорлықтарға ылғи көмектесіп келеді", – деп түйді Ермек Маржықбаев.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу