Сәдуақас Байғабылов ішкі әуе рейстерін қайта іске қосудың тәртібін түсіндірді

14507

COVID анықтамасы қанша тұрады?  

Сәдуақас Байғабылов ішкі  әуе рейстерін қайта іске қосудың тәртібін түсіндірді

 

1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасына әуе қатынасы қайта жанданады. Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары  соның тәртібін түсіндірді.

Онлайн режимде өткен брифингтен ұққанымыз, алғашқы бір аптада қатынайтын 20-дан астам рейс барысында коронавирус жұқтыру оқиғалары тіркелмесе, өзге өңірлерде де әуе қатынасы жандануы мүмкін.

 "Қайта жанданған сапарларға жіті мониторинг жүргіземіз. 5-7 күннің ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында қатынаған жолаушылардың арасында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелмесе, Қазақстанның басқа қалаларында да ұшақ рейстерін жандандыру мәселесін қарастырамыз. Мониторинг нәтижесінде ауру жұқтыру байқалмаса, карантиндік шараларды жеңілдету мәселесін де қараймыз. Яғни, мониторинг нәтижесіне байланысты әрі қарай халықаралық рейстерді жандандыруды да ойластырамыз. Бәрі де санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты", – деді Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов. 

Сондай-ақ, ол баламен ұшатын жолаушыларға қойылатын жаңа талаптарды атады.

"Ұшаққа отырғызуда бір орын бос қалдырып жайғастыру тәртібі негізгі талап екенін айтқым келеді. Сәйкесінше, әуе кемесі 60 пайыз ғана толтырылады деген сөз. Екі жолаушының арасындағы қашықтық бір метрден кем болмауы керек. Үлкендермен бірге ұшатын балаларға да ағзасында коронавирус инфекциясы жоқ екені туралы анықтама алу қажет болады. Маска болуы да міндетті. Бұл талаптар егде адам, жас бала деген сияқты санаттарға бөлінбейді, бәріне ортақ", – деді маман. 

Егер 1 мамырдан кейін ұшаққа билет алуды жоспарлаған болсаңыз, әуелі коронавируске тест тапсырғаныңыз жөн. Санитарлық-карантиндік пункттерінің басшысы Дария Әзімбаеваның айтуынша, әуе жолаушыларына берілетін COVID анықтамасы неше күнге жарамды.

"Әуе жолаушыларына берілетін COVID анықтамасы 7 күнге дейін жарамды. Сондықтан да ұшу алдында екі күн бұрын коронавирусқа тест тапсыру керек.  Бұл анықтамамен 7 күн бойы кері бағытқа да ұшуға болады. Яғни, анықтама мерзімі өтпесе, қайтар жолға қайталап тест тапсырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар санитарлық карантиндік бақылау  қызметінің мамандары ұшаққа отырғызу алдында және ұшып келгеннен кейін байланыссыз термометр арқылы  жолаушылардың барлығын тексереміз", – деді Дария Әзімбаева. 

Әлбетте, ағзада коронавирус инфекциясының жоқтығын растайтын анықтама алу тегін емес. Оның бағасы әр мекемеде әркелкі көрінеді.

"ПТР-диагностика жеке  және мемлекеттік лабораторияларда да жасалады. Егер жеке меншік зертханада оның бағасы 19-20 мың теңге тұрса, мемлекеттік сантиарлық-эпидемиологиялық стансаларда оның бағасы 11 500 теңге болады. Бұл стансалар санитарлық медициналық сараптаманың жергілікті филиалдарында орналасқан. Яғни, әр облыс орталығында осындай зертханалар бар деген сөз. Сол зертханаларға барып тест тапсыра аласыздар. Осындай тест қабылдайтын орындардың тізбесін көбейту үшін СПИД-орталықтар мен қан орталықтарын да бұл іске жұмылдыру жағын қарастырып жатырмыз", – деді ол онлайн-брифингте. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу