Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

152

Армия орталық спорт клубында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған XXIX халықаралық бокс турнирі аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті Фото: Қорғаныс министрлігі

Чемпиондық белбеу сарапқа салынған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген 130 былғары қолғап шебері қатысты.

Турнирдің құрметті қонақтары қатарында ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Әскери-қолданбалы спорт түрлері федерациясының президенті Болат Байжан, Nomad Wrestling ұйымының президенті Мақсат Қиқымов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қанат Ислам болды.

Жарыстың жабылу рәсімінде турнирге қатысушыларды ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов құттықтады.

– Халықаралық бокс турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтей көрнекті қолбасшыны жадымызда сақтап, еске алуға арналған сайыс. Жекпе-жек барысында сіздер нағыз жауынгерге тән күш-жігерді, төзімділік пен жеңіске деген ерік-жігерді көрсеттіңіздер. Турнир спорттық дәстүрлерді нығайтып, шеберлікті шыңдауға ықпал еткен маңызды шара болды, – деп атап өтті ол.

Командалық есепте Қазақстан құрамасы 9 алтын, 9 күміс және 17 қола медальмен 1-орын алды. Өзбекстан құрамасында 1 алтын және 1 күміс, Тәжікстанда 2 қола, ал Қырғызстанда 1 қола медаль бар.

Сайыс қорытындысы бойынша АОСК өкілдері Сәкен Бибосынов (55 кг дейін) пен Бекнұр Батырбек (85 кг дейін), сондай-ақ Қазақстан атынан сынға түскен Ернар Қарап (50 кг дейін), Асылжан Серікбай (60 кг дейін), Абзал Серік (65 кг дейін), Ернұр Сүйінбай (70 кг дейін), Еркебұлан Шайкенов (75 кг дейін), Нұрқанат Райыс (80 кг дейін) және Думан Нұржан (90 кг дейін) чемпион атанды.

Ал 90 кг-нан жоғары салмақта өзбекстандық Мадияр Сайдрахимов жеңіске жетті. Турнир спортшыларға қарсыластарының техникасын бағалап, тактикалық дайындық деңгейін арттыруға және спорттық рухты нығайтуға мүмкіндік берді.

Аталмыш шара Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін ұлықтауға, спортты насихаттауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу