Сағынтаевтың кезінде сатылған мекеме мемлекет меншігіне қайтарылмақ

Сарапшы "Алматы қала жарықты" сату туралы шартты сыбайлас жемқорлық деп атады. 

Сағынтаевтың кезінде сатылған мекеме мемлекет меншігіне қайтарылмақ

Алматы әкімдігі "Алматы қала жарық" кәсіпорнын қала меншігіне қайтарып алмақ, деп жазды inbusiness.kz.

Бұл компания қаланың сыртқы жарықтандыру жүйелерін автоматтандырылған және орталықтандырылған басқаруға жауапты.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, "Алматы қала жарық" ШЖҚ МКК Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 2021 жылдың желтоқсан айының соңында мемлекеттік сатып алу арқылы сатылған.

Мекеменің болжамды құны 14,8 млрд теңге. Алайда мәміле 4,6 млрд теңгеге жасалған. Нақтырақ айтқанда "Алматы қала жарық" өзіндік құнынан 3 есе арзанға "ABM Group.com" ЖШС-ға сатылған.  

"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті 2020-2021 жылдарға арналған қаланың сыртқы жарықтандыру жүйелерін автоматтандырылған орталықтандырылған басқаруды ұсыну бойынша қызметтерді көрсету нарығындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізді. Осы нарықта "Алматы қала жарық" ШЖҚ МКК-ның үлесі бар. Бұл ұйымның монополиялық жағдайға ие екендігі анықталды", – деп хабарлады әкімдіктен.

ҚР "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының нормаларына сәйкес үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдарды жекешелендіру туралы шешімдер қабылдау ел Үкіметінің құзыретінде кіреді. 

Осылайша, Алматы әкімдігінің "Алматы қала жарық" ШЖҚ МКК-ны жекешелендіру туралы шешімі Мемлекеттік мүлік туралы заңнама нормаларына қайшы келеді және бәсекелестікті шектейді.

"Алматы қала жарықты" жекешелендіру стратегиялық мемлекеттік кәсіпорынның жоғаруына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Алматы әкімдігі ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің хабарламасы негізінде "Алматы қала жарық" ШЖҚ МКК-ны жекешелендіру туралы шешімінің күшін жою жөнінде шешім қабылдады", – деп жазылған әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Энергетик Әсет Наурызбаев бұл тендерді әлі де тексеру керек деп есептейді. Сарапшы аукцион шарттарын бұзғандарға қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті. 

"Әрине, бұл даулы мәселе. Бұрынғы әкімнің командасы кетер алдында қомақты қаржы тапқысы келген болар... Олар мекемені болжамды құнынан төмен сатқан. Бұл шешімнің себебі мүлде түсініксіз. Егер мекемені сату туралы айтар болсақ, мұнда екі мәселеге назар аудару керек", – деп түсіндірді сала маманы. 

Спикердің сөзінші бірінші кезекте мекеме қалай сатылғанына назар аудару керек.

"Нарықта көпшілікке белгілі аукцион теориясы бар. Бұл ғылыми теория үшін Нобель сыйлығы да берілген. Мұның еш құпиясы жоқ. Бар болғаны мекеме туралы ақпаратты қандайда бір сауда алаңына орналастырып, сатып алуы мүмкін адамдарды хабардар ету керек. Алайда бағаны түсіріп, сатып алушыға басымдық беру үшін мұның ешқайсысы жасалмаған. Жалпы осы аукционда басқаларға арнайы шектеулер болды ма, тексеру керек. Егер болса бұған қылмыстық жауапкершілік көзделген", – деді энергетик.

Әсет Наурызбаев екіншіден мекемені сатпай концессияға беруді ұсынды. Спикердің  концессия деп отырғаны – арнайы шарттармен белгілі бір мерзімге басқа компания басқаруына беру.

"Қазір заманда 10 жыл концессияға беріп, 10 жылда бір рет технологиялық тапсырманы өзгертіп отыруға болады. Сонда бұл нарықтық қатынасқа жатады. Бірақ екі жағдайда да тендер ашық, негізгі талаптарға сай өтуі керек еді. Бірақ мұның ешқайсысы жасалмағандықтан бұл сыбайлас жемқорлық бойынша жасалған келісімшарт. Ол міндетті түрде тоқтатылуы керек. Егер бұл компания қызметін жалғастырған жағдайда қызметтер қымбаттап, ал оның сапасы төмендей берер еді. Келісім шартты ұйымдастырушыларды анықтап, тексеру қажет. Егер қандайда бір заң бұзушылықтар белгілі болса, айыптыларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады", – деді энергетик.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу