Сайлау күні қандай бұзушылықтар тіркелді?

2968

Олардың кейбірі фейк, кейбірі сауатсыздық болып шықты.  

Сайлау күні қандай бұзушылықтар тіркелді?

Бақылаушылар мен сайлаушылар адасты

7–9 қаңтар аралығында Нұр-Сұлтан қаласының ескі орталығындағы көптеген тұрғын "Электронды Үкіметтің" 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келесідей хабарлама алған: "Құрметті сайлаушы! Сайлау 10.01.2021 ж. өтеді. Сіздің сайлау учаскеңіз №82, мекенжайы: ГОРОД НУР-СУЛТАН, Сембинова 4.".

Бұл – №8 қалалық емхананың мекенжайы болып шықты. Алайда таңғы 7-ден бастап осы бағытты бетке алған сайлаушылардың бәрі емхананың есігі тарс жабық тұрғанын білді. Халықтың сұрауына құлақ асса керек, емхана есігінде онда ешқандай сайлау учаскесі жоқтығын, №82 учаске "Иманов көшесі, 13" мекенжайындағы бизнес орталықта орын тепкенін көрсеткен бір тілім қағаз жапсырылды.

Ұқсас жағдай өзге учаскелерде де кездесіпті. Елордалық Q-Adam азаматтық бастамалар ұйымының тәуелсіз бақылаушысы Ілияс Мыңжасаров өздерінің де солай адасқанын жеткізді.

"Нұр-Сұлтандағы Сембинов көшесіндегі мекенжайда ешқандай №88 сайлау учаскесі жоқ. Ол жерге таңғы 6-да 3 бақылаушы мен 2 сайлаушы келді. Күзетшілер учаскенің адресі ауысып кеткенін айтты. Бірақ қайда көшкенін ешкім білмейді. Q-Adam бақылаушысы көшеде текке тоңбау үшін жоспарланбаған басқа учаскеге барды", – деді ол.

Шынында, №88 сайлау учаскесі "Жұбанов көшесі, 7" мекенжайында орналасты. Мұны бір жағынан жауапкершіліктің жетіспеушілігі ретінде қабылдауға болады. Себебі, сайлауды ұйымдастырушылар учаске орнының ауысатыны туралы тұрғындарды алдын ала құлақтандырмады. Ескі орнында тілдей ескертпе қағаз іліп, жаңа мекенжайға жол сілтеуде тұрған еш қиындық жоқ. "Электронды Үкімет" порталы да қате SMS-хабарлама таратып, бірқатар елордалықты адастырды.

Бақылаушылар да өз учаскесінің мекенжайын күнібұрын аумақтық сайлаукомнан нақтыламаған. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан әкімдігі бір ай бұрын "Өз сайлау учаскеңді тап" атты арнайы сервисті http://astana.gov.kz/ru/polling/poisk-izbiratelnogo-uchastka іске қосты: онда сайлаушылар ЖСН-ын, немесе аты-жөнін енгізіп, өз учаскесін анықтай алды. Ал ол сервисте аталған учаскенің мекенжайы дұрыс жазылған. Жауапкершілік танытып, ерте білсе керек, әлгі учаскелерді дауыс берушілердің көбі дөп тапты. Сайлаукомдар осы күні туған күнін атап өтетін немесе өмірінде тұңғыш рет дауыс беріп тұрған 18 жасар азаматтарға ұлы Абайдың кітаптарын естелікке сыйлады.

Сайлау кезіндегі "төтенше" оқиғалар

Нұр-Сұлтан қаласында №145 сайлау учаскесінде төтенше оқиға болды: оның аспалы төбесі (подвесной потолок) құлап түскен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

"Ел дауысы" қоғамдық бірлестігінің тәуелсіз бақылаушысы Алматыда сайлау учаскесінің уақытынан ерте ашылып қойылғанын "анықтады". Егер рас болса, бұл – ол учаскедегі дауыс беру нәтижесін жоюға дейін соқтыруы мүмкін төтенше оқиға болар еді.

"Алматыда №538 учаскесі белгіленген уақытынан бұрын ашылды. Біздің тәуелсіз байқаушы Алматыдағы осы учаске мерзімінен көп ерте, 05:40-та ашылғанын және онда учаскелік сайлау комиссиясының қызметкерлері отырғанын әшкереледі", – деп хабарлады таңазанда "Ел дауысы".

Бұл ақпарат дереу жоққа шығарылды. Аумақтық сайлау комиссиясының түсіндіруінше, бүгін Алматыдағы барлық сайлау учаскелері таңғы 06:00-де жұмысын бастап, қызметкерлерін жия бастаған. Содан учаскелік сайлауком мүшелері орындарына жайғасып, дауыс берушілерді қабылдауға дайындықты пысықтаған көрінеді. Артынша барлығы 07:00-де сайлаушыларға есіктерін айқара ашты. Алғашқы бақылаушылар мен сайлаушылар келгенде дауыс беру жәшігі бос тұрған.

Партиялардың бірінің атынан байқаушы болған алматылық лор-дәрігер, аудиолог Римма Суатбаева да осыны растады.

"№174 мектеп-гимназиясында орналасқан бұл учаске уақытынан бұрын ресми түрде ашылған жоқ. Ол кезде пломбалар қойылмаған. Учаскелік сайлауком дайындық жұмыстарын жүргізіп жатты. Есік тек қызметкерлер үшін ғана ашық болды. Учаске дер кезінде сайлаушыларға есігін ашты. Барлық санитарлық нормалар сақталды: дәрігер ретінде мен үшін бұл маңызды. Сайлаушылар күннің ызғарына және демалыс күн екеніне қарамай, 7-ден бастап белсенді келе бастады", – деді Р.Суатбаева.

"​​Ел дауысы" Петропавл қаласындағы №617 учаскеде бақылаушылар орын жетпегендіктен тік түрегеліп тұруға мәжбүр екенін мәлімдеді.

"Бір мезгілде сайлау учаскесіне 4 бақылаушы кірген. Бірақ 2 орындық қана қойылыпты. Содан комиссия төрағасы оған кімді отырғызу, ал кімді отырғызбау керектігін шешуде", – деді қоғамдық қор.

Орындық табу күрделі іс емес, артынша оны да әкеліп берген.

Осы ұйымның өкілдері Шымкенттегі №130 учаскеде сайлауком тәуелсіз байқаушылардан "соттан әлдебір құжатты сұратып жатқанын, бұл ретте оның нендей құжат екенін түсіндірмейтінін" хабарлады. Бірақ сол үшін бірде бір байқаушы қуылмапты.

Петропавлда, Көкшетауда, ШҚО мен Жамбыл облыстарында байқаушылар сайлаукомдармен бірге жаурап қалғандарына шағымданған: парламенттік дода қақаған қыста өтіп отырғаны толық ескерілмесе керек, кейбір учаскелерге бөлінген үй-жайлар – мектептер, спорт залдары, мемлекеттік мекемелердің кіреберісі суық немесе нашар жылытылатын болып шықты.

Сонымен бірге, тізімнен өзін таба алмаған сайлаушылар да кездесті. Сайлауком мүшелері олар дауыс бере алуы үшін бұл мәселені шешуге күш салды. Бұған қоса, бір отбасының мүшелері әртүрлі сайлау учаскелеріне ажыратылған жағдай болды. Мысалы, Алматыда №538 учаскесіне еріне еріп келген әйел дауыс бере алмай кетті.

"Күйеуім дауыс берді. Ал мен таңдау жасай алмадым. Мені "Жандосовтағы №187 мектептегі учаскеден дауыс беруіңіз керек" деп жолдады. Уақыт кетіріп, ол жаққа бармаймын. Оның үстіне пандемия кезінде әрлі-берлі сабылғым келмейді", – деген себеппен ол әйел өз ықтиярын білдіруден бас тартты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу