Сайлаудың қорытындысы батыстың Қазақстанға көзқарасын өзгертуі мүмкін

1636

Сарапшылардың байламынша, қазақ еліндегі сайлауды Батыс та жіті бақылап отыр. Егер халық бөле-жарылғанын емес, бірлігін көрсетсе, дамыған елдер Қазақстанды қолдауға лайық деп көмегін күшейтпек.

Сайлаудың қорытындысы батыстың Қазақстанға көзқарасын өзгертуі мүмкін

Халық Президентті 2019 жылы сайлағаны мәлім. Арада 3 жыл өткенде қайтадан президенттік доданы өткізу неге қажет бола қалғанын, шыны керек, халық түсіне алмай отыр. Қазір АҚШ-та жүрген саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұловтың түсіндіруінше, оның саяси орындылығы бар.  

"Америкалық саясаткерлермен, шетелдік саясаттанушылармен әңгімеде байқағаным, олар Қазақстандағы саяси реформаларды құптайды, ол туралы сараптамаларды қызыға оқиды. Бірақ Жаңа Қазақстанның бұрынғы билік мұрасынан толық арыларына сеніңкіремейді. Себебі 2019 жылғы сайлауда фаворит кандидатты бірінші Президенттің өзі ұсынды ғой. Ол сайлау да бұрынғы биліктің ұйымдастыруымен және соның ойын ережелерімен өтті. Сондықтан жаңа президенттік сайлауды ұйымдастыру саяси тұрғыдан орынды. Егер ол әділ өткізілсе, әрі Қазақстан халқы белсене қатысып, бірауыздылығын паш етсе, онда айқын басымдықпен жеңе алған жаңа Президент бұрынғы биліктен тәуелсіз тұлға ретінде бекиді, оның алдында ешқандай қарыздар болмайды. Бұл Батыс лидерлеріне өз электораты алдында еш қымсынбай, Қазақстанға көмекті арттыруына жол ашады. Өйткені жасыратыны жоқ, әзірге Қазақстан демократиясы шектеулі елдер қатарында", – деді ғалым.

Екіншіден, саясаттанушы-ғалым тұжырымдауынша, демократиялық қалыпта өткізілген кезекті, кезексіз, кез келген сайлау саяси билікті легитимді етеді, жаңа билікке еркін қимылдауына тың, мол өріс ашады. Үшіншіден, сайлау билік пен халық арасында кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ал бұл "еститін мемлекет" қағидатына сай келеді. Осы арқылы мемлекет қоғам өмірінің тамырын басып, бүлкілін сезіп, ағымдағы ахуалын, жай-күйін біледі, қоғамдық саяси санадағы өзгерістерді түсінеді. Мысалы, үш жыл бұрынғы президенттік сайлау әр өңірдегі наразылық шараларымен қатар өрбіді. Бұл жолы ондай салмақты қарсылық байқалмайды.

Төртіншіден, сайлау халықты белсенді етуге, жандандыруға мүмкіндік береді. Дауыс беретін күнге дейін екі апта ғана қалды. Демек, Президенттікке кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарының көрігін қыздыра түскені жөн.

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың байламынша, қазақстандықтардың алдағы сайлауға белсенді қатысып, өз ұстанымы мен көзқарасын билікке паш етуіне мүмкіндігі мол.

"Жарыс жолында 6 кандидат келеді. Олардың ешқайсысы ұнамаса, "бәріне қарсы" графасы бар, ол да халықтың не ойлайтынын көрсетеді. Бұл жолғы президенттік бәйгеге тұңғыш рет бірден 2 әйел кандидат қатысып отыр. Яғни, әйелдердің үлесі 33,3%-ға жетті, гендерлік теңдік қағидаты толық орындалуға таяды. Дамыған елдерде де мұндай бола бермейді. Оның үстіне қос әйел үміткердің де саяси позициялары, бағдарламалары бір-біріне ұқсамайды, біршама өзгешеленеді. Бұл ғалымдардың және фермерлердің өкілі қатысып отырған тұңғыш сайлау болуымен де елеулі", – деген саясаттанушы үміткерлерге өз үгіт жұмыстарында аудиторияны жаулап алып, өзіне қаратудың креативті, жаңа, заманауи әдіс, технологияларын пайдалануға кеңес берді.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев президенттікке кандидаттардың бұқараның кіжінісін туғызып, толқуына әкелуі мүмкін бірқатар тақырыпты  көтермей отырғанына назар аудартты.

"Бұл жолғы сайлауалды науқанның күн тәртібіне шығарылған ең көкейкесті мәселелердің бірі кандидаттардың өз мойнына алатын әлеуметтік міндеттемелері болып отыр. Бұл ретте сайлауалды штабтар белгілі бір жарқын популистік ұрандардың жиынтығынан аулақ болуға уағдаласып алғанға ұқсайды. Мысалы, мен Президент болсам, кредиттік амнистия жариялап, барлық несиені кешірем немесе бұрынғы билік арендаға берген бүкіл баспананы жекешелендіруге рұқсат етем деп отырған бірде-бірі жоқ. Әйтпесе, халық арасында дүркін-дүркін тарайтын фейктеге не арқау болатынын ескерсек, бұл тақырыптар халықтың ең бір осал тұсына айналғаны аңғарылады", – деді Данияр Әшімбаев.

Әрине, кез келген Президент барлық адамның несиесін толық кешіре алмайды. Онда бұрын несие алмаған адамдар да кредит рәсімдеуге жүгіріп, проблема тау басынан құлаған жентек қардай алапат ауқымға жетер еді. Ол қарыз ертең кешірілмесе, халықтың тұрмысы күрт нашарлайды, борышқа батқандар, оны төлей алмай, баспанасынан айырылғандар көбеюі мүмкін.

Ал осы бағыттарда қордаланған проблемаларды Үкімет тиімді әлеуметтік қолдау, сауатты, салмақты экономикалық саясат, пәрменді, тегеурінді тетіктері бар заңнама және түбегейлі, жете ойластырылған реформалар арқылы шешуге тиіс.

Саяси ғылымдардың докторы, профессор Ләззат Матақбаева адал өткен сайлау мемлекет пен қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік "дерттерді" емдеуге қауқарлы екенін айтады.

"Сайлау саяси және құқықтық жүйені де, сондай-ақ қоғамды да орнықты және тұрақты ете түседі. Ол мемлекеттік басқарудағы қателіктердің қордалануына кедергі келтіреді. Тіпті іс басындағы Президенттің өзі сайлауға қайта түскенде бұрын қандай олқылықтар, кемшіліктер жібергенін талдап, түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда сайлау – мемлекет пен қоғамның орнықты дамуы үшін қажетті, маңызды саяси-құқықтық тетік пен алғышарт болып табылады", – деді ғалым.

Жалпы, сайлау – елдің саяси саулығының көрінісі саналады. "Қасіретті қаңтар" оқиғаларын бастан өткерген Қазақстан қоғамы биліктің өзімен санасқанын бар ынтасымен қалайды. Қазақстандықтар мемлекеттің саяси курсын, әлеуметтік, экономикалық саясатын түзетіп отыруға ынтық. Ал бұл сайлау арқылы жүзеге асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу