Сайрамдық кәсіпкердің ұлы имамды ұрып, мұрнын сындырды (Видео)

6190

Түркістан облысы Сайрам ауданында жер дауының салдарынан ауыл имамы таяқ жеп ауруханға түсті.

Сайрамдық кәсіпкердің ұлы имамды ұрып, мұрнын сындырды (Видео)

Көктемде Ақсукент ауылындағы "Қорған ата" мешіті алдындағы баудың өніп тұрған ағаштарын жергілікті кәсіпкер Сейдіғани Ғанитаев кесіп, үй құрылысын жүргізбек болған. Алайда оның бұл әрекетіне мешіт имамы Тойшыбек Ешболатов қарсылық білдірген екен. Бұл кездері мешіт аумағындағы жерлерді заңдастырып, құжатын түгендеп жүрген молда  жердің мешітке тиесілі екенін айтқан көрінеді.  Бірақ ол жердің құжаты қолында барлығын айтқан кәсіпкер, діндардың бұл іске араласпауын ескертіп, қорқытып, қоқан-лоққы көрсетіпті.

Кәсіпкер"Қорған ата" мешітінің имамы Тойшыбек Ешболатовқа: "Полковник, генералдарыңды да алып келе бер. "Нұр Отанға" да бар керек болса. Ол жер менікі, бәрібір мен үй саламын. Бәрін сатып аламын. 45 миллионға ет өткіздім. Ақшам бар", – деген екен.

Екеуара ауыр әңгімеден кейін, имамды кәсіпкердің үш баласы 10 шілде күні үйіне іздеп келіп, отбасының көзінше сабаған. Сондай-ақ молданы таяққа жыққан азамат ол ісін жасырмайды да.

"Үйінің ішінде ме, басқа жерде ме қандай айырмашылық бар? Иә, мен ұрдым. Әкемді ұрды, сосын мен ұрдым. Тұрмыстық жанжал – бұл. Ол имам ба, имам емес пе маған бәрібір",–  дейді кәсіпкердің ұлы Махмуджан Ғайнитаев.

Мешіт имамының сөзіне сенсек, кәсіпкер Сайдіғани Ғайнитаевқа қол жұмсамақ түгілі, сөзге келуден қашқан. Соған қарамастан, таяқ жеп қалыпты.

"Өзім үйден шығып үлгере алмай қалдым. Екі баласы үйіме басып кіріп ұрды ғой.  Қолында киетін темірі бар екен. 2-3 мәрте ұрғанын білемін", – дейді имам.

Ал, Сайрам аудандық орталық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Наурызбай Маматовтың айтуынша, молда ауруханаға орташа ауырлықта түскен. Томографиялық түсірілімдер оның мұрын сүйегінің жылжып сынғанын көрсетіпті. Бұл оқиға бойынша полицейлер қылмыстық іс ашып, тергеу жұмыстарын бастады.

"Сайрам аудандық полиция басқармасына Т. есімді азамат арызданды. Ол өз арызында өзінің үйінің ауласында М. есімді азамат ұрып-соғып дене жарақатын салғанын көрсетті. Аталған жайт бойынша, Қылмыстық кодекстің 107- бабы, 1- бөлігімен тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазірде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде", – дейді Сайрам аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Аманхан Төлегенов.

Ауыл ақсақалдары мешіт маңындағы жерге бақша егіп, одан алынған өнімді сатып, мешіттің құрылысын  жүргізіпті. Артылғанын жетім-жесірлерге таратып отырған екен. Бірақ  2011 жылы бау ішіне сым тартылып қоршалып, баспана құрылысы басталған. Тұрғындар кәсіпкердің бұл жерге қалай құжат алғанын түсінбей дал. Бір қызығы, бұл даудан ауыл әкімдігі бейхабар.

"Бізге, ауыл әкімдігіне бір рет келген жоқ арызданып. Келу керек еді. Заң бойынша құжатын қараймыз. Жұрттан алған адам да бекерден-бекер алмаған болар", – дейді Ақсукент ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Рысбай Тұрабаев.

Десе де, ауыл халқының қарсылығынан, имамды қолдап отырғанынан аяқ тартты ма, әлде басқа жағдайлар әсер етті ме, әйтеуір кәсіпкер Сейдіғани Ғанитаев даулы жерді мешіт меншігіне беруге келісімін берді.

Видео:

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу