Ол әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерін және бапкерлерін марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара барысында облыс әкімі спортшыларды құттықтап, 2025 жылы бокс және каратэ спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарындағы жеңістердің еліміз үшін маңызын атап өткен.
– Сәкен Бибосыновтың халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келе жатыр. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері де атанды. Екі рет әлем чемпионатында топ жарды. Биыл Дубай қаласында өткен әлем чемпионатында 54 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды, – деді Нұралыхан Көшеров.
Сондай-ақ, ол Египетте өткен каратэден әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған Әсел Қанайдың жетістігіне тоқталып, бұл жеңістің айрықша мәнге ие екенін жеткізген. Әсел Қанайдың 2025 жылы өз салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік спортшысына берілетін "Гранд Виннер" атағын иеленуі, сондай-ақ бұған дейін Азия ойындарының қола жүлдегері және Азия чемпионатының жеңімпазы атануы оның жоғары деңгейдегі спортшы екенін дәлелдей түседі.
Облыс әкімі осындай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған бапкерлер мен ата-аналарына алғысын білдіріп, алдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында ел қоржынына медаль салу екенін атап өтті.
Марапаттау рәсімінде каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Қанай және бокстан екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа автокөлік кілті табысталды.
Бұған дейін боксшы Алуа Балқыбековаға автокөліктің кілті табысталған еді.