Сақтандыру компаниялары мемлекеттің бақылауында болады

3954

Президент қол қойған "Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы" заң зейнетақы аннуитетінің азаматтарға қолжетімдігін арттырды.  

Сақтандыру компаниялары мемлекеттің бақылауында болады

Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру нарығын дамыту басқармасының басшысы Сағи Әжібек мәлімдеді, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

Оның сөзінше, бұрын зейнетақы аннуитеті бойынша ең төменгі төлем мөлшері минималды зейнетақыдан төмендемеуге тиіс еді. Қазір төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем болмауы керек.

"Төлемдері кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. Бұл сақтандыру өнімі бойынша азаматтар 45 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады. Төлемдерді ер адамдар – 55, әйелдер – 52 жастан бастап ала бастайды. Биылдан бастап зейнетақы аннуитетінің құны айтарлықтай төмендеді. 2020 жылы 55 жасқа толған ер адамдар үшін зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жеткілікті сома шамамен 11 млн теңге болса, биылдан бастап бұл көрсеткіш 6,7 млн теңгеге дейін төмендеді. Ал 52 жастағы әйелдер үшін жеткілікті сома шамамен 15 млн теңгеден 9 млн теңгеге түсті.  Төлемдері 55 жастан басталатын кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 45 жастан алу үшін ер адамда кем дегенде – 6,1 млн, ал әйелде – 7,7 млн  теңге болуы керек. Осылайша, зейнетақы аннуитеті зейнетақы қорының салымшысына жас және еңбекке қабілетті кезінде зейнетақы төлемдерінің баламалы көзін құруға және зейнетке шыққанда өзін тұрақты төлеммен  қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді басқарма басшысы.

Біле жүріңіз, өмірді сақтандыру компаниясы зейнетақы аннуитеті төлемдерін сақтанушыға өмір бойы ай сайын төлейді және жыл сайын төлемдерді 5%-дан кем емес көрсеткішке көтеріп отырады. Сонымен бірге, зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлем мерзімін орнатуға болады, бұл опция сақтанушы қайтыс болған жағдайда зейнетақы аннуитеті төлемдерін мұрагерлерге беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Сағи Әжібектің сөзінше, қазіргі нарықта 9 компания өмірді сақтандыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Олардың арнайы лицензиясы бар.

"Сақтандыру компаниялары мемлекетің бақылауында болады. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры есебінен зейнетақы аннуитеті төлемдеріне кепілдік беріледі, бұл өмірді сақтандыру компаниясы банкрот болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша үзіліссіз төлемдерді және сақтанушылар алдындағы міндеттемелерді үздіксіз орындауды қамтамасыз етеді", – деді басқарма басшысы.

Оның дерегінше, бүгінгі таңда 61 мыңға жуық адам өмірді сақтандыру компаниясымен жалпы сомасы 283 млрд теңгеге зейнетақы аннуитетінің шартын жасаған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу