"Салафилік синдром Қарқаралығы да жетіпті": Светқали Нұржан моласыз қабірстан көтеріп жатқандарды сынады

12157

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына Қарқаралы ауданында моласыз қабірстан көтеріп жатқандардың видеосын жүктеді

"Салафилік синдром Қарқаралығы да жетіпті": Светқали Нұржан моласыз қабірстан көтеріп жатқандарды сынады Фото: Видеодан алынған кадр

Белгілі ақын Нұржан Светқали Қарақаралы жерінде салафизм ағымының дендеп бара жатқанын сынады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына Қарқаралы ауданында моласыз қабірстан көтеріп жатқандардың видеосын салып, салафилік синдромының асықынып бара жатқанын айтады.

"Міне, соңғы кезде тіпті қабындап бара жатқан салафилік синдромы Қарқаралығы да жетіпті! Қазақ ұлты бейсаналы түрде болса да сол сұмпайылардың ырқына көне бастапты. Ең нәзік салт-дәстүр, ырым-тыйымдарымызды өз қолымызбен тұншықтыруға көшіпті. Мәңгі мекеніміз - қабірімізге дейін қол салыпты! Тұтас ауыл өз ауыздарымен "мола салу - шығын, көпшілікке ауыр тиеді. Адам өлгесін топыраққа айналып кету керек көрінеді" деп пәтуа шығарған, оған бүкіл ауыл көнген, көнген де, моласыз қабірстан салуға көшкен! Мұның арты - баяғы Саудиядағы сықылды сақабалар мен Пайғамбар(сғс) әулетінің бейіттерін қирату сынды үдеріске соқтыруы әбден мүмкін! Олар оны әлдеқашан бастап та кеткен: Бекболат Тілеуханов атты арсыз салафит Атасудағы әкесі Қая (Ғайнідін) Тілеухановтың күмбезін күйретіп тастағанын көзімізбен көргенбіз! Ойлан, қазақ! Молаңа жер жетпей жатыр ма?! Мынау Құдай сыйлаған, әруақты ата-бабаң қорғап аманат етіп кеткен далаңды молаңнан қызғанғанда, - оны қара қытайға сыйламақсың ба?! Көрпеңе қарай көсіліп, ешкіммен бәсекелеспей-ақ "итсарымас" бейітіңе жата алмасаң, қазақтығыңда қандай құн қалады?! Кім келіп басыңа құран оқиды?! Мына ырымың неткен жаман еді?!", - деп жазды Светқали Нұржан.

Белгілі болғандай, видеода жерді қоршаған белгісіз бір топ жергілікті тұрғындарды бейіттің басын көтермей, Сауд Арабиядағыдай тас қоюға үгіттеп жатқаны байқалады.

"Қарқаралының жаңа бейіті басталды. Қайтыс болған адамдардың басы көтерілмейді, тас қана қойылады. 95 жастағы апамыз қайтыс болған екен, ұрпақтары келісті. Басы көтерілмейді, топырақ қана болып қалады. Енді фундамент, тас салынбайды. Жақында заң жүзінде іске асады", - дейді видеодағы ер адам. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу