Салық салу жүйесі өзгереді

5653

Сенат депутаттары екінші оқылымда салықтық әкімшілендіруді жақсарту, оның ішінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды жүзеге асыру мақсатында әзірленген заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Салық салу жүйесі өзгереді

Мәжілістен мақұлданып келген "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына қатысты пікір білдірген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: "Заң қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді және отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін салық пен төлем төлеуді жеңілдетеді", – деді.

Өз кезегінде Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, сенатор Ғұмар Дүйсембаев заң жобасының тұжырымдамасы бойынша ескерту мен ұсыныс болмағанын баяндап, қабылданған құжат елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етуді көздейтінін мәлімдеді. 

Сенатордың сөзінше, мобильді төлем бақылауға алынады. "Пандемия кезінде сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері кәсіпкерлік қызметте жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған жедел мобильді аударымдарды барлық жерде пайдалана бастады. Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында: "Мобильді төлем" түсінігін анықтау, мобильді төлем арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу үшін есеп айырысу кезінде онлайн-бақылау-касса машиналарын қолдануды заңдастыру, кәсіпкерлерді бизнесті жүргізуге арналған жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу, банктерді мемлекеттік кірістер органдарына тиісті мәліметтерді беру ұсынылды", – деді Ғұмар Дүйсембаев. Ал біз Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды тарқатып, түсіндіруге тырыстық. 

Ең төменгі жалақы есептік көрсеткіш ретінде пайдаланылмайды

Қабылданған құжатқа сәйкес, ең төменгі жалақыны айлық есептік көрсеткішке ауыстыру жолымен оны есептік көрсеткіш ретінде пайдалану алынып тасталады. Бұл шешім жеке табыс салығы бойынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны айқындауға қатысты болады.

Қосымша құн салығы оңайлатылған тәртіппен қайтарылады 

Шикізат экспортынан түскен валюталық түсімнің кемінде 50%-ын шетел валютасын теңгеге айырбастауды жүзеге асырған бизнес субъектілері тауарларды экспорттаған кезде 80%-ға дейінгі мөлшерде қосымша құн салығын оңайлатылған тәртіппен қайтару ұсынылады. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін үкімет бекітеді. Бұл түзету экспорттаушыларды Қазақстан Республикасының аумағында валюталық түсімді өткізуге ынталандыру мақсатында енгізіледі.

Цифрлық салық салынады 

Салық кодексінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында тауар сату және қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік интернет-компаниялардың қосымша құн салығын тіркеуі мен төлеуінің оңайлатылған тәртібі қолданылады. Қосымша құн салығын толық және дер кезінде төлеуді қамтамасыз ету үшін "Мерчент ID" ұғымын (төлем жүйелерін пайдалана отырып, шетелдік компанияны төлем немесе ақша аударымын алушы ретінде сәйкестендіретін символдардың бірегей жиынтығын) енгізіледі. Екінші деңгейлі банктер мен төлем жасайтын ұйымдар мемлекеттік кірістер органдарына "Мерчент ID" бойынша шетелдік интернет-компаниялардың пайдасына жеке тұлғалар жүзеге асырған төлемдер мен аударымдар туралы ақпарат беруге міндеттеледі. Ерекше атап көрсетерлігі, интернет арқылы сатылған тауарларға қосымша құн салығы салынады. Цифрлық салық отандық және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік жағдайын теңестіруге мүмкіндік береді. 

Алкоголь өнімінің импортына тосқауыл қойылады 

Заң бойынша отандық өндірушілер үшін акцизден кейінгі төлем енгізіледі. Бұл шара арақ өндірушілерді темекі өнімдері мен сыра өндірушілерімен теңестіреді және екінші деңгейлі банктерден жоғары мөлшерлемемен тартылатын айналым қаражатын босатып алуға мүмкіндік береді. Заңға енгізілген түзету отандық алкоголь өнімін қолдауға және алкоголь өнімінің импортын тежеп ұстауға мүмкіндік береді.

Жекелеген қызмет түрлеріне жеңілдік жасалады 

Сенаторлар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтің жекелеген түрлерін арнаулы салық режимінен және бірыңғай жиынтық төлемнен алып тастау бастамасын мақұлдады.  

Өздеріңіз білетіндей, арнаулы салық режимінің тұжырымдамасы шағын бизнесті қолдауға және дамытуға бағытталған. Алайда бүгінгі таңда арнаулы салық режимі маркетингтік, сауда нарығын жалға алу және пайдалану, жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару, сауда нысандарын қосалқы жалға беру және жалға алынған нысандарды басқару саласында ғана қолданылады. Жоғарыдағы шешім осыған дейінгі олқылықтың орнын толтыруға тиіс. 

Шетелдік тасымалдаушылардан алынатын алым мөлшері артады 

Қолданыстағы салық заңнамасы шағын габаритті фургондарды қозғалтқышының көлеміне қарай салық салуға жататын автокөлік ретінде қарастырады. Бұдан былай шағын және орта бизнестің шығынын азайту үшін салық салу мақсатында шағын көлемді фургондарға 3,5 тоннадан аспайтын жүк көтерімділігіне қарай салық салу тәртібі қолданылаы. Ал Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық қатынаста жолаушы мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік көлік құралдарынан алынатын алым мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. 

Тауар айналымының операциялары есепке алынады 

Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тауар айналымын қадағалауға ықпал етеді. Қабылданған құжат Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімді іске асыруға мүмкіндік береді. Қадағалауға жататын тауарларды және ұлттық бақылау жүйесін пайдалана отырып, тауар айналымына байланысты операцияларды есепке алуды ұйымдастыруға жағдай жасайды. 

Салық тұрақтылығына кепілдік беріледі 

Салық заңнамасының тұрақтылығы кез келген жобаларға, оның ішінде жер қойнауын пайдалануға 10 жыл ішінде инвестиция салған жағдайда, деңгейлес мониторингте тұрған, акцизделетін тауарларды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын және арнаулы салық режимін қолданбайтын экспортқа бағдарланған (көмірсутекті пайдалы қазбалар мен мұнай өнімдерін экспорттаушыларды қоспағанда) тауар өндірушілерге ғана беріледі. Тұрақтылық кепілдігі инвестор мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасау арқылы 10 жыл мерзімге белгіленеді. Тұрақтылық қосымша құн салығына, төлем көзінен ұсталатын салыққа, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақыға, сондай-ақ салықтарды әкімшілендіру мәселесіне қолданылмайды.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу