Салық саясатына байланысты қай салалар тәуекел аймағында тұр

823

Жаңа Салық кодексінің нақты әсері келесі жылы белгілі болады. 

Салық саясатына байланысты қай салалар тәуекел аймағында тұр Фото: ЖИ

Қазақстанда салық реформасына қатысты талқылаулар әлі де жалғасып жатыр. Жаңа өзгерістер бизнес ортаға қалай әсер етеді, қай салалар тәуекел аймағында тұр және кәсіпкерлер қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Осы тақырыпқа байланысты салық кеңесшісі Рита Еспенбетованың пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Салық саясатының өзгеруіне байланысты бүгінгі таңда қай салалар ең осал болып отыр?

Бірінші кезекте B2B сегментіндегі шағын бизнес (қызмет көрсету және сауда саласы). Шағын компаниялар ірі серіктестермен жасалған келісімшарттарынан айырылды. Себебі ірі бизнеске оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін серіктестермен жасалған операцияларға жұмсалған шығындарды шегерімге жатқызуға тыйым салынды. Салдарынан жеңілдетілген салық режимін қолданған жағдайда, ірі компаниялардың өз контрагенттеріне жаппай келісімшарттарды тоқтату туралы хабарлама жібергенін байқадық.

Бұдан бөлек, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегінің екі есеге – 10 мың АЕК-ке (43,25 млн теңгеге жуық) дейін төмендеуі өсіп келе жатқан кәсіпкерлерді жалпы салық режиміне көшуге мәжбүрлеп жатыр. Олар 16% ҚҚС мөлшерлемесін тауарлар мен қызметтердің бағасына қосуға мәжбүр болады, бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне және сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеледі.

ҚҚС бойынша тіркеу шегінің 10 мың АЕК-ке (шамамен 43 млн теңге) дейін төмендеуі қызмет көрсету саласына түсетін салық жүктемесін арттырды. Бұл салада әдетте "кіріс" ҚҚС болмайды. Консалтинг, заң және аудит компаниялары сияқты экономиканың елеулі бөлігі болып саналатын секторларда енді табыстың қосымша 4 пайызын ҚҚС түрінде бюджетке төлеуге тура келеді.

Креативті индустрияға да айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұрын мобилографтар, сценаристер, SMM мамандары мен жарнама агенттіктері оңайлатылған режимде жұмыс істеп, төлем қабілеті бар бизнеске қызмет көрсете алатын. Қазір бұл мүмкіндік шектелген. ОКЭД критерийлерінің қатаңдатылуы және тыйым салынған тізімдер бұл сектордағы көптеген шағын бизнес түрлерін "жеңілдетілген режимді" қолдану құқығынан айырып, олардың салықтық және әкімшілік жүктемесін арттырды.

ҚҚС пен корпоративтік табыс салығы бойынша 100% салықтық жеңілдігі болған медициналық және әлеуметтік ұйымдардың да жағдайы қиындады. Жаңа кодекс оларға дифференциалды корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесін енгізді: 5%, кейін 10%-ға дейін өсетін деңгейде, сондай-ақ ҚҚС-ты бірнеше мөлшерлемемен (0%, 5% және 16%) қолдануды қарастырды. Бұл олардың салықтық және әкімшілік жүктемесінің айтарлықтай өсуіне әкелді.

– Салық реформасы компаниялардың қызметін тоқтату және банкроттық жағдайларының артуына әсер етті деп айтуға бола ма? Басқа тағы қандай факторлар ықпал етіп жатыр? Қанша компания өз жұмысын тоқтатты немесе уақытша тоқтатқан? Бұл уақытша құбылыс па, әлде ұзақ мерзімді үрдіс пе?

Салық органдарының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 207 912 жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан. 2025 жылдың аталған кезеңінде – 82 874, 2024 жылы – 125 093. Нақты бағалау жүргізу үшін олардың жабылу себептерінің базалық деңгейін ескерген маңызды. Орта есеппен алғанда, 2024-2025 жылдардың бірінші тоқсандарында бұл көрсеткіш шамамен 104 мың жеке кәсіпкерлік болған. 2026 жылдың 1-тоқсанында 207,9 мың жеке кәсіпкерлік жабылған, яғни көрсеткіш шамамен екі есе артқан.

Сонымен қатар қызметін уақытша тоқтатқан бизнес субъектілерінің саны да артқан: 2026 жылдың 1-тоқсанында осындай 62 557 дерек тіркелген, 2025 жылдың осы кезеңінде – 25 561 болса, 2024 жылы – 29 690. Яғни, статистика елдегі салық реформасының бизнес субъектілерінің санына теріс әсер еткенін көрсетеді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілдері бұл жағдайды нарықты біркүндік фирмалардан және салықтан жалтару үшін бизнесті бөлшектеу схемаларын қолданған құрылымдардан "тазарту" процесінің заңды нәтижесі деген пікірде. Екінші жағынан, қысқа және орта мерзімді перспективада, яғни 1-3 жылда номиналды және маржиналды бизнес түрлерінің азаю үрдісі жалғасуы ықтимал, өйткені шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық әкімшілендірудің күрделенуі, тұтынушылық сұраныстың тарылуы және жаңа салық мөлшерлемелері жағдайында бейімделуге тура келеді.

Меніңше, жаңа Салық кодексінің әсерінің нақты ауқымын келесі жылы ғана толық бағалай аламыз. Бұл кезде қызметін тоқтатуды жоспарлағандар жабылады, бизнес үшін қолайлы басқа юрисдикция іздегендер өз ісін бейімдейді, ал жаңа шарттарға келісетіндер барлық тәуекел мен мүмкіндіктерді таразыға салып, Қазақстанда жаңа ережелер бойынша жұмысын жалғастырады.

– Қазіргі салық жүйесі кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыра ма, әлде керісінше тежей ме? Соңғы өзгерістер кейбір компаниялардың "көлеңкелі экономикаға" кету қаупін тудыра ма?

Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру туралы айту қиын, соңғы уақытта біз тек салық жүктемесінің артуын, бизнес міндеттемелерінің көбеюін және әкімшілендірудің қатаңдауын көріп отырмыз. Бірнеше жыл бұрын қоғамда "неге әлі жалдамалы жұмыста жүрсің, өзіңе жұмыс істеген дұрыс" деген тренд болса, енді мұндай риторика сирек естіледі, себебі кейде "жалдамалы жұмыста жүру анағұрлым қауіпсіз" деген де бар.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты салық талаптарының қатаңдауы шағын кәсіпорындардың заңды қызметін рентабельділіктің шегіне дейін жеткізіп отыр. Сол себепті бизнестің "көлеңкелі" аймаққа кетуі (қолма-қол есеп айырысу, жалақыны "конвертпен" беру және т.б.) мүмкін деп ойлаймын. Көптеген дүкенде қолма-қол ақшамен есеп айырысуға деген сұраныстың артқаны байқалады.

– Салық реформасының Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді әсерін қалай бағалайсыз?

Бағалау қиын, қазір Жобалық офис жұмыс істеп тұр. Ол Кодекстің енгізілген нормаларынан туындаған ең өзекті және күрделі мәселелерге жедел жауап беру мақсатында бейімделу кезеңінде жұмыс істеп отыр. Яғни, бүгінгі таңда Салық кодексі мен Қазақстан Республикасының заңнамасына әлі де түзетулер енгізілетіні, ал ең маңызды мәселелер назарға алынып, өз шешімін табатыны айтылған.

Реттелмеген мәселелердің бірі – мемлекеттік сатып алулар. Егер жеткізуші жеңілдетілген салық режимін қолданатын болса, оны қабылдаудан бас тарту мүмкіндігі жоқ. Бір қызығы, бюджеттен қаржыландырылатын квазимемлекеттік сектор кәсіпорны, мысалы, мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша осындай жеткізушімен келісімшарт жасауға міндетті болады. Ал ол жеткізушіге жұмсалған шығындар шегерімге жатпайды, қосымша корпоративтік табыс салығы есептеледі, сол шығындарды жабу үшін мемлекеттен қайта қаржыландыру сұралады, кейін ол қаржы қайтадан бюджетке қайтарылады. Ал статистика болса "оң" көрсеткіш ретінде көрінеді…

– Қазақстанда корпоративтік табыс салығы, ҚҚС және салық есептілігіне қатысты өзгерістер талқыланып жатыр. Қазіргі уақытта мемлекет пен бизнес арасында үлкен сұрақ тудырып отырған негізгі өзгерістер қандай?

Жаңа ережелер күшіне енді, ал салаға қатысты нақты мәселелер қазір Жобалық офисте талқыланып жатыр. Әзірге корпоративтік табыс салығы, ҚҚС және салық есептілігіне қатысты ауқымды өзгерістер енгізілетіні жөнінде мәлімдеме жасалған жоқ. Меніңше, біз бизнес өкілдерінің енгізілген өзгерістерге реакциясын бақылау кезеңінде тұрмыз.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу