Салық төлеушілердің өсімпұлы 7,5 млрд теңгеге жетті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7919

Жеке тұлғалар төлемеген салықтың жалпы сомасы 26,9 млрд теңгені құрап отыр.

Салық төлеушілердің өсімпұлы 7,5 млрд теңгеге жетті

Бірінші қазанға дейін 2017 жылғы  салық қарызын, ал 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін көлік салығын төлеу қажет.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті "2018 жылдың 1 қазанына дейін жер мен мүлік салығын төлемеген тұлғаларға банктердің бірде бір қызметі көрсетілмейді" деген ақпаратты жоққа шығарып, ресми хабарлама таратты.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде салық берешегі бар жеке тұлғаларға 2018 жылдың 1 қазанынан бастап барлық банктік қызметтерді алуға мүмкіндік берілмейтіні туралы бұрыс ақпарат таратылуда. Осыған орай мемлекеттік кірістер комитеті аталған ақпаратты жоққа шығарады және келесіні түсіндіреді. Жеке тұлғалардың 2017 жылдың мүлік және жер салықтары бойынша міндеттемелерін орындау мерзімі 2018 жылдың 1 қазанында өтеді. Жоғарыда көрсетілген мерзімде салық төленбеген жағдайда жеке тұлғада берешек пайда болады, ол сомаға күнде өсімпұл есептеледі", – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Хабарламада 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген салық кодексінде салық берешегі мен әлеуметтік төлемдер бойынша қарызы бар салық төлеушілерге банктердің қызмет көрсетпеу құқы нақтыланғаны жазылған. Бұл мәселе салық кодексінің 24 бабының 15 тармақшасының төртінші азат жолында көрсетілген.

"Аталған норма мемлекеттік бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға арналған банктік шоттарға, "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" ҚР заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы банктік шоттарға таратылмайды. Мұндай тұлғалардың салықтық берешегі болса да, банк оларға шот ашып береді", – деп түсіндірді мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Айтпақшы салық төлеушілер салықтарының төленген, төленбегеніне қатысты мәліметті мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz интернет ресурсы мен "Электронды үкімет" порталынан онлайн-режимде біле алады. Бұл үшін салық төлеуші жоғарыдағы сайттарға ЖСН-ын енгізуге тиіс. Сол кезде салық берешегінің бар немесе жоқ екені анықталады.

Енді, халық неге дүрлікті, бұл ақпарат қайдан шықты, қате қай жерден кетті деген мәселеге тоқталайық.

2018 жылдың 1 қазанына дейін жер мен мүлік салығын төлемеген тұлғаларға банктердің қызмет көрсетпейтіні және салық міндеттемесі орындалмаған әр күнге 1,25 есе өсімпұл қойылатыны туралы ақпаратты Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы таратты. Басқармадағылар өздері көрсеткен мерзімге дейін 2017 жылғы салық төленуге тиіс екенін нақтылаған жоқ. Қате осыдан кетіп, халық осыдан дүрліккен болу керек. Орай келіп тұрғанда қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің 1 тамыздағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың төленбеген салығына қатысты мәліметімен бөлісейік.

Комитеттің дерегінше, ел азаматтары бюджетке 19,4 млрд теңге қарыз.

"2018 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, жеке тұлғалардың төленбеген салығының жалпы сомасы 19,4 млрд теңге. Уақытында төленбегендіктен, есептелген өсімпұл сомасы 7,5 млрд теңгеге жетті. Негізгі қарыз бен өсімпұл қосылғанда жеке тұлғалардың салық берешегінің жалпы сомасы 26,9 млрд теңгені құрап отыр", – деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Салық төлеуден жалтарып жүрген 212 180 жеке тұлға Алматы облысында, 209 239 жеке тұлға Түркістан облысында, 137 574 жеке тұлға Астанада, 127 219 жеке тұлға Алматыда,120 016 жеке тұлға Жамбыл облысында тұрады.

"Жеке тұлғалардың көлік салығы 20,2 млрд теңге немесе салық берешегінің жалпы соммасының 75,1%-ын құрайды. Соңғы мәлімет бойынша 842 213 адам көлік салығын төлемеген", – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу