Салық жинаушылар кәсіпкерлерді мәдениетке үйретпекші

Саяжан Каукенова Саяжан Каукенова
15094

Мемлекеттік кіріс комитеті салық төлеушілермен арадағы қарым-қатынасы жаңа компьютердің арқасында жақсарады деп үміттенеді. 

Салық жинаушылар кәсіпкерлерді мәдениетке үйретпекші

Еліміздің салық қызметі отандық кәсіпкерлерге серіктес болуды қалайды. Осы мақсатына жету үшін мемлекеттік кіріс комитеті салық төлеу мәдениетін дамытуға бағытталған үлкен іс атқаруды жоспарлап отыр. Мекеменің түсіндіруінше, салық төлеушілердің салық төлеудің түрі мен әдісінен хабардар болу деңгейі, мемлекеттік салық қызметінің жұмысына көңілі толуы және салықты ерікті түрде төлеу деңгейінің өсуі – қоғамдағы салық мәдениетінің негізгі көрсеткіші болмақ. "Аталған көрсеткіштердің жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің электрондық форматқа және онлайн-тәртіпке көшірілген түрлерін арттырудамыз. Осылайша, салық төлеушінің мемлекеттік кіріс қызметкерімен байланысын мейлінше азайтып, олардың уақыты мен қаржылық шығындарын айтарлықтай үнемдейміз", – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-маслихатында мемлекеттік кіріс комитеті даму және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов. Оның мәлімдеуінше, бүгінде салық қызметінің 25-ін –электронды  түрде, оның 24-ін "Үкімет азаматтар үшін" қосымшасы арқылы алуға болады.

Салық мекемесі ұсынатын барлық қызметтің 87%-ы электронды түрде атқарылады. Оның ішінде салықтық есебі бойынша қызмет ең көп сұранысқа ие. Ержан мырзаның айтуынша, олар мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Кіріс комитеті кәсіпкерлермен "тіл табысуға" барлық күш-жігерін салуда. Салық комитетіндегілердің ойынша, Дүниежүзілік банк есебінен сатып алынған жаңа компьютер мен салық қызметінің бағдарламасы бұл мәселені шешуге тиіс. Жаңа техника үздіксіз жұмысты қамтамасыз етіп, есеп беруші кәсіпкерлердің көңіл-күйін бұзбайды.

Мемлекеттік кіріс комитетіндегілер есеп тапсыру кезінде қиындықтардың әлі кездесетінін жасырмайды. Мұндай "әттеген-айлар" екі жақтан да бар – салық қызметі жағынан да, салық төлеушілер тарапынан да. Егер бірінші жағдайда "дауға" біліктілігі төмен қызметкерлер себеп болса, екіншісінде есебін тапсыруды соңғы күнге дейін созып жүріп алатын салық төлеушілер кінәлі.

"Бізде маман мәселесінде қиындық бар. Төменгі деңгейдегі аудандық бөлімшелердің қызметкерлері 70 мың теңгелік айлығы  үшін күні бойы есеп қабылдайды, содан кейін оны компьютерге енгізеді. Олар кешкі 9-10-ға дейін жұмыс істейді. Жұмыс көбейгенде түскі ас уақыты да қысқарады. Адамдар шыдамайды, кейде олардың біліктілігі әлсіз болады. Мұндай қиындықтардың бар екенін білеміз және ішкі ресурстарды пайдаланып, сыйақы төлеп, ынталандыруға тырысамыз. Ия, мұндай қиындық бар",  деп мойындады Біржанов.  Алайда, компьютермен және арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілген соң қиындықтар азайып, "жұртқа салықтық есеп тапсыру оңайырақ болады" деп үміттенеді департамент басшысы.

"Біздегі тағы бір мәселе халықтың есепті соңғы күні өткізетіндігінде болып тұр. Олар есепті айдың 20-сы мен 31-і аралығында тапсырады. Қанша рет хабарлап, тіпті кейбір мемлекеттік органдарда өз жұмыс орындарымызды белгілеп, кезең-кезеңге бөлуді ұсыныс еткенімізбен,  соңына дейін созып, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпорындар есеп тапсыратын 31-і күні  келеді. Әрине, жұмыстың көбі соңғы аптада жасалатындықтан, кедергілер ұшырасады. Қазір бұл кедергілерді азайтып жатырмыз", – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, департамент директоры ақпараттық технология заманында салық төлеушілер тарапынан сұраныстарының да өскенін айтады. Салықтық есепті онлайн-тәртіпте беру, әрине, жақсы. "Салық төлеушілердің саны артып келеді. Олардың қажеттіліктері де өсуде. Қазір салық төлеушілер салықтық есепті смартфон арқылы тапсырғысы келеді. Алайда, қолданыстағы технологиялар оған мүмкіндік бермейді. Себебі, жалпы мемлекеттік қауіпсіздік жүйесі, басқа да шектеулер бар", – деп түсіндірді Ержан Біржанов.

 Саяжан Каукенова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу