Салықтың бір бөлігі жергілікті бюджетте қалу керек

Қажет Андас Қажет Андас
1838

Кәсіпкерге қатысты жүргізілетін 28 мың бақылау-қадағалау қызметінің үштен екі бөлігі қысқартылады.

Салықтың бір бөлігі жергілікті бюджетте қалу керек

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Жетісу өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында жергілікті кәсіпкерлермен кеңес өткізді.

Басқосу барысында төралқа төрағасы ұлттық палатаның басты бағыты мен  міндетін және алдағы мақсаты мен мұратын тілге тиек етті. Ол "Атамекен" КҰП кәсіпкерлердің құқығын қорғауға ерекше басымдық беретінін атап көрсетті.

"Әкімдіктер мен мәслихаттар осы жерде салық салынатын негізді құру үшін кәсіпкерлердің мәселесімен айналысады. Ал "Атамекен" бизнес пен жергілікті атқарушы орган арасындағы байланысты қамтамасыз етеді", ­– деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасының айтуынша, жергілікті атқарушы органдар сатып алуларды жүзеге асырып жатқанда өңірлік өндірушілерге басымдық таныту керек.

Осы тұрғыдан алғанда Алматы облысының әкімдігі бизнеспен бірлесе отырып, бірқатар тыңғылықты шара атқарып отыр. Соңғы 3 жылда Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы  өңір кәсіпкерлерінің 1 млрд теңгеге жуық ақшасын даулаған. Өткен жылы облыстық палатада 319 өтініш тіркеліп, олардың 70%-ы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Бұл жетістікті жоғары бағалаған Тимур Құлыбаев Текелі қаласында салынған автожолды мысалға келтірді. Бұл жол 7 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген, сапасы жағынан шет елдің танымал компанияларынан кем түспейді. Осы жұмыс отандық өндірушілерге сенім білдіруге болатынын көрсетеді. Әсіресе туризм саласын дамыту жетісу кәсіпкерлері үшін ұтымды бизнес түрі саналады. Алайда саланың дамуына бірқатар мәселердің шешілмеуі кедергі болып отыр.

"Қазіргі таңда туризм саласында тыңғылықты әзірленген жоспар болуы керек. Ол жоспарда туристік нысандар, жобаны іске асырудың уақыты мен кезеңдері нақты көрсетілуі тиіс. Мысалы, қазіргі таңда Алакөлге қажетті инфрақұрылым әзірленді, жол жөнделді, Үшарал әуежайы іске қосылады. Жалпы, бұл аудан туризмді дамытуға дайын екенін көрсетіп отыр. Сонымен бірге, облыс таулы табиғатымен ерекшеленеді. Сондықтан осындай жоспарларды іске асыру үшін біз өзіміздің шынайы мүмкіндіктерімізді анықтап алуымыз қажет", – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

 Облыс басшысының сөзі көңіліне қонған төралқа төрағасы: "Жалпы инфрақұрылымды әзірлеу арқылы біз ішкі туризмді дамытамыз, қаржының аймақ экономикасына құйылуына жағдай жасаймыз. Егер біз қызмет көрсету, тамақтандыру, жол бағыты мен нысандарды анықтап алсақ, ертең-ақ сіздерге туристер толассыз ағылады", –  деді.

Айта кетейік, 2014 жылы Алматы облысында өңірде туризмді дамытудың жоспары бекітілді. Кәсіпкерлердің қатысуымен визит-картасы және туризмді дамытудың жол картасы іске қосылды. Ал өткен жылдан бастап облыстың басты көрікті жерлері мен тартымды туристтік нысандары, тұрғын-жайлар туралы тың ақпараты бар жаңа портал жұмыс істей бастады.

Қазіргі таңда "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы атқарып жатқан тағы бір жұмыс салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі.

Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Елбасының қолдауымен "Атамекен" КҰП адал кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне оңтайлы жағдай туғызу үшін бар мүмкіндікті пайдаланып жатқанын жеткізді.

"Біз салық әкімшілігіне қатысты мәселелер туындайтынын кәсіпкерлерден келетін көптеген өтінімнен байқадық. Кәсіпкерлерді заңсыз тексерулерден, салық органдарының сотында немесе басқа да сотта өз мүдделерін қорғау қажеттілігінен шектеу керек. Осы мақсатта министрліктерге өз ұсынысымызды бердік", – деп нақтылады Тимур Құлыбаев.

Шағын және орта бизнеске салынатын салықтың бір бөлігі жергілікті бюджетте қалуы керектігі де жиналыста көпшіліктің талқысына салынды. Дәл осындай әрекет арқылы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ынталандыруға болады. Егер салықтың бір бөлігі жергілікті бюджетте қалатын болса, жергілікті органның жұмыс ауқымын ұлғайтуға қызығушылығы туындайды. Содан кейін өңірлерде шағын және орта бизнеске жағдай жасау мәселесі қолға алына бастайды.

Жұмыс сапарының бұдан өзге де маңызды тұстары көп болды. Төралқа төрағасы жергілікті жердегі кәсіпкерлермен бетпе-бет отырып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныстарын біліп қайтты.  

Бүгінде Алматы облысында кәсіпкерліктің 118 мың субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде 97 мыңы, яғни 82%-ы ауылдық жерде. Осы жағдайды ескерген Тимұр Асқарұлы өңірлік палата өкілдеріне отандық тауар өндірушілердің тізімін дайындап, тапсырыс жасағанда өңірлік және жергілікті өндірушілерді ерекше назарға алу қажеттігін айтты.  

"Атамекен" отандық тауар өндірушілерге барынша қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту тапсырмасын берді, әрине бұл үдеріс отандық тауар өндірушілер арқылы жүргізіледі. Кез келген инвестор нысан ашқан кезде, отандық өндірушіге айналады. Осылайша жұмыспен қамту мәселесі шешіледі және салық аударымы ұлғаяды", ­– деді Тимур Құлыбаев.

Оның сөзінше, КҰП ҚР Бас прокуратурасымен мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін азайтуға қатысты маңызды жұмысын жалғастыра береді.

"Кәсіпкерге қатысты жүргізілетін 28 мың бақылау-қадағалау қызметінің үштен екі бөлігі қысқартылады, қалғаны, бизнес мүддесіне әкімшіліктендіріледі. Біз адал кәсіпкердің мемлекеттік саясаттың ортасында болғанын қалаймыз. Адал кәсіпкер мемлекеттің қамқорлығына алынуы керек. Мұндай кәсіпкерге баспасөздің де, қоғамның да айрықша назары аударылуы тиіс", ­– деді Тимур Құлыбаев.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу