Салықтың салмағы артса да бюджеттің шығыны жабылмай отыр

184

Алмақтың да салмағы бар дегендей, үкіметтің жұмысында халықтан жиналған салықтың маңызы өте ерекше, яғни, жиналған қаржыны ұтымды жұмсау жағын меңзеп отырмыз. 

Салықтың салмағы артса да бюджеттің шығыны жабылмай отыр Фото: istockphoto.com

Салықтан түскен қаражат елдің әлеуметтік төлемдері, инфрақұрылым, білім беру секілді салаларына бағытталғаны абзал. Осы тұста салықтан түскен қаржы қалай жұмсалып жатқаны жөнінде заңды сұрақ туындайды.

Қаржы министрлігінің биыл 1 сәуірдегі есебіне сенсек, 7,27 трлн теңге кірістің 6,98 трлн теңгесі салықтық түсімдерге тиесілі. Негізі Қазақстанда бюджетті толықтыру көздері жеткілікті, тіпті көп десек болады. Табыс салығы, қосылған құн салығы, бизнеске салынатын салықтар, жер қойнауын пайдаланушылардың төлемдері бар.

Бір қарағанда салық жүйесі толық түсінікті сияқты көрінеді. Бірақ бұл жерде де экономикалық шарттар өте көп. Мысалы, компаниялар қосылған құн салығын төлейді. Алайда оны өз қалтасынан емес, тауарының бағасына қосып, тұтынушының қалтасынан шығарады.

Әзірге елімізде жеке табыс салығы – 10%, ҚҚС – 16%, корпоративтік табыс салығы – 20%. Көптеген елдермен салыстырғанда салыстырмалы түрде қалыпты деңгей.

– Жасырын салықтарға зейнетақы жарналарын жатқызуға болады. Олар 10%-ды құрайды, жеке табыс салығымен бірдей жүк. 2 пайыздық міндетті медициналық сақтандыру жарнасы бар. Алайда міндетті төлемдердің бір бөлігі жұмыс берушіге де жүктеледі, әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдар, жиынтығы шамамен 11%. Оған қоса 5 пайыздық жұмыс берушінің зейнетақы жарналары бар, – дейді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Енді негізгі сауал: қаражат бюджетке түскеннен кейін қайда бағытталады? Биыл 1 сәуірдегі шоғырландырылған бюджеттің орындалуына қарасақ, кірістер – 7,27 трлн теңге болса, шығыстар – 7,29 трлн теңге.

Шығыстың көбі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға кеткен. Үш ай ішінде бұл салаға 1,84 трлн теңге бағытталған. Бұған зейнетақылар, жәрдемақылар, түрлі төлемдер кіреді.

Екіншісі, білім беру саласы – 1,46 трлн теңге. Бұған мектептер, университеттер, мұғалімдердің жалақысы және инфрақұрылым шығындары жатады. Шығыстардың елеулі бөлігі мемлекеттік қарызды өтеуге де жұмсалған екен – 1,19 трлн теңге.

Ал денсаулық сақтау саласына тікелей бюджеттен бөлінетін шығыс шамамен 101 млрд теңге болыпты. Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын (929,9 млрд теңге) қоссақ, трилионнан асады.

Қомақты қаражат экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға бағытталады екен. Көлік және коммуникациялар – 386,9 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 377,7 млрд теңге, ауыл шаруашылығы – 415,3 млрд теңге.

Жекелеген шығыс блогына қауіпсіздік саласы кірген. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 394,3 млрд теңге жұмсалса, қорғанысқа – 282,8 млрд теңге. Жалпы алғанда, Қазақстан бюджеті әлеуметтік бағытқа ие модель қалыптастырып отырғанын аңғардық.

Биыл алғашқы 3 айда 6,98 трлн теңге салық түсімдері болды деп қуанғанымызбен, бюджет тапшылығы әлі бар. Әзірге тапшылық 593,7 млрд теңгені құрап отыр. Себебі қарапайым — шығыстар құрылымдық тұрғыдан кірістерден жоғары.

Осындай кезде мемлекет амалсыз жана тәсілдерге, яғни қосымша салықтарға жүгінеді. 16 пайызға артқан қосылған құн салығы да осы амалдың көрінісі іспетті.

– Мүлік пен сән-салтанат заттарына салық салу бағытында әлі де қосымша мүмкіндік бар. Мұны резерв ретінде қарастыруға болады, өйткені мүлік салығының параметрлері ұзақ уақыт бойы қайта қаралған жоқ. Соңғы қадам ретінде құны 450 млн теңгеден асатын нысандар үшін жоғары мөлшерлеме ғана енгізілді, – дейді сарапшы Айдар Масатбаев.

Сонымен, салық ел экономикасын қолдаудың негізгі құралы болып қала бермек. Дегенмен оны ұтымды жұмсау, салаларды дамыту секілді жайттар үкімет назарынан тыс қалмағаны жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу