Самар ауданындағы орта мектептің қазандығы қаусап тұр

1538

Мектепте басқа балама жылту көзі жоқ. 

Самар ауданындағы орта мектептің қазандығы қаусап тұр Фото: inbusiness.kz

Шығыс Қазақстандағы Самар ауданы Мариногорка орта мектебі жылыту маусымына әлі дайын емес. Белгілі болғандай, білім ошағының жылу қазандығы апаттық жағдайда. Әбден тозығы жеткен қазандықты жуықта көріп қайттық. 

Мектептің жылыту қазандығы білім ордасының бір бөлігіне салынған. Айналасы қара күйе болған нысанның ішіндегі қазандықтың есігі бөлініп, қабырғалары қираған. Оны балшықпен қайта сылап қойған. 

Қазандық тұрған нысанның ішін аралап едік, қауіпсіздік талаптары да сақталмаған. Тіпті ошақ жағушының отыратын бөлмесінің өзі қара күйеден көз ашпай тұр. 

– Қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Құзырлы органдардың ұйғарымы бар. Оны орындаймыз. От жағу маусымы 15 қазаннан басталады. Оған дейін қазандықтың жөндеу жұмыстарын аяқтайды. Осыған дейін қазандықты ағымдағы жөндеу 2011 жылы жүргізілді, 1 сорғы мен 1 қазандық ауыстырылды. Кейін 2021 жылы да 1 сорғы мен 1 қазандық ауыстырылды, – дейді Самар аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметінен. 

Мәселе осыған дейін талай айтылған. Бірақ қаржы бөлінбей келген. Шарасыз ескі қазандықтарды биыл қайта іске қосуға тура келеді, себебі мектепте басқа балама жылту көзі жоқ. 

Қазандық тұрған нысанмен қабырғалас бірнеше сыныпқа түтін кіреді екен. Оқушыларға иіс тиіп қалмауы үшін мектеп басшылығы аталған сыныптарды уақытша жабуға шешім қабылдаған.

– Өткен оқу жылында 3 оқу кабинеті жабылды. Қазандықты жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін кабинеттерді ашу жоспарланып отыр. 2023 жылы қазандықты мектеп ғимаратынан шығаруға ақшалай қаражат бөлінбеді. 2024 жылы мектептен бөлек шығару жоспарланып отыр. Бұл мәселені шешуге 80,3 млн теңге сомасына сметалық есеп жасалды, – дейді аудандық білім бөлімі. 

Білім бөлімінің ақпаратына сүйенсек, қазандықты жөндеуге биыл 4 млн теңге қаржы бөлінген. 

– Қазандықты жөндеуге биыл 4,2 млн теңге қаржы бөлінді. 15 қазанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтауымыз керек. Жөндеу жұмыстарына сорғыны, қазандықтың отқа төзімді кірпіштерін ауыстыру, желдету жүйесін ауыстыру, сонымен бірге сыртқы сору құбырын жөндейміз. Ағымдағы жөндеуге бөлінген қаражат жеткілікті, – дейді білім бөлімінің баспасөз қызметінен. 

Айта кетейік, Мариногорка орта мектебі 1977 жылы салынған. Жарты ғасырға жуықтаған білім ордасына осыған дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мектептің сырты да тозып тұр. Былтыр мектептің бірінші қабатының терезелері ауыстырылған. Бірақ мердігер кейбір терезелердің жақтауларын дұрыс жаппаған. 

– Мектепте барлығы 104 оқушы бар. 2023 жылы мектеп ғимаратының бірінші қабатындағы терезелері ауыстырылды. Бұл мақсатта 16 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігер – "Медина" ЖК. Құрылыс жұмыстарына қатысты кемшіліктер 2023 жылдың соңына дейін жойылады, – дейді білім бөлімі. 

Аталған білім ошағында көмір сақтайтын қоймасы да жоқ. Көмірді мектептің артына ашық жерге сақтауға мәжбүр.  

Ауылдың тұрғындары да мектептің жылу қазандығы мәселесінің жылдам шешілуін талап етіп отыр. Себебі аудан былтырға дейін Көкпекті ауданының құрамында болғандықтан мәселе аудан көлемінен ары аспапты. Мәселе келесі жылға дейін толық шешілмесе, қазандық келер жылға толық жылу беруге жарамауы ықтимал. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу