"Самұрық-Қазына" қоры тиімсіз сатып алуларды 41%-ға қысқартты

2911

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры қоры тиімсіз сатып алуларды 41%-ға қысқартып, бәсекелі ортаға шамамен 400 млрд теңге бағыттады. 

"Самұрық-Қазына" қоры тиімсіз сатып алуларды 41%-ға қысқартты

Бұл туралы қордың сатып алулар әдістемесі секторының басшысы Юлия Архипова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол сатып алу тәртібі жаңа редакцияда қабылданғанын атап өтті.

"Енді сатып алу тек бір құжаттың негізінде жүргізіледі. Оны Қаржы министрлігімен келіскеннен кейін қордың директорлар кеңесі бекітеді. Бұл құжат тікелей әрекет етуге мүмкіндік береді, әрі онда басқа құжаттарға қандай да бір сілтеме жоқ", – деді Юлия Архипова "Самұрық-Қазына" қорында өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қор бүгінде уәкілетті органдармен "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр.

"Онда сатып алу тәртібін міндетті түрде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу ережесі енгізу көзделеді", – деді басшы.

Юлия Архипова сатып алуды жүзеге асыруға енгізілген өзгерістердің арасында сыбайлас жемқорлықпен күрес те барын жеткізді.

"Бірінші блок – сатып алудың ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту. Осыған дейін мен барлық сатып алу енді бір құжат негізінде жүргізілетінін, ол тікелей әрекет етуге мүмкіндік беретін құжат екенін айттым", – деді басшы.

Ол бәсекеге қабілетсіз тәсілдермен жүзеге асырылатын сатып алуларды қысқарту шеңберінде қандай жұмыстар жүргізілгеніне тоқталды.

"Біз тиімсіз сатып алуларды 41%-ға қысқарттық. Нақты айтсам, 2021 жылы 34 негіз болса, оны 20-ға дейін азайттық. Бұл бізге 2022 жылы бәсекелі ортаға шамамен 400 млрд теңге бағыттауға мүмкіндік берді", – деді Юлия Архипова.

Сондай-ақ басшы бір көзден сатып алу мәселесі туралы айтты.

"Қордың компания тобы арасында жүзеге асырылатын бір көзден сатып алуды қысқарту бойынша жұмыс Қаржы министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп жүргізіледі. Алайда бұл жұмыс жоспарлы түрде жүргізілетінін атап өткім келеді. Себебі қордың әлеуметтік жауапкершілігі бар. Бізде өндірісте 250 мыңға жуық адам еңбек етеді", – деп түйіндеді сөзін Юлия Архипова.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу