"Самұрық-Қазынаның" бұлыңғыр тендерлерінің "былықтары" ашылуда

3167

Үкімет ұлттық әл-ауқат қоры мен оның ұлттық компанияларының сатып алуларын тәртіпке келтіріп, реформа жасап жатыр. Жаңалығы жетерлік, мысалы, қордағы холдингішілік сатып алулар жойылмақ.

"Самұрық-Қазынаның" бұлыңғыр тендерлерінің "былықтары" ашылуда

Біраз жылдан бері бизнесмендер қор, ұлттық компаниялар тендерлерінің көлеңке тұсы көп екеніне назар аудартып келді. Оған жауап ретінде бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылады. Шағымдар нақты, ал дәйектемелер жалпылама. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын сатып алулар қағаз форматта өтетін. Салдарынан, қатысушылар үшін де, қоғам үшін де конкурстық комиссия қабылдаған шешімдерінің қаншалықты орынды екені жұмбақ болды.

Жасыратыны жоқ, ұлттық компаниялар конверт ашып, жеңімпазды анықтау рәсіміне жеңілуге тиіс компанияның өкілін әдейі жібермей қоятын. "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, ол тәсіл жанама жолмен жүреді. Сатып алу қорытындысы жарияланатын күні көрсетілген мекен-жайға – ұлттық компанияның елордадағы зәулім ғимаратына келген қатысушының өкіліне кіреберісте күзет рұқсаты болмаса, ішке кіргізбейтінін хабарлайды. Содан ол "рұқсат беру бюросында" кірпінің үстіне отырғандай қылпылдап, тиісті рұқсатты тағатсыздана күтеді. Бірақ ол берілгенде рәсім де аяқталады. 5 минутқа кешіккен өкілге компаниясының жеңілгені ғана хабарланады.

Бәсекені құрықтайтын бес былық

Бертінде "Самұрық-Қазына" және оның тобындағылар сатып алу жүйесін автоматтандырды. Сөйтіп "ашықтық қамтамасыз етілді" деп мәлімдеді.

Алайда енді Президент Қ. Тоқаевтың сынынан кейін мұның көзбояушылық болғанын Ұлттық экономика министрлігі айтып отыр. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылдан бері мемлекеттік сатып алулар – жоспарлаудан бастап, төлем енгізгенге дейін толығымен электрондық форматқа ауыстырылды. Бүгінде Gosreestr мемлекеттік сатып алу порталы арқылы кез келген азамат мемлекет сатып алатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер туралы ақпаратпен таныса алады. Аса қымбатқа сән-салтанат затын сатып алуға тапсырыс берген әкімдердің, шенеуніктердің қарекеттері әшкере болып, шу тудырып жатады.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу веб-порталында электрондық шағым енгізілді, онда конкурстық комиссиялардың шешімімен келіспеген кез келген қатысушы шағым бере алады, оған қоса осы шағымның орындалу барысы мен қабылданған шешімді бақылай алады.

Ал "Самұрық-Қазынада" және ұлттық компанияларда олай емес көрінеді. Қоғамның көзінен таса, назарынан тыс тендерлер көп. Біраз былықтар да солардан өрбиді.

Біріншіден, экономика министрлігінің мәліметінше, қордың веб-ресурсында бекітілген шарттар, олардың ағымдағы статусы, төлемдері, орындалуы, сондай-ақ жеңімпазға қатысты өзге қатысушылардың шағымдары, оларды қарау нәтижелері бойынша ешқандай мәлімет жоқ. Тұтастай алғанда, қордың не сатып алып жатқаны туралы толық ақпарат еркін айналымда, ғаламторда жоқ. Меморганның байламынша, бұл "Қордың сатып алуына қоғамдық бақылауды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді".

Екіншіден, қорда веб-порталды пайдаланбай-ақ сатып алудың "ерекше тәртібі" көзделген.

Үшіншіден, қордың сатып алу тәртібінде қордың ішкі құжаттарына сілтеме жасайтын нормалар жетерлік. Салдарынан, бірінші орынға салалық заң емес, "Самұрық-Қазына" қорының және портфельдік компаниялардың сатып алу қызметін басқару Стандарты мен Қағидалары шығады, солар басшылыққа алынады. Ал бұл ішкі құжаттарын қабылдағанда СҚ меморгандармен келіспейді екен.

Төртіншіден, заңның өзінде қордың еншілес ұйымдарынан холдингішілік кооперация шеңберіндегі тәсілмен өзара сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік берілген. Ол ну орманға өзге кәсіпкерлер мұрын сұға да алмайды. Демек бәсекелестік жоқ.

Бесіншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап квазимемсектор сатып алуы "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" заңымен реттеледі. Бірақ сиясы әлі кеппеген заң да шикі екен. Мысалы, "Самұрық-Қазынадан" басқа квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы тікелей Қаржы министрлігі бекіткен қағидалармен регламенттеледі.

Қорға қатысты басқа тәртіп белгіленген: әл-ауқат қорының және оның портфельдік компанияларының сатып алу тәртібі қордың Директорлар кеңесінің шешімімен бекітіледі. Оған Қаржы министрлігінің формальды келісімі алынады. Алайда олардың осы тәртібі антимонополиялық органмен келісілмейді. Яғни Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де ол тарапқа тұмсық сұға алмайды.

Бас экономист Әлібек Қуантыровтың командасы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірлеп жатқан жаңа заң осы олқылықтарды жоюға тиіс.

"Қордың сатып алуының ашық еместігін және бір көзден сатып алудың үлкен үлесін ескере отырып, квазимемлекеттік сектордың сатып алуын одан әрі реформалау қажет", – деп түсініктеме берді ведомство.

"Жалғыз көзді" дәу

Ұлттық экономика министрлігінің талдауында айтылғандай, "қаражатты қысқа мерзімде, уақытылы игеру және қажетті тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу" үшін квазимемлекеттік сектор субъектілері нақты өнім берушіні таңдауға, яғни бір көзден алу тәсіліне көп жүгінеді.

Соның кесірінен ұлттық компанияларда адал бәсекелі тендерлердің үлесі азая түседі.

Қолда бар нақты ақпаратқа жүгінсек, 2021 жылы "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуларының көлемі 3 триллион 423 млрд 3,2 млн теңгені құрады. Соның ішінде бәсекелестік келіссөздер бойынша тендерлердің үлесіне 1 трлн 401 млрд 619,9 млн теңге тиді, бұл – 40,9%-ы.

Ашық тендерлерге – 699 млрд 752,6 млн теңге немесе 18,7%-ы тиесілі. Нақты жеткізушілерден баға ұсыныстарын сұрату арқылы 54 млрд 764,3 млн теңге таратылған (1,6%).

Холдингішілік "жабық" сатып алулар үлесінде – 851 млрд 883,7 млн теңге немесе 24,9%. Ал тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу үлесі – 474 млрд 982,7 млн теңге немесе 19,9% болды.

Айта кету керек, әкімдіктер мен министрліктердің тендерлерінде де "бір көздісі" тым көп. Сондықтан жаңа заң жобасы соларды да қамтиды.

Атап айтқанда, 2021 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 6,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алу арқылы шенділер 2,4 трлн теңгені таратып жіберген. Оның ішінде:

  • ведомстволық бағыныстағы АҚ-ылар, ЖШС-лердің еншісінде – 8%;
  • заңдармен бекітілген тұлғалардан, операторлардан – 8%;
  • Президент тапсырмасымен Үкімет айқындаған тұлғалардан – 8%;
  • 100 АЕК-тен аспайтын шағын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша бір жеткізушіден ала салу – 8%;
  • табиғи монополиялар субъектілерінен сатып алу – 8%;
  • зияткерлік меншік иелеріне алу – 6%;
  • нақты ғимараттарды жалдау, қаржылық қызметтер тұтыну – 5%.

"Қорыта айтқанда, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ және оның портфельдік компанияларының сатып алуларын өткізу тәртібі сол бұрынғыдай ашық емес. Сатып алуларға қолжетімділік шектелген, қатысушыларға тең мүмкіндіктер берілмеген, бәсекелестікті шектеген. Бәсекелі емес сатып алулардың үлесі үлкен болып қалуда. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алуларды және "Самұрық-Қазына" қоры мен оның қоржындық компанияларының сатып алуын өткізу тәртібі қайта қарауды талап етеді", – деген ұстанымда Экономика министрлігі.

Жаңа заң қабылданса, не өзгермек?

Біріншіден, тендерлердің ашықтығын күшейтуге, олардың қолжетімділігін кеңейтуге тиіс. Екіншіден, қордың және оның тобына кіретін компаниялардың сатып алуларын регламенттейтін құжаттарды, тіпті ішкі құжаттарын Қаржы министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу міндеттеледі.

Үшіншіден, бір көзден алу тәсілімен сатып алудың негіздері мен көлемі кем дегенде 30%-ға қысқартылады. Төртіншіден, сатып алу бойынша бірыңғай IT-платформа түзіледі, оның базасында мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардың тәсілдері, рәсімдері біріздендіріледі.

Бесіншіден, антимонополиялық орган "Самұрық-Қазына" қоры мен компанияларының сатып алу тәртібін қайта қарайды. Сәйкесінше, олардың уәкілетті органдар мақұлдаған жаңа тәртібі қабылданады. Оларда қордың ішкі құжаттарына сілтемелер тегіс алып тасталуға тиіс.

Алтыншыдан, "холдингішілік кооперация шеңберінде сатып алуды жүзеге асыру" тәсілі жойылмақ. Нәтижесінде, холдингішілік сатып алулар 2021 жылғы 25 пайыздан заң қабылданған соң 0%-ға бір-ақ құлдырайды.

Жетіншіден, қордың ішкі тәртібіне сәйкес әзірленген және қолданылатын "сатып алудың категориялық стратегиясы" институты (институт закупочной категорийной стратегии) жойылады деп күтілуде.

Айтқандай, Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алуларда "бір көзден сатып алуды түбегейлі жоюды" жүктеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу