"Самұрық-Қазынаның" сатып алуларын супермонополист "тартып" алады

3157

Қаржы министрлігі ұлттық компаниялардың сатып алуларын мемлекеттік сатып алуларға біріктіру идеясын ілгерілетуде. 

"Самұрық-Қазынаның" сатып алуларын супермонополист "тартып" алады Фото: inbusiness.kz

Қаржы ведомствосының түсіндіруінше, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қорының сатып алулары – әрқайсысы әртүрлі электрондық алаңдарда жүзеге асырылады.

Атап айтқанда, министрліктердің, әкімдіктердің және олардың құрылымдарының тендерлері – goszakup.gov.kz, квазимемлекеттік сектордыкі – eep.mitwork.kz, ал "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуы – skc.kz тұғырнамасында жүргізіледі.

"Электрондық алаңдардың бытыраңқылығының негізгі себебі – олар әртүрлі нормативтік құқықтық актілер деңгейінде реттеледі. Бұлардың сатып алуларының әрбасқа платформада өтуі әлеуетті өнім берушілердің оған қатысуына қолайсыздықтар туғызады. Себебі, әрбір алаңда тіркеу рәсімінен бөлек өтуге, оларда жарияланатын тендерлерге жеке-жеке әрі ұдайы мониторинг жүргізіп, іздеп отыруға тура келеді. Сонымен қатар, бұл барлық реттелетін сатып алулар бойынша аналитикалық ақпаратты жинауды және қорытындылауды қиындатады. Бұл ретте кейбір электрондық алаң әр сатып алу бойынша ашық ақпаратты ұсына бермейді. Ал мемлекеттік сатып алу веб-порталы керісінше, жоспарлаудан бастап, келісімшарттар бойынша ақы төлеуге дейінгі бүкіл ақпаратты қамтиды", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Ел Президенті былтырғы қыркүйектегі жолдауында "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң қабылдауды жүктеді. Дәл осы тапсырма Президенттің 2022 жылғы 26 қарашадағы №2 жарлығымен бекітілген Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына да енгізілді.

Қ.Тоқаев мемлекеттік сатып алуларда да, ұлттық компаниялар мен қордың тендерлерінде де жаңа тәсілді енгізуді ұсынды. Ол бойынша бұдан былай сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің ең төменгі бағасы емес, сапасы басымдық болады. Сондай-ақ жергілікті мазмұнға басымдық беріледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және бірыңғай тәсілді белгілеу мақсатында Қаржы министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Меморганның мәліметінше, жаңа заң қолданыстағы "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңды өзгертіп, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қорының барлық сатып алуын бірыңғай платформаға ауыстыруды қарастырады.

Яғни, осылардың барлығының тендерлері бір жерде жарияланады.

Аталған үш платформаның бірінде тіркеле алған бизнесмен екіншісіне кіре алмай, пұшайман болған жағдайы сирек емес. Мысалы, бүгінде goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам жеткізуші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген.

Eep.mitwork.kz Еуразиялық электрондық порталында 68 мыңнан астам жеткізуші және небары 80-нен астам тапсырыс беруші тіркелген.

Skc.kz атты "Самұрық-Қазына" қорының сайтында 83 мыңнан астам жеткізуші және 400-ден астам тапсырыс беруші ғана тіркелді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 5,9 триллион теңгеге жетті.

Ал квазимемлекеттік сектордың сатып алу көлемі 3,8 триллион теңгені құрады.

Министрліктің байламынша, барлық әлеуетті өнім берушіні бір платформада біріктіру қызу бәсекемен өтетін, көп өнім жеткізуші қатысатын тендерлер санын күрт ұлғайтуға және өтпей қалған сатып алулар санын азайтуға ықпал ететін болады.

Өнім жеткізуші, кәсіпкер Аслан Рахымжан Қаржы министрлігінің бұл идеясының артында Goszakup.gov.kz порталының мүддесі үшін лобби жасау жатуы мүмкін деген пікір білдірді.

"Яғни, қолынан он триллион теңгені өткізетін супермонополист пайда болғалы тұр. Жалпы, әр порталда тіркелу бүкіл заңнаманы өзгертетіндей сонша қиындық туғызып отыр дегені артық болады. Бізге қиыны – осы порталдың әр басқан қадамың үшін ақы алатыны. Бұрын мемлекеттік сатып алу порталы тегін болатын. Алайда 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, веб-порталды пайдалану ақылы болып шыға келді. Барлық миллиондар коммерциялық жобаларды да жүзеге асыратын әлдебір "Электрондық қаржы орталығы" акционерлік қоғамына құйылатын көрінеді. Салдарынан мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім берсеңіз, ол өтінімге толықтырулар енгізсеңіз, бір көзден сатып алуға қатысу туралы шартты ұсынсаңыз, бағалық ұсынысты берсеңіз, шартқа қол қойсаңыз және басқасын жасасаңыз, бәріне ақы сұрайды. Үкімет ең алдымен мемлекеттік порталды тегін етсе, кәсіпкерге бір көмек сол болар еді", – деді бизнесмен.

Шынында, порталдың ақпаратынша, қызмет құны өтінімнің, өнім жеткізуші таңдаған лоттардың немесе келісімшарттың ең жоғарғы құнына қарай анықталады:

  • 1 миллион теңгеге дейінгі сома үшін 1 АЕК (биыл 3 450 теңге);
  • 10 миллион теңгеге дейін: 10 АЕК (34 500 теңге);
  • 100 миллион теңгеге дейін: 20 АЕК (69 000 теңге);
  • 1 миллиард теңгеге дейін: 60 АЕК (207 000 теңге);
  • Одан жоғарыға: 122 АЕК (420 900 теңге).

Бұл соманы жүз мыңнан астам өнім берушінің бәрі төлейтінін ескерсек, ақылы портал қоржынына қанша қаражат құйылатынын бағамдай беруге болады.

Өз кезегінде Қаржы министрлігі сатып алу бойынша бірыңғай IT-платформа құрудың бірнеше артықшылығын атап отыр.

Біріншіден, бұл пайдаланушылардың жұмысын жеңілдету үшін қолданыстағы платформаларды бір жерде біріктіреді. Екіншіден, барлық реттелетін сатып алулар бойынша бірыңғай тәсілдерді белгілеуге мүмкіндік бермек.

Үшіншіден, әлеуетті өнім берушілер қатыса алатын тендерлерді алдын ала жоспарлай алатын көрінеді. Төртіншіден, қоғам үшін де, тексеруші органдар үшін де барлық сатып алу бойынша ақпаратқа ашық қолжетімділік пайда болатын көрінеді.

Мұның қаншалықты шындық екенін тәжірибе көрсетпек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу