Санақшылар "қиын" аудандарды учаскелік полициямен аралайды

1916

Жалпыұлттық санақ кезінде кімге қанша төленетіні белгілі болды.

Санақшылар "қиын" аудандарды учаскелік полициямен аралайды

2019 жылы жүргізілуге тиіс болған жалпыұлттық халық санағы неге 2020 жылға ауыстырылды? Осыдан 11 жыл бұрынғы жалпыұлттық санақта қандай кемшілік болды? Бұл сұрақтарға статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов жауап берді.

"Жалпыұлттық халық санағы 2019 жылы өткізілуге тиіс еді. Біз техникалық мәселелерге байланысты ақпараттық жүйені жасап үлгермедік. Бұған қоса мемлекеттік сатып алу мен ұйымдастыру жұмыстарының мәселелерін шешіп үлгермегендік. Осыған байланысты жалпыұлттық халық санағы бір жыл кейінге шегерілді", – деді комитет төрағасы.

Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, 2009 жылы ұйымдастырылған жалпыұлттық халық санағында санақшылардың қауіпсіздігі назардан тыс қалған. Биыл мұндай кемшілікке жол берілмейді.

"2009 жылы жалпыұлттық халық санағы кезінде болған қателіктерді ескердік. Биылғы санақ барлық талапқа сай болады. Біз интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық әкімшіліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Кейбір "қиын" аудандарды интервьюерлер учаскелік полициялармен бірге аралайды", – деді статистика комитетінің төрағасы.

Оның сөзінше, статистика комитетінің өкілдері мемлекеттік сатып алу процесіне қатыспайды.

"Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алуларға арналған арнайы сайты бар. Сол жерде барлық сатып алулар электронды түрде жүргізіледі. Кім ұтып алады, сонымен келісімшартқа отырамыз. Әр облыста әкім басқаратын комиссия болады. Соеның жанынан статистика органы тағы комиссия құрып, адамдарды жұмысқа алу мәселесін шешеді", – деді Нұрболат Айдапкелов.

Бұдан кейін ол жалпыұлттық санақ жүргізетін азаматтармен өтеулі қызмет көрсету туралы шарт жасалады.

"30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне (тіркеушіге) көрсеткен қызметі үшін 75 743 теңге, негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) 94 678 теңге төлеу жоспарланып отыр.

Дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына 45 күн қызмет көрсеткені үшін 113 614 теңге төленеді", – деді Нұрболат Айдапкелов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу