Санкция салдары: жүздеген ресейлік турист Түркияда "бұғатталып" қалды

2717

Ресейдегі аса ірі әуе компаниясының ұшақтары бірінен соң бірі істен шықты. 

Санкция салдары: жүздеген ресейлік турист Түркияда "бұғатталып" қалды Фото: vsevesti24.ru

Red Wings (Қызыл қанаттар) әуе тасымалдаушысы – жолаушылар тасымалы жөнінен Ресейдің ең ірі авиакомпанияларының бірі.

Компания 1999 жылы құрылған және бастапқыда орысша, "Авиалинии 400" деп аталған. 2007 жылы қазіргі ағылшынша атауына ие болған Red Wings тұрақты және чартерлік жолаушылар рейстерін жасайтын ресейлік ең ірі он компаниясының қатарына кіреді. Ол 100-ден аса бағытта сапарлайды.

Фото: dzen.ru

Бірақ "қызыл қанаттары" қырқыла бастағанға ұқсайды. Red Wings баспасөз қызметі өзінің авиапаркінде қалған 3 "Боинг" ұшағының екеуі қатарынан істен шыққанын жариялады. Салдарынан кем дегенде бес жүз адам Түркиядан 12 тамыздан бері Ресейге ұшып кете алмай жатыр. 

"WZ-3061 және WZ-3062 рейстерінің іркілуіне қатысты жағдай бойынша Red Wings авиакомпаниясы келесіні хабарлайды: рейстердің кідірісіне штаттан тыс оқиға себепші болды. Авиакомпанияның паркінде бар үш Боинг-777 ұшақтарының бірден екеуі техникалық себептерге байланысты істен шықты. Жағдайды теңгерімге келтіру және ұшу кестесін түзету үшін Red Wings "Икар" авиакомпаниясынан коммерциялық негізде қосымша әуе көлігін беруді сұратты. Бұл доғарылған рейстердің жолаушыларын тасу үшін қажет", – деп мәлімдеді Red Wings.

"Икар" бұған келісіпті және кеше оның ұшағы Мәскеудегі Шереметьево әуежайынан Екатеринбургтегі Кольцово әуежайына ұшып шыққан. Сонда ол алдымен ресейлік туристерді Анталияға жеткізеді. Ал кері бағытта Анталияда дағдарған ресейлік саяхатшыларды Екатеринбургке алып ұшады.

Түсіндіре кететін жайт, Red Wings тасымалдаушысын ресейлік пропаганда "патриоттығы" үшін үнемі дәріптейтін. Себебі оның флотының негізін ресейлік Sukhoi SuperJet (SSJ 100) әуе көліктері құрайды. Бүгінде компания осындай ресейлік лайнерлердің 19-ын пайдаланады. Алайда ресейлік ұшақтар, біріншіден, алыс қашықтықтарға сапарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Екіншіден, бірнеше рет болған апаттардан соң олардың өзіне ұшуына көптеген ел тыйым салды. Яғни, Sukhoi SuperJet – санкцияға іліккен.

Интерфакстың хабарлауынша, Түркияның курорттық қаласында кем дегенде 410 ресейлік турист тұтылып қалды. Алдымен 12 тамызда Анталияға сапарлауға тиіс WZ 3062 рейсі орындалмады.

Бұдан бөлек, 13 тамызда, жергілікті уақыт бойынша таңғы 7:20 сағатта ұшып, Анталиядағыларды алып кетуге тиіс болған Red Wings борты екатеринбургтік "Кольцово" әуежайында тұрып қалды.

Росавиация жат жерде ұлардай шулаған отандастары көтерген жанжалға үн қатып, Red Wings компаниясына суық ескерту жасады. Оған "басқа ресейлік авиакомпаниялармен жедел түрде консультациялар жүргізіп, солардан қосымша әуе көліктерін тартуға" ұсыным берген.

Бірақ сарапшылар "Икар" ұшағы Түркияда  "тұйыққа тірелген" ресейлік жолаушыларды тегіс тасуға жетпейтінін айтады. Оның үстіне олардың саны алда өсе бермек. Сондықтан Red Wings ресейлік Pegas Fly авиакомпаниясымен келіссөз жүргізіп, дағдарған ресейліктердің бір бөлігін соның алып кететіні туралы алдын ала уағдаластыққа келген.

"Новости" агенттігінің дерегінше, "ұшақ сынып қалуына байланысты ұша алмаған, алайда ақауы жөнделіп жатқан жоқ, себебі қажетті бөлшегі жоқ".

Мәскеу былтыр Украинаға кең ауқымды шапқыншылық жасаған соң, Батыс елдері Ресейге ұшақтарды да, олардың бөлшектерін де сатуға тыйым салды. Бұл өнімдердің жеткізілімі іс жүзінде тоқтатылған.

Тек Ресей айналма жолдармен тасуға тырысуда. 

Бұған қоса, санкциялар аясында еуропалық және америкалық компанияларға ресейлік әуе тасымалдаушыларын сақтандыруға және оларға техникалық қызмет көрсетуге тыйым салынды.

Содан амалсыз, биылғы сәуірде "Аэрофлот" компаниясы тарихында тұңғыш рет техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу үшін Airbus A330-300 ұшағын Иранға жіберді. Әуе көлігінің шассиінің тірегін жөндеу қажет болыпты. Әйтпесе, басқа елдер халықаралық санкцияларды орындап, ол ұшақты "тұтқындауы" мүмкін. 2021 жылдан бері ресейлік алпауыт "Аэрофлот" тек дамыған елдердің провайдерлерінің, соның ішінде Гонконг компаниясының көмегіне ғана жүгініп келген еді. Былтыр гонконгтық фирма одан бас тартты.  

Осы орайда солтүстік көршідегі бұл салада "канибализм" басталған: яғни, бір ұшақты бөлшектеп, соның "ішкі құрылысын" басқа әуе көліктері "тұтынады". Дегенмен, Росавиация басшысы ресейлік журналистерге және сарапшыларға "каннибализация" терминін пайдалануға тыйым салып тастады.

"Украинадағы "арнайы операцияға" жауап ретінде енгізілген, Ресейге ұшақтарды және олардың құрауыштарын жеткізуге, сонымен қатар ресейлік авиакомпаниялардың еуропалық кеңістікке ұшуына тыйым салған теңдесі жоқ батыстық санкциялар Ресейдің авиациясын күйретуге бағытталған. Бірақ билік оған жол бермейді. Себебі, бізде авиацияға жауап беретін тұлғалардың бәрі дер кезінде және дұрыс шешімдерді қабылдады. Санкциялар жұмыс істемейді", – деді биылғы жыл басында Росавиации басшысы Александр Нерадько.

Алайда енді Ресейдің авиациясында бой көрсеткен проблемалар батыстық санкциялардың жұмыс істейтінін паш етіп отыр.

Бірақ The New York Times жазуынша, Ресей 2022 жылы айналма жолдармен бірқатар еуропалық және америкалық компаниялар жасаған авиабөлшектерді 14,4 миллион долларға тасыпты.

Атап айтқанда, санкция астындағы "Аэрофлот", "Россия", "Победа", "Урал", UTair және S7 Airlines сияқты ресейлік авиакомпаниялар санкцияларды орағытып өтетін схемаларды жолға қою арқылы Boeing, Airbus және басқа компаниялардың ұшақтарына арналған бөлшектердің 5 мыңнан аса партиясын алғызған. Осы мақсатта жалған сатып алушы фирмалар қолданылған. Өнімнің басым бөлігі БАӘ, Түркия, Қытай және Мальдив аралдары арқылы жеткізіліпті.

Алайда соның өзі ресейлік алып авиациясының жұмырығына жұқ болмайтын сыңайлы. Ресейлік "Проект" басылымының жазуынша, ұшақтарды жөндеуге қажетті бөлшектердің тапшылығына байланысты "Аэрофлот" өз қызметкерлеріне әуе көліктеріндегі ақауларды құжаттарда барынша сирек тіркеуге тапсырма берді.

Содан ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, таяуда, 28 шілдеде Мәскеуден Петерборға ұшқан ұшақтың қанатынан жолаушылар ірі ақ әріптермен "Не ссыте" (Саспаңдар) деген жазуды байқапты. Алдын ала болжам бойынша оны әуе көлігіне техникалық тексеріс жүргізген бақылаушы жазса керек.

Бүгінде Ресейге тек 26 мемлекеттің авиакомпаниялары ғана ұшады. Қалған елдер бұл соғысқұмар елмен әуе қатынасын тоқтатты.

Eurocontrol Еуроодақтың аэронавигация қауіпсіздігі жөніндегі ұйымының байламынша, соғыс салдарынан еуропалық авиакомпаниялардың Ресейге, Украинаға, Беларуске және Молдоваға ұшуына қойылған шектеулер кем дегенде 2029 жылға дейін жалғасады. Ал Ресейге батыстық ұшақтар мен олардың бөлшектерін сатуға салынған тыйым одан да ұзауы мүмкін.

Ендеше сөз болып отырған оқиғалар тек мұзтаудың ұшы ғана болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу