Санкция, сауда, серіктестік? Байден Орталық Азия басшыларымен нені талқылауы мүмкін

1060

Бүгін Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының алаңында "Орталық Азия – АҚШ" (С5+1) форматында ауқымды алғашқы саммит өтеді. Әдеттегідей министрлер емес, мемлекет басшылары деңгейінде өтетіндіктен, сарапшылар "бұл жиын бұрынғыдан өзгерек" деп отыр. 

Санкция, сауда, серіктестік? Байден Орталық Азия басшыларымен нені талқылауы мүмкін Фото: inbusiness.kz

"АҚШ ресурс бөлуге дайын"

2015 жылдан бастап Орталық Азия – АҚШ жиындары сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысының кездесуі деңгейінде өтіп келген. Бұл жолы халықаралық сарапшылар өзара сауда, серіктестік, жасыл энергетика, атом электр стансасын салу мәселесімен бірге аймақтың антисанкциялық күн тәртібі де талқыланады деп болжайды. Әйтсе де, күні кеше Ақ үйдің кеңесшісі Джеймс Саливан "Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен АҚШ президентінің саммиті қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекет басшылары аймақтық қауіпсіздік мәселесін, сауда, реформалар мен климаттың өзгерісін талқылайды.

"Біз осы саммиттен бірлескен мәлімдеме күтеміз. Онда негізгі салаларда бірлесе жұмыс істейтін басымдықтар белгіленеді. АҚШ осы жұмысты тыңғылықты атқару үшін белгілі бір деңгейде ресурстарды бөлуге дайын", - дейді Джеймс Саливан.

"Санкцияны сақтаңыздар – есесіне көмектесеміз"

2015 жылдың қазанының аяғында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Орталық Азия елдеріне үлкен "турне" жасады. Соның түйіні ретінде Самарқанда "5+1" форматында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан елдерінің министрлері деңгейінде алғашқы отырыс өткен-тін. Сол тұста сыртқы істер министрлері "Самарқан декларациясын" қабылдап, тараптардың бәрі де өзара ықпалдастық және кооперацияға дайын екенін білдірген. Сол қадам арқылы Қытай мен Ресей ғана емес, АҚШ та Орталық Азия елдерімен одақтас бола алатынын ұқтырған-тын.

Ол кезде АҚШ тарапынан аймақты дамытуға бағытталған қандай да бір нақты бастамалар, бағдарламалар жоқ болды. Вашингтон аймақтағы Ресей мен Қытайдың ықпалымен аса таласа қоймай, ірі жобаларды қаржыландыруға дайын болмады. Алайда Украинада соғыс басталып, Ресейге қарсы теңдессіз санкция енгізілген кезде АҚШ Орталық Азия елдерінен сол шектеулердің қатаң сақталуын талап етті. Ресеймен сауда байланысын азайту үшін тіпті 25 млн доллар соманы көмек ретінде бөлді.

"АҚШ санкциялардан келген шығын үшін Ресейдің серіктестеріне өтемақы төлейді, себебі Ресейге салынған санкциялар олардың да экономикасына соққы екенін түсінеміз", – деген еді Астанада 2023 жылдың 28 ақпанында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

"Ел кезегі үш": Ресей, Қытай және АҚШ

АҚШ-та өтетін С5+1 форматындағы саммиттің салмағы мен маңызы зор. Вашингтондағы Орталық Азия институтының негізін қалаушы Фредерик Стардың айтуынша С5+1 форматы ешкімге де қайшылық тудырмайды.

"Бұл – Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігін нығайта түседі. Мен осы жолы Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары мен АҚШ президенті Джо Байденнің кездесуі алдағы уақытта да жиі болады деп үміттенем. С5+1 форматы министрлер деңгейінде ғана емес, тек президенттер деңгейінде кездесіп тұрғаны абзал. Олар арнайы штаб-пәтер құрып, тіпті аймақтарда әр үш жыл сайын жүздесіп тұруы керек", - дейді ол 24kz арнасына берген сұхбатында.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі жариялаған, авторы Камран Бохари деп көрсетілген жазбада C5+1 кездесуі өмірлік маңызды аймақтағы шешуші қадам болуы мүмкін екені жазылған. Оның жазуынша, АҚШ-қа Еуразия құрлығының қақ ортасына стратегиялық көзқарас қажет. Себебі алпауыт мемлекет Ресей мен Қытайға қарағанда тарихи жағынан әлдеқайда азырақ ықпал етеді.

"Мәскеу де, Пекин де қиындықтармен бетпе-бет келіп тұрған тұста Вашингтон Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайта түсуді көздейді. Бастысы аймақтың табиғи көшбасшысы Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық болмақ. Бұл кездесу ілгерілеудің нақты белгісі", - дейді Камран Бохари.

Орталық Азияға назардың ерекше екенін мынадан-ақ көруге болады. Былтыр қазанда Ресей президенті Владимир Путин Астанада Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесті. Тәжікстан президентінің жұдырығын түйіп, "бізге құрмет көрсетілгенін қалаймыз" дейтін кезі осы тұс. Ізінше, 2023 жылдың мамыр айында Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын Қытай төрағасы Си Цзиньпин шақырды. "Ендігі кезек бізде" деген емеурін білдіреді АҚШ тарапы.

"Президент мырзалар, сіздер кіммен бірге боласыздар?"

Өзбекстан саясаттанушысы, "Ma’no" бастамаларды зерттеу орталығының директоры (ресейлік Незавимия газетіне берген сұхбатында) Бахтиер Ергашевтің айтуынша, бұл кездесудегі негізгі мәселе – "президент мырзалар, сіз кіммен бірге боласыздар?" деген сұрақ болмақ-мыс. Сарапшының айтуынша, Орталық Азия елдері сыртынан тұтас көрінгенімен, өз ішінде позициясы әртүрлі. Мәселен, Қырғыз Республикасы санкция қаупі төніп тұрса да, тауар реэкспортынан бас тартпайды. Ал АҚШ-тың "қырғыз тарапы Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеседі" деген уәжін Садыр Жапаров "Бішкекке қысым" деп бағалаған.

"Қазақстан өз позициясын нақты білдірді! Ресейге қатысты санкция шектеулерінің бәрін сақтауға келісті. Әйтсе де, де-факто жағдайы бақсарақ. Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан – Қазақстан мен Қырғызстан ортасындағы тыныш ойынды таңдап алды. АҚШ Орталық Азия елдерін ескертуді көздейді, ол әрекетін тоқтатпайды да. Саяси ойға қонымдылық экономикалық прагматизмге қарсы дауысқа салынады. Не жеңері белгісіз. Орталық Азия елдері АҚШ-пен келісуі де мүмкін, алайда Ресеймен тауар айналымы азаяды деп ойламаймын", - дейді Ергашев.

"АҚШ ОА елдеріне санкция салудың мағынасы жоқтығын біледі"

Қырғыз саясаткері Денис Бердаковтың сөзінше (Telegram арнасында жазған пікірі), антиресейлік санкциялар тақырыбы медиаға қызық болса да, күн тәртібіндегі басты мәселе болмайтынын атап өтеді.

"Орталық Азия елдері АҚШ пен Еуродақ елдерінің қару мен қосалқы құралдары жағынан санкцияларын сақтап отырғаны да жеткілікті. Десе де олар ОА елдері өз өнімдерін Ресейге экспорттау мүддесін де жақсы қорғауға тырысады. Аймақтың Ресеймен интеграциясы тым қабысып кеткен. Қаржы аударымдары, еңбек мигрантттары, азық-түлік дейсіз бе – барлық салада", - дейді ол.

Қырғыз сарапшысының сөзінше, Орталық Азия елдері осындай маңызды кездесулерде өз мүддесін нақтырақ айтып қалуға тырысады. Бердаков АҚШ-тың бұл аймақтағы елдерге санкция салудың мағынасы жоқтығын біліп, белгілі бір мәселелерде көнуі мүмкін екенін атап өтеді.

Қазақ сарапшысы: АҚШ аймаққа көмектесуге дайын

Саясаттанушы Талғат Қалиев АҚШ тарапы қазіргі уақытта Орталық Азия елдерімен барынша жақындасуды ойлайтынын айтады. Оны АҚШ тарапныың Транскаспий халықаралық транзиттік дәлізін дамытуға атсалысуымен аңғаруға болады. Алыс құрлықтағы алпауыт мемлекет инвестиция, сауда, технология және жаһандық көшбасшылық арқылы дәлізді табысты етуге көмектесуге дайын.

"АҚШ бүгінгі таңда аталған аймақтың дамуына, серіктестікке күшейтуге мүдделі. АҚШ алпауыт ел, ол біз Қытайдың қанатының астына кіріп кетпесін деп сақтанады. Демек, бір жағынан алып қарағанда, Орталық Азия елдері "өте ыңғайлы жәрмеңке" жағдайында тұр. Сол жәрмеңкеде өзіміздің лояльділігімізді, серіктестігімізді өте салмақты инвестицияға және ынтымақтастыққа саудалай аламыз", - дейді Талғат Қалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу