Сарандағы жылу туралы жалған ақпарат берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады

1056

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Саран қаласына барады.

Сарандағы жылу туралы жалған ақпарат берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады Фото: sknews.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Саран қаласындағы жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген лауазымды тұлғалардың бәрі жауапкершілікке тартылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласындағы жағдай туралы баяндады.

"13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде шығатын температура 55 градусты құрады. 13 қазанда қазандық төмен қайнаған қабатпен насос жабдығы автоматикасының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ақаулардың шығуына байланысты жылумен жабдықтауды резервтік схемаға көшу бойынша шешім қабылданды, 124 үй резервтік жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Бүгінгі күннің соңына дейін барлық үйге жылу берілетін болады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда", - деді облыс басшысы Үкімет отырысында.

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыстардың бәрін бүгін аяқтауды тапсырды.

"Бірінші кезекте бұл Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша тексеріс жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың барлығы жауапкершілікке тартылады. Осы отырыстан кейін Энергетика министрі Саран қаласына барып, өзі бәрін тексереді. Нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстың құрамы бар болатын болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу