"Сарыарқа" ауданында "Бюджетке қатысу" жобасы жүзеге асырылып жатыр – Ерғали Егемберді

2526

Тұрғындар бюджеттің жұмсалуына араласа алады.  

"Сарыарқа" ауданында "Бюджетке қатысу" жобасы жүзеге асырылып жатыр – Ерғали Егемберді

Ерғали Қуандықұлы сөз басын "Сарыарқа" ауданы туралы қысқаша ақпарат беруден бастасаңыз...

Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен "Сарыарқа" ауданы 1998 жылы 6 мамырда құрылды. Аудан бойынша халық саны биылғы жылдың 1 шілдесіне 340 мың адамнан асты. 

Аудан аумағында "Көктал-1", "Көктал-2" және "Агроқалашық" сияқты 3 тұрғын алабы бар. Ауданда 938 көппәтерлі үй, 11 800 жеке үй және 540 аула орналасқан. Сонымен қатар 215 шақырымға созылған 315 көше, 335 аялдама бар. Әлеуметтік нысандар саны –168. Оның 26-сы емдеу, 142-сі білім беру мекемесі.
Шағын және орта бизнес саласына тоқталатын болсақ: түрлі деңгейде  9 базар, 3 сауда орталығы, 31 сауда үйі, 760 дүкен және "1000 орын-көше саудасы" бағдарламасы аясында 180 павильон жұмыс істеп тұр. 
Мәдени көпшілік орындарға келетін болсақ: 7 театр, 1 мұражай, 1 концерт залы, 19 спорт нысаны, 15 ескерткіш, 2 кітапхана, 36 саябақ бар.

"Сарыарқа" ауданының әкімдігі халыққа қаншалықты жақын? Бұқарамен кері байланыс қалай жүзеге асырылады, пандемия кезінде тұрғындармен қалай байланыстыңыздар? 

"Сарыарқа" ауданы әкімінің аппараты толық Open spase, яғни "Ашық әкімдік" жүйесіне көшкен. Басты мақсат халыққа етене жақын болу, олардың мәселелеріне назар аударып отыру. Осы арқылы біз Мемлекет басшысының  халыққа жолдаған былтырғы жолдауындағы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" принципіне сай жұмыс істеп жатырмыз. Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың азаматтарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету, тұрғындардың билікке деген сенімін арттыру, олармен жедел және тиімді кері байланыс орнату, әкімдік пен тұрғындар арасында тікелей "көпір" құру.

Әкім аппараты ғимаратындағы бірінші қабатты Open space форматына айналдыру арқылы 1000 шаршы метр көлеміндегі 3-ші қабат босатылды. Толығымен бірінші және екінші қабатқа орналасу арқылы 38 млн 
теңге үнемделді. Бірінші қабаттағы фронт кеңседе тұрғындарға 11 оператор  қызмет көрсетеді. Тұрғындар қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, Нұр-Сұлтан өңірлік кәсіпкерлер палатасы "Атамекен қолдау орталығы" мобильді жұмыспен қамту орталығының және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметіне жүгіне алады. Сонымен қатар осы жерде "Сарыарқа" ауданы әкімі аппаратының тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету, абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту, кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылым және перспективті даму, коммуналдық-шаруашылық сынды салалық бөлімдерөз құзыреті шегінде тұрғындардың мәселесін шешеді. 

Бірінші қабатта келіссөз бөлмесі, күту алаңы, электронды желі бар, яғни азаматтар үшін жайлы жағдай жасалған. 

Фронт кеңсе аудан тұрғындарына "Бір терезе" қағидаты негізінде жедел мемлекеттік қызмет көрсетеді. 
Сұрағыңыздың жауабын әрі қарай тарқата түсейін. Пандемия кезінде  тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеруден қол үзіп қалмау мақсатында 11 шілдеден бастап өзім бастама көтеріп, әлеуметтік желі арқылы 9 кездесу өткіздім. Шара шеңберінде 272 адамнан 405 сұрақ келіп түсті. 230 сұраққа  тікелей эфирде жауап бердім. 175 сұрақ құрылымдық бөлімдерге жөнелтілді. Қазір осы тәжірибені еліміздегі жергілікті атқарушы органдардың дені қолданып отыр. Жалпы, тұрғындармен кері байланыс орнату оң нәтиже береді. 
109 – "Айкөмек" орталығы арқылы 2019 жылы біздің аудан бойынша 13 795 өтініш келіп түсті. Біз сұрақтардың барлығына жауап бердік. Ал жыл басынан бері "Айкөмек" арқылы біздің аудан бойынша 16 461 сұрақ келді.  

Яғни 2019 жылғы өтініштен, биыл жарты жылда түскен өтініш анағұрлым көп болды. Биыл 15 243 өтінішке жауап беріп, нақты шара қабылдадық. 

Қалған 1218 сұрақ бойынша жұмыс жүріп жатыр. 

Аудан аумағында жаңашылдыққа бағытталған тың бастамаларыңыз бар ма?

Былтырдан бері "Сарыарқа" ауданында "Бюджетке қатысу" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба бюджеттің ашықтық қағидатын ұстануды көздейді. Бұл бюджеттің жұмсалуына қатысты тұрғындар да шешім қабылдай алады деген сөз. Жергілікті биліктің жұртшылықпен өзара қарым-қатынасы кезінде қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін тұрғындар өз жобаларын жасау арқылы жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Нақтырақ айтар болсам, мысалға Сіздің тұрып жатқан аулаңызды абаттандыру керек. Мемлекет қаржысы бәріне жете бермейді. Қол қусырып отырмау үшін, өзіңіз немесе аула тұрғындарымен бірге инфрақұрылымды жақсартуға қатысты идея ұсыну, сол арқылы 
аулаңызды жақсартып алуға мүмкіндік аласыз. Ұсынылған жобалар аудан әкімдігінің құзыреті шеңберінде болуы шарт. Жобалар қаладағы жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру, ішкі аудан жолдарын асфальттау, кәріздерді жөндеу, қоқыс үйінділерін жою, кіші архитектуралық пішіндерді дизайындау сынды мәселелерге қатысты болуы мүмкін. Сонымен қатар аула аумағын қайта жөндеу және баршаға ортақ жерлерді абаттандыру, тротуар орнату, балалардың ойын алаңын, футбол алаңын, тренажер алаңдарын орнату сияқты бағдарламалар болуы мүмкін. 

Сарапшылар кеңесі ұсынылған жобалар әкімдік құзыреті шеңберінде екеніне  және сметаға сәйкестігіне көз жеткізгеннен кейін, дауыс беру кезеңі басталады. 2019 жылы тұрғындардан 22 өтініш келіп түсті. Оның ішінде әкімдіктің құзыретіне кіретін 14 жоба қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Былтыр осы 14 жобаның барлығы толық жүзеге асырылды. Жобаларға жергілікті әкімдік бюджетінен 100 млн теңге қарастырылды. Қаржы толық игерілді. 

Биыл жобаны жүзеге асыруға 200 млн теңге бөлінді. Тұрғындардан 68 жоба келіп түсті. Сарапшылар кеңесінің мүшелері "Сарыарқа" ауданы әкімдігінің құзіретіне кіретін және "Бюджетке қатысу" жобасының ережесіне сай келетін 40 жобаны тұрғындардың дауыс беруі үшін таңдап алды. "Сарыарқа" ауданы әкімі аппаратының құзіретіне кірмейтін және "Бюджетке қатысу" жобасының ережесіне сай келмейтін 28 жоба қабылданбады. 40 жобаға 8 935 дауыс берілді. Сарапшылар кеңесі мүшелері көп дауыс жинаған 
13 жобаны жүзеге асыру бойынша тиісті шешім қабылдады. Бүгінгі таңда 8 аула бойынша абаттандыру жұмысы аяқталып, 5 аулада абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазірдің өзінде еліміздің кейбір өңірлерінен аталған жоба туралы кеңінен танысып білу үшін және өздерінің аймақтарына енгізу мақсатында түрлі ақпарат аламасу болып жатыр. Алдағы уақытта жобаны басқа аймақтардан естіп, көріп жатсаңыздар таң қалмаңыздар. Бұл – "Сарыарқа" ауданынан бастау алған жоба. 

Өзіңіз басқарып отырған ауданды газдандыру мәселесі қалай шешіліп жатыр? Көппәтерлі үйлердің қысқа дайындығы қалай?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен іске асқан елордамызды газдандыруға куә болып отырмыз. Қала күні қарсаңында қала әкімі Алтай Көлгінов "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығын газға қосып, салтанатты түрде көгілдір отынның алауын жақты. Қазір ауданның "Көктал-1", "Көктал-2", "Агроқалашық" сынды тұрғын алаптарын газдандыру бойынша нақты жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда биылғы жылдың 27 сәуірінен бастап газ құбырының жоспарланған 200 шақырымының 118 шақырымы бойынша квартал ішіндегі газбен жабдықтау желілері тартылды. Бұл жұмысқа 200 адам, 80-ге жуық техника тартылған. 

Жекелей тоқталатын болсам, "Көктал-1" тұрғын алабындағы жоспарланған 91 көшенің 52 көшесіне, "Көктал-2" тұрғын алабында 41 көшенің 39 көшесіне, "Агроқалашық" тұрғын алабының 94 көшесінің 41 көшесіне газ құбырының желісін тарту жұмысы жүріп жатыр. Атап өтетін бір жайт "Көктал-1" және "Көктал-2" тұрғын алаптарына биыл толығымен газ тартылады, ал "Агроқалашық" тұрғын алабында тек 22 көшеде ғана жеке үйлерге газ қосылады. Қалған 72 көше газбен 2021 жылы қамтылады. 

Бүгінгі таңда аудан әкімі аппараты мен қалалық "Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі және "ҚазТранГазАймақ" ЖШС "Көктал-1" тұрғын алабындағы Болашақ 4/2 мекенжайы бойынша техникалық шарттарды беріп жатыр. Тұрғындарға техникалық шарттарды алу бойынша тиісті құжат рәсімдеудің тәртібі түсіндірілуде. Бүгінгі дейін 481 адам 159 құжат тапсырып, 126 техникалық шарт алып үлгерді.

Аудан бойынша 949 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 829 көппәтерлі тұрғын үйдің  820-сында нақты жұмыс жүріп жатыр. Жылыту маусымына дейін барлық дайындық жұмыстары аяқталады. Аудандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 72 әлеуметтік нысанның барлығы жылыту маусымына дайын.  

Биыл аудан көлемінде қанша шақырым жол жөнделді және салынды?

2019 жылы аудан бойынша 13 көшеге ұзындығы 7 шақырым жолға орта жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл аудан бойынша жалпы ұзындығы 29,7 шақырымды құрайтын 52 көшеге орта жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланды. Қазіргі таңда 17,6 шақырым жол, яғни 31 көшеде жол жөндеу жұмысы аяқталды. "Көктал-2" тұрғын алабында бағдарлама әкімшісі болып табылатын "Көлік және жол көлік инфрақұрылымын дамыту" басқармасы жолдар мен инженерлік желілерді салу, қайта жаңарту бойынша ұзындығы 2,599 шақырымды құрайтын 12 көшеге тиісті жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. 

Былтыр ұзындығы 3,8 шақырымды құрайтын 15 көшеге инертті материл төселді. Биыл аудан бойынша ұзындығы 14,9 шақырымды құрайтын 67 көшеге инертті материал төсеу жоспарланып, іс жүзінде 10,57 шақырым құрайтын 60 көшеге  инертті материал төселді. Байқап отырсаңыз, былтырғы жылмен салыстырғанда, ауданда жол жөндеу жұмысы анағұрлым жақсарған.  

Аулаларды аббаттандыру қалай жүріп жатыр? 

"Сарыарқа" ауданында барлығы 540 аула бар, оның ішінде 421 аула қанағаттанарлық жағдайда, 119 аула жөндеуді қажет етеді. Былтыр біз 40 ауланы абаттандырдық. Биыл "Сарыарқа" ауданында 40 ауланы және 14 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Бүгінгі таңда  9 аула мен 3 қоғамдық кеңістік "Бюджетке қатысу" жобасы аясында абаттандырылды. 

Аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы 2020 жылдың 1 қарашасына дейін аяқталады. 

Сұхбатыңызға рахмет.

Жазып алған Қанат Махамбет


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу