"Сарыарқа" Қазақстан кубогінің жартылай финалына шықты

1386

Қазақстан кубогының барлық жартылай финалистері анықталды. "Сарыарқа", "Бейбарыс", "Ақтөбе" және "Торпедо" хоккей клубтары Қазақстан кубогінің келесі кезеңіне жолдама алды. Жартылай финалдық кездесулер 25-тамызда Қарағанды қаласында өтеді. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14:00-де "Бейбарыс" "Ақтөбемен", ал "Сарыарқа" 19:00-де "Торпедомен" кездеседі.

"Сарыарқа" Қазақстан кубогінің жартылай финалына шықты

Жартылай финалға жолдама үшін "Сарыарқа" "Теміртаумен" кездесті. Екі команда да ойынды қарқынды бастады. Кездесу дәл осылай, белсенді түрде басталатынына ешкім күмән келтірген жоқ. Гол соғатын мүмкіндіктер болмағанымен, ойын жанкүйерлерді қуантатындай әсерлі өтті. Екінші минуттың өзінде "Сарыарқа" бір ойыншы басымдығына ие болды. Өкінішке орай, Леонид Тамбиев шәкірттері бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Бірақ "Теміртау" өз мүмкіндігін толық пайдаланды. Кезеңнің аяқталуына төрт минут қалғанда Нероев пен Королинскийдің шығарған пасыннан кейін Антон Кошелев гол соғып, теміртаулықтарды алға шығарды. Командалар бірінші үзіліске 0: 1 есебімен кетті.

Екінші кезеңде "Сарыарқа" ойыншылары есепті теңестіруге асықты. 8 -минутта Кирилл Кожевников Дмитрий Молодцовтың пасынан кейін таблодағы көрсеткішті өзгертті. Біраз уақыттан кейін "Теміртау" ойыншысы тәртіп бұзып, бес минутқа айдыннан куылды. Кезеңнің аяқталуына сегіз минут қалғанда, олар 3-те 5 форматында ойнауға мәжбүр болды. Бірақ, соған қарамастан Георгий Верещагин шәкірттері қарсыластарына соңына дейін төтеп берді. Нәтижесінде командалар үзіліске 1: 1 есебімен кетті.

Соңғы кезеңде командалар қорғаныста мұқият әрекет етуге және қателіктерді азайтуға тырысты. Ал матчтың осы кезеңінде қақпашылар сенімді әрекет етті. Матчтың 50-минутында Дмитрий Молодцов пен Владислав Кулиевтің шығарған пасынан кейін Саян Данияр "Сарыарқаны" алға шығарды. Бұл жолы соғылған шайба жеңісті гол еді. Осылайша 2: 1 есебімен "Сарыарқа" жартылай финалға шықты. Ал "Теміртау" тартысты кездесуде лайықты өнер көрсетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу