"Сарыарқадан" бірден жеті ойыншы кетті

1831

Қарағандының "Сарыарқа" хоккей клубы Жоғарғы хоккей лигасында ойнамайтынын мәлімдегеннен кейін  бейсенбі күні команда сапынан бірден жеті ойыншы кетті.

"Сарыарқадан" бірден жеті ойыншы кетті

Клубтан кеткен ойыншылар туралы "Сарыарқаның" ресми сайты жариялады. Екіжақты келісімнен кейін Владимир Сохатский, Андрей Бирюков, Даниил Курашов, Марк Лыпкань, Сергей Голоднюк және Ахмед Гимбатовтар командадан кетті.

"Коронавирус пандемиясынан кейінгі жағдайдан соң "Сарыарқа" 2020/2021 жылғы маусымда Жоғарғы лигада ойнамайтын болды. Мұндай жағдай болатынын ешкім алдын-ала білген жоқ. "Сарыарқа" хокейшілерге алғысын білдіреді және алдағы уақытта спорттық мансаптарында үлкен жетістіктерге жетуді тілейді!", - деп жазылған хабарламада.

Сәл кейінірек команда сапынан тағы бір ойыншының кететіні белгілі болды. Ол биыл жазда клуб қатарына қосылған қорғаушы Иван Крылов. Бұған дейін Крылов Жоғарғы хоккей лигасында "Лада" намысын қорғаған. ЖХЛ-дың тұрақты чемпионатында ол 49 матч өткізіп, 11 ұпай жинады (2 гол соғып, 9 нәтижелі пас шығарған).

Дегенмен легионерлердің барлығы командадан кеткен жоқ. Америкалық шабуылшы Хенрик Самуэльссон Қазақстан чемпионатында ойнауға дайын екенін айтты. Ол бұған дейін Ұлыбритания чемпионатында "Манчестерде" өнер көрсеткен. Хенрик клубтың сайтына берген сұхбатында Қарағандыдағы мұз айдыны және басқа да жағдайлар ол күткеннен де асып түсті.

"Алдағы маусымда "Сарыарқа" Жоғарғы хоккей лигасында ойнамайтынын мәлімдеді. Мен бұл туралы хабардармын. Енді біз Қазақстан чемпионатында ойнаймыз. Мен толықтай дайынмын. Бұл жаңа тәжірибе және мен сол үшін қуаныштымын", - деді Самуэльссон. – Ұлыбритания чемпионатында да біраз тәжірибе жинадым. Дегенмен ол жақта ойын дәрежесі мен күткеннен төмен болып шықты. Англияда негізі канадалықтар мен америкалық хоккейшілер ойнайды. Жалпы чемпионат ол жақта жаман емес. Ұлыбританияда спорттық мансабымда айтарлықтай жақсы тәжірибе жинадым деп ойлаймын", - деп қоса кетті Хенрик.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу