Сәтпаевтың голынан кейін қазақстандық жанкүйерлер әлем назарын аударды

553

Отандық жанкүйерлер Дастан Сәтпаевқа қолдау көрсетті. 

Сәтпаевтың голынан кейін қазақстандық жанкүйерлер әлем назарын аударды Фото: Saeed Khan / AFP via Getty Images

Футболға қатысты Matchday USA Instagram-парақшасының авторы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың Лондонның "Челси" клубы сапындағы алғашқы голынан кейін қазақстандық жанкүйерлердің қолдауына тәнті болғанын жасырмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Sports.kz-ке сілтеме жасап. 

"Маусымалды дайындық кезінде әлемдегі ең мықты, көпшілік біле бермейтін жанкүйерлер қауымының бірін тапқан сияқтымыз? Ол Бразилия да, Норвегия да, Аргентина да емес. Бұл – Қазақстан. Сәтпаев қақпа алдында допты қабылдап, небәрі 17 жасында жылдамдығын көрсетті. Ол екі қорғаушыны қапы қалдырып, "Вестерн Сидней Уондерерс" клубының қақпашысы Джордан Холмспен бетпе-бет шығып, допты қақпаға дәл тигізді. Алайда дәл осы сәттен кейін бүкіл әлем қазақстандық жанкүйерлердің қолдауының қаншалықты мықты екенін білді. Эссугу соққан гол жарияланған жазбаға 200 мың лайк жиналса, Гиттенстікіне шамамен 177 мың, Жоао Педроның голына 160 мың лайк қойылды. 

Ал қазақстандық Сәтпаевтың голы туралы жазба 800 мың лайк жинады. Оның үстіне бұл жазбаға бір-екі мың емес, тұтас 200 мың пікір жазылды. Олардың басым бөлігін Қазақстан жанкүйерлері жазған. Осындай қарқынмен жалғаса берсе, Хаби Алонсо Сәтпаевты негізгі құрамға қосуға мәжбүр болады. Себебі онымен бірге әлемдегі ең мықты, жұртшылыққа белгісіз болған жанкүйерлер қауымының біріне де ие боласыз", – деді Matchday USA Instagram-парақшасының авторы.

"Челсидің" ресми Instagram-парақшасында жарияланған Дастан Сәтпаевтың голы түсірілген видео 1 миллионнан астам лайк жинап, 350 мыңнан аса пікірге ие болды. Олардың дені қазақстандық қолданушыларға тиесілі. Шетелдік БАҚ та жас шабуылшыға тұтас ел болып қолдау көрсеткен қазақстандық жанкүйерлердің белсенділігін ерекше атап өтті.

Дастан Сәтпаев жолдастық кездесудің жетінші минутында Райан Кавума-Маккуиннің пасынан кейін қақпашымен бетпе-бет кездесіп, есеп ашты. Кездесу қорытындысы бойынша "Челси" "Вестерн Сидней Уондерерсті" 6:4 есебімен жеңді. Ал отандық шабуылшының голы Хаби Алонсо жаттықтыратын команданың алғашқы голы ретінде тарихқа енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу