Сауда министрлігі шағын дүкендерге шүйлігіп отыр

2427

Әлемдік саудадағы Қазақстанның үлесі – 0,13%. 

Сауда министрлігі шағын дүкендерге шүйлігіп отыр Фото: inbusiness.kz

Сауда және интергаиця министрлігі Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын жариялады, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Әлемдік жалпы ішкі өнімде сауданың орташа үлесі –58,6%. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 16,5% ғана. Әлемдік сауда нарығынан АҚШ– 6,6%, Қытай - 6,0%, Германия - 4,1%, Ресей - 0,99% үлес алып отыр. Ал Қазақстанның үлесі 0,13% ғана. Осыған байланысты кейінгі 2-3 жылда сауданы дамытуға мемлекет тарапынан көңіл көбірек бөліне бастады. Осы саланы реттейтін министрліктің Сауда және интеграция деп қайта аталуы соған дәлел.

БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясының мәліметтері бойынша COVID-19 пандемиясының таралуы көптеген елдерде өндірісті тоқтата тұрумен қатар, іскерлік белсенділіктің төмендеткен.

Ал бізде ше?

Сауда және интеграция министрлігі дайындаған 2025 жылға дейінгі сауданы дамыту тұжырымдамасында коронавирустың нақты осы салаға қаншалықты зиян келтіргені жазылған. Құжатқа сенсек, 2020 жылдың соңында бөлшек және көтерме сауда көлемі 7,3%-ға төмендеп, 35,5 трлн теңгенің айналымы қалыптасқан.

Оның 80,3%-ы шағын көтерме сауда нысандарына, 16%-ы орта көтерме сауда орындарына, 3,7%-ы ірі көтерме сауда кешендеріне тиесілі.

Тұтыну нарығын зерттеуші ғаламдық компания Nielsen-нің  зерттеулері бойынша, қазақстандық тұтынушылардың 17,8%-ы тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы дүкендерге жүгінетін көрінеді. Ал дамыған елдерде  бөлшек сауда нарығын ритейл компаниялар қолына ала бастады. Мысалы,  2018 жылы әлемдегі 250 ірі ритейл компания 4,74 трлн доллардың айналымына қол жеткізген. Бұл көлем жыл сайын артып келеді. Әсіресе АҚШ, Германия және Ұлыбритания компаниялары әлемнің сауда нарығына дендеп енуде. Аталған елдердегі азық-түлік тауарының бөлшек сауда нарығында ритейл компаниялардың үлесі 80%-ға жетіп отыр. Тіпті Экономикалық одақтасымыз Ресейдің өзінде  бұл көрсеткіш 69% -ға, Белоруссияда-61%- ға жеткен. Ал Қазақстанда 31%  ғана.

"Қазақстандағы сатудың басым бөлігі сауда желілеріне кірмейтін шағын "үйдегі дүкендер" арқылы немесе базарлар арқылы жүреді. Соңғы жылдары тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында қазіргі заманғы ритейлдің тұрақты дамуы байқалады. Дәстүрлі дүкендер мен базарлар еңбек өнімділігінің төмендігімен және интернет сауда, "сатушысыз кассалар", BigData сияқты заманауи озық технологияларды енгізудің толық болмауымен сипатталады", - деп жазылған министрліктің тұжырымдамасында.

Тұжырымдаманы әзірлеген сарапшылар бұл жағдай қарапайым тұтынушылар үшін тиімсіз болғанымен, шетелдік сауда желілеріне Қазақстанның сауда нарығын тартымды етіп көрсетеді деп отыр. Дегенмен әзірге 18 миллиондық нарықты жаулауға әлем алпауыттары асыға қоймайтын сияқты. Есесіне Ресейдің "Аникс", X5 Retail Group, "Дикси"  сияқты ритейл компаниялары, Біріккен Араб Әмірліктерінің MAF Group сияқты компаниялары инвестиция салып жатыр.

Шетелдік сауда желілерінің Қазақстанға келуі әлемдік стандарттар қалыптастырғанымен, импорттың үлесін арттыратыны сөзсіз. Бұл отандық өндірушілерді тығырыққа тірейтін құбылыс деуге болады. Оның үстіне үй маңындағы шағын дүкендердің табысын азайтып, тынысын тарылтуы ықтимал. Бұл шағын бизнестің құрылымына өзгеріс әкеледі деген сөз.

Ресми статистика бойынша, Қазақстанда халықтың сауда алаңдарымен қамтамасыз етілуі 1000 адамға 634 шаршы метр екен. Еуропалық стандарт бойынша бір адамға 1100-1700 шаршы метр болуы керек. Бұл бір жанынан елдегі сауда инфрақұрылымының заман талабына сай икемделіп үлгермей жатқанын көрсетсе, екінші жағынан қазақстандықтардың сатып алу қабілеті мардымсыз екенін көрсетеді.

"Сауда алаңдарының тапшылығы жалға берудің және сауда алаңдарын сатып алудың жоғары мөлшерлемелеріне алып келеді. Бұл бөлшек бизнесті ұйымдастыруға арналған шығындардың өсуіне, сайып келгенде, дүкендердегі өнімдер мен тауарлардың қымбат болуына әсер етеді", - деп жазылған тұжырымдамада.

Қазақстанда отандық өндірушілердің өнімдерін оңтайлы түрде жинауға және таратуға арналған заманауи көтерме сауда орталықтарының жүйесі жоқ. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, өңірлерде жалпы сыйымдылығы 1, 9 млн тонна болатын 1 374 көкөніс қоймасы бар көрінеді. Оның қаншасы нақты жұмыс істеп тұрғаны да белгісіз. Жұмыс істеп тұрғандарының өзінде көкөніс сақтау тәртібі заманауи стандарттарға сәйкес келмейді. Осының салдарынан дүкен сөрелеріндегі көкөніс бағасының 20%-ын қойма шығындары алып тұр.

Осыны пайдаланған делдалдар көкөністі арзан кезінде сатып алып, қымбаттаған кезде қарапайым тұтынушыларға сатуды әдетке айналдырған.

          Әлемде мұндай айлаға қарсы амал ойлап тапқан елдер де бар. Ондай елдерде шағын дүкен иелері бір-бірімен қанаттаса жұмыс істеп, сату және сатып алу альянстарын құрады. Соның арқасында ірі көлемде өнім алатын алпауыт компанияларға сол альянстар арқылы өздері тікелей шығып отырады. Мұны біздегі кооперативтік бастамалармен салыстыруға болады. Әзірге біздің елде шағын дүкендер альянсы деген түсінік қалыптасқан жоқ.  

2020 жылы электрондық сауда нарығының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге ұлғайып, 1 122 млрд теңге болды. Электрондық саудадағы сатып алушылар саны да 20%-ға өсіп, 3,8 миллионға жетті.

Қазақстан бойынша 650-ден астам интернет-дүкен жұмыс істеп тұр. Ұлттық Банк деректері бойынша, 2020 жылы қолма-қол ақшасыз транзакциялар саны 35,3 трлн теңге болған.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу