Сауда министрлігі жалақыға қанша миллиард жұмсайтыны анықталды

17390

Ведомство биылғы шығынын екі есеге арттырды.

Сауда министрлігі жалақыға қанша миллиард жұмсайтыны анықталды

Бақыт Сұлтанов басқаратын меморган "ашық бюджеттер" саясаты аясында өз бюджетін жария етті. Сауда және интеграция министрлігіне былтырғы 2019 жылы 2 миллиард 706,9 миллион теңге бөлінген екен.

Ал 2020 жылға 5 миллиард 943 миллион теңге жоспарланғаны көрсетілген. Алайда штаттан тыс қызметкерлерін қоса есептегенде, министрлік және оның аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің саны артпайды: штат саны сол бойы 431 адам көлемінде қалады.

Олардың жалақысына, іссапар шығыстарына, сонымен бірге коммуналдық қызмет, байланыс, көлік қызметтері, баспахана өнімдерін жасауға және басқа да қызметтер құнын өтеуге 2019 жылы 1 млрд 516,4 миллион теңге жұмсалыпты. Ағымдағы жылы бұл сома қайта 1 млрд 495,2 млн теңгеге дейін кемиді. Содан кейін 2021 жылы 1 млрд 715,2, 2021 жылы 1 млрд 708,2 млн теңгеге дейін артпақ.

Ведомство шығынының биыл еселеп өсуіне Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конференциясының 12-ші отырысын өткізу ықпал етпек. Нұр-Сұлтандағы жаһандық форумға ел қазынасынан шамамен 3 миллиардтай теңге жұмсалады. Мұны 2019 жылдың соңында Мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалына жауабында Үкімет басшысы Асқар Мамин растады. Оның мәліметінше, форумға барлық қатысушылардың жалпы шығындары 18 миллиард теңгедей. Оның ішінде 2,85 миллиард теңге шығысын Қазақстан өз мойнына алған. Өйткені ДСҰ тек өзінің 200-дей қызметкерінің және дамуда кенже қалған 36 кедей ел делегаттарының ұшақпен ұшу және қонақүйде тұру ақысын ғана көтереді. Еліміз қалған елдердің қонақүйі, тамағы мен тасымалын көтереді.

Тұтастай алғанда, жиынға ДСҰ-ның 164 мүше елінен сауда министрлері мен депутаттар, сонымен қатар 20 елден бақылаушылар, ірі халықаралық компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары келеді деп күтілуде.     

Үкімет бюджеттен шығындалатын 3 миллиардтай қаражат ешқайда кетпейтінін, оны қонақүйлер, автокөлік тасымалы, тамақтандыру және фуршет-кейтеринг, медиақолдау және басқа да қызметтер көрсететін компаниялар игеретінін, яғни бизнесті өркендетуге серпін беретінін алға тартады. Олардан тек салық түрінде 240 миллионнан 360 миллион теңгеге дейінгі қаржы бюджетке қайта аударылуға тиіс. 

Рас, депутаттар мүше болып кіргелі ДСҰ-дан елімізге елеулі пайда келмегенін, отандық экспорттың алдынан нарықтар жаппай ашылмағанын айтып, сынап жүр. Сондықтан осындай қымбат іс-шараның іс жүзінде тиімділігі боларына сарапшылар күмәнданады.

ДСҰ-ның ХІІ министрлік конференциясы 8–11 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Қазір оның ақшалары Сауда және интеграция министрлігіне аударылғаны анықталып отыр.

Дүниежүзілік форум өткеннен кейін ведомство бюджеті бұрынғы қалпына қайта оралады. Нақтылай кетсек, 2021 жылы 2 млрд 785,9 млн, ал 2022 жылы – 2 млрд 759,7 млн теңге болады.

Осы қаражатқа Бақыт Сұлтанов ұжымы, яғни министрліктің орталық аппараты, комитеттері және аумақтық органдары "өздеріне жүктелген міндеттер мен функцияларды сапалы және уақытылы орындауға" уәде етеді. Атап айтқанда, ұлттық орта және шағын бизнесті дамытып, көтерме және бөлшек саудадағы қосылған құнның жалпы көлемін 2020 жылы – 4%-ға, ал 2021 жылы – 5%-ға арттыруға міндеттелді. Бұдан бөлек, көтерме және бөлшек саудадағы еңбек өнімділігі 2020 жылы – 8,9%-ға, 2021 жылы – 12,2%-ға ұлғаюға тиіс.

Сауда секторына құйылған инвестициялар 2016 жылға қарағанда, осы жылы – 139,9%, келесі жылы – 145,5%-ға өсуі шарт.

Жалпы сауда көлеміндегі электронды сауда үлесі Қазақстанда биыл – 2,2%-ды, алдағы жылы – 2,4%-ды құрауы керек.

Министрлік келіссөздер жүргізу, меморандум, бағдарламалар, жоспарлар және өзге де халықаралық құжаттар бекіту арқылы сауда географиясын кеңейтуге; еркін және артықшылықты сауда туралы келісім бекіту жолымен қазақстандық тауарлар және қызметтер үшін шетелдік нарықтарды барынша қолжетімді етуге сөз береді.

Бұдан бөлек, министрлікке өткен жылы ғана құзырына көшкен жаңа сектор – тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігі деңгейін 2020 жылы – 64%, ал 2021 жылы – 66%-ға жеткізу міндеті жүктелді.

Еліміздің шетелдегі сауда өкілдіктері қызметін қамтамасыз етуге үш жыл бойы жыл сайын 504,2 миллион теңгеден бағытталады.

Ғажабы сол, ведомство 4 зерттеу жүргізуге, сондай-ақ Үкіметке экономика, сауда, мемлекеттік басқару, әлеуметтік даму және тұтынушылар құқығын қорғау салаларында әлеуметтік, сараптамалық және кеңес-консалтингтік қызмет көрсетуге осыған жетеқабыл сома – алдағы үш жыл бойы 473,5 миллион теңгеден бөлінуіне қол жеткізген. 

Әйткенмен, министрліктің бюджеті биыл қайта нақтылануы мүмкін.

Бүгінде оның құрамы толығуда. Үкіметтің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" болып қайта аталып, Сауда және интеграция министрлігіне берілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу