Сауда орындарынан чекті қазақша басуды талап ету басталды

2065

Халық наразылығына құлақ асқан Ғылым және жоғары білім министрлігі құзырлы органдардан соның шешімін табуды сұрапты. Қынжылтатыны сол, Тіл комитетінің сауда орындарынан соны талап етуге қауқары, құзыры жетпей тұр. 

Сауда орындарынан чекті қазақша басуды талап ету басталды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша (енді тілді дамытуға Саясат Нұрбек басқаратын осы министрлік жауап береді), ведомствоға бақылау-кассалық машиналары (БКМ) арқылы жасалатын операциялардың тіліне қатысты азаматтардан шағымдар көп түсуде.  

"Себебі Қазақстанда барлық сауда орындарында, банктерде, әуежайларда, қоғамдық орындарда, дәмханалар мен мейрамханаларда, дәріханаларда, кинотеатрларда және басқасының бәрінде БКМ арқылы берілетін түбіртек тек қана орыс тілінде басылады. Ал "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" заңының 4-ші бабына сәйкес, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл территориясындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады. Бұған қоса, 6-бап бойынша Қазақстан азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар", – деп ескертті меморган.

Әзірге қазақ тілділер бұл құқығын жүзеге асыруда үнемі қиындыққа кезігеді. Бұл мәселе аса маңызды. Мысалы, орыс тілін білмейтін атайлар, әжейлер және өзгелері сауда жасаған соң чекке қанша үңілсе де, онда не жазылғанын түсіне алмауы мүмкін. Ал кейбір алақол саудагерлер, немесе дүкен-супермаркет сатушысы егде тартқан адамның көзін ала беріп, өзі жеп қойған заттың штрих-кодын шиқ еткізіп енгізе қоюы мүмкін. Ондай оқиғалар болған.  

Чектен мемлекеттік тілдің шеттетілуі салдарынан азаматтардың құқықтары аяққа тапталады. Бұған тосқауыл қою Әділетті Қазақстанды құруға үлес қосар еді.

Халық үніне Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) аумақтық құрылымдары ден қойды. Салыққа, тиісінше фискалдық чектің басып шығарылып, клиентке тапсырылуына солар жауапты. Мысалы, Салық кодексінің 170-бабына сәйкес, МКК бақылау-кассалық аппараттардың моделдерін мемлекеттік тізілім-реестрге кіргізу немесе одан шығарып тастау жолымен осы саланы реттейді.

Солтүстік Қазақстан облысының Мемкірістер департаменті "сатып алушының талабы бойынша сатушы, жеткізуші чекті мемлекеттік тілде беруге міндетті" екенін айтып, түсініктеме берді.

"Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту туралы өтінішпен мемкірістер органдарына жүгінуіне байланысты СҚО Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік субъектілеріне келесіні хабарлайды. Мемлекеттік тізілімге енгізілген бақылау-кассалық машиналар Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №208 бұйрығымен https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016508 анықталған техникалық талаптарға сәйкес тестілеуден өткізіледі. Бұған қоса, БКМ-ді мемлекеттік тілге ауыстыру техникалық талаптарда қарастырылған. Атап айтқанда, талаптар бойынша БКМ индикациясына және басуға арналған ақпарат, пернетақтадағы қаріптер, ақпаратты тіркеу мемлекеттік немесе орыс тілінде болуға тиіс. Мемлекеттік тізілімге енгізілген БКМ-дердің барлық моделі техникалық талаптарға сәйкес келеді және ақпаратты мемлекеттік тілге аудару функцияларын орындайды", – деп түсіндірді СҚО Мемкірістер департаменті.

Ведомство тұтынушылардың наразылығын тудырмау және заң бұзушылықты болдырмау үшін кәсіпкерлерден "өз қызметтерін заң нормасына сәйкес келтіруді және азаматтардың талабына қарай БКМ арқылы қазақ тілінде чек беруді" өтінді. 

БКМ арқылы чектерді мемлекеттік тілде басып шығарудың түк қиындығы жоғын Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Мақсат Ақмұратов та растады.

"Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы "Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы" №208 бұйрығына сәйкес, БКМ чегіндегі деректемелерді қазақ әліпбиінің ерекше әріптерін пайдалана отырып, қазақ тілінде басып шығару қамтамасыз етілуге тиіс. Ал мемлекеттік тізілімдегі БКМ-дерде бақылау чектерін мемлекеттік тілде басып шығару мүмкіндігі қарастырылған", – деді сарапшы.

Учет.kz консультациялық компаниясының мамандары онлайн-кассаларда да мемлекеттік тілде чек басу функциясы қолжетімді екенін хабарлады.

"Қазақ тілінде чекті қалай шығарып беруге болады? Біріншіден, өзіңіздің онлайн-кассаңызды ашасыз. Екіншіден, электронды цифрлық қолтаңбаңыз арқылы авторизацияланасыз. Үшіншіден, онлайн-кассаның оң жақ жоғарғы бөлігінде интерфейстің тілін таңдау қажет. Яғни "Қаз" батырмасын басқаннан кейін интерфейс мемлекеттік тілге ауысады. Тиісінше, чектер де қазақ тілінде басып шығарыла бастайды", – деп түсіндірді компания мамандары. 

Қорыта айтқанда, қазіргі кезде барлық БКМ аппараттары мен олардың бағдарламалық қамтылымы жаңартылған. Демек мемлекеттен талап болса, ал бизнесте соған құлық, ниет болса, бұл саланы да қазақыландыру тіпті де күрделі емес көрінеді.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться