Сауда және интеграция министрлігі 1,1 трлн теңгенің жобасын жариялады

1958

Жыл сайын 50 экспорттаушы халықаралық электрондық алаңдарға шығып отырады. 

Сауда және интеграция министрлігі 1,1 трлн теңгенің жобасын жариялады

Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайтында 2021-2025 жылдарға арналған сауданы дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның құжат жобасы жарияланды. Бұл жоба нарықты сапалы өніммен молықтырып, экспорттық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін қазіргі заманғы сауда жүйесін құруға бағытталған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мамандар жобаны дайындау кезінде сауда саласындағы проблемаларды, қазіргі экономикалық ахуал мен орта мерзімді даму перспективаларын ескергендерін айтады. Ұлттық жобада сауданы дамытудың 3 бағыты – ішкі сауданы, сапа инфрақұрылымын және сыртқы сауданы дамыту айқындалған.

Аталған бағыттар аясында 3 негізгі міндетті шешу қарастырылған. Бұл –ішкі сауданың тұрақты өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау, өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және сыртқы нарықтарға қол жетімділікті жақсарту және шикізаттық емес экспортты ілгерілету.

Енді осы үш бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып көрейік. Сауданы заңнамалық жетілдіру бағыты оның ішінде сауда қызметі, биржалық сауда туралы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңдарды жетілдіру арқылы іске асады деп күтіліп отыр.

Пандемиялық шектеулер кезінде қазір жұмыс істеп тұрған сауда-логистикалық  жүйе қаншалықты тиімді деген сұрақ туындаған болатын. Төтенше жағдай режимі жарияланған тұста адамдардың дүкен сөрелерін жылан жалағандай етіп бос қалдыруы, тауарды үйге жеткізу қызметтерінің дамымауы кесірінен шетелдік франшизалардың қаптауы салаға жауапты органдарды да ойландырған тәрізді.

Ұлттық стандарттар қайта жасақталады

Ұлттық жоба аясында заманауи сауда инфрақұрылымын қалыптастыру үшін 24 көтерме-тарату орталығын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, электрондық сауданы одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер қазіргі таңда ұлттық стандарт енгізу арқылы ішкі өндірісті қолдауды әдетке айналдырып алды. Әсіресе, Ресей мен Беларусь ұлттық стандарттарын қызғыштай қорып отыр. Ұлттық жоба аясында бізде ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін арттыру көзделген. "Бұл қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етеді", – деп жазылған құжаттың анықтамасында.

Сауда және интеграция министрлігі Ұлттық жобаның көмегімен отандық өндірушілерге жаңа өткізу нарықтарын ашуды қалайды. Экспорт географиясын кеңейту үшін трансшекаралық сауданың әлеуетін дамыту ұсынылып отыр. Көршілес Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерімен шекарада трансшекаралық сауда орталықтарын құру жоспары әзірленбек. Яғни жалғыз "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы сияқты нысандардың саны көбейеді.

"Бұл мәселеге кешенді және жүйелі көзқарас сауда хабтары жүйесін құруға мүмкіндік береді. Кейіннен ол Еуразиялық ағындардың дамуының өзегі болады", – деп жазады жоба авторлары.

Ал шикізаттық емес экспортты дамыту үшін "Экспортты үдету" бағдарламасы іске асырылмақ. Аталмыш бағдарлама арқылы 2025 жылға қарай экспорттаушылар санын 1000-ға дейін арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – экспортқа бағытталған тауар өндіргісі келетіндерді қолдауға бағытталған. Яғни өндірісі жолға қойылған, тек сыртқы нарыққа жол таба аламай жүрген өндірушілерді ғана емес, басында мықты идеясы бар кәсіпкерлерді де сүйемелдеу көзделіп отыр. Бұл "креатив экономиканың" дамуына серпін беруі керек.

Сондай-ақ, экспортты ілгерілету мақсатында жыл сайын кемінде 50 экспорттаушы халықаралық электрондық алаңдарға шығарылатын болады.

Отандық өңделген тауарлардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында шығыстарды өтеу, сақтандыру және кредиттерге кепілдік беру шараларының кешені кеңейтілетін болады.

Бес жылға арналған  Ұлттық жоба ойдағыдай іске асса, 2025 жыл шикізаттық емес экспорттың көлемін 41 млрд долларға жеткізуге болады екен. Соның арқасында шамамен 71,6 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Көтерме және бөлшек саудада еңбек өнімділігі 2019 жылғы базалық кезеңге қарағанда 11,8%-ға өседі. Көтерме және бөлшек саудаға салынған инвестициялардың көлемін 2019 жылмен салыстырғанла 40%-ға арттыру көзделіп отыр. Ал көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5% болып, төмендеуге тиіс.

Жобаның арқасында мынадай әлеуметтік оң әсерлер орын алады деп күтіліп отыр. Жалдамалы қызметтегі жұмысшылардың еңбекақысы 2019 жылғы базалық кезеңге қарағанда 135,8% -ға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау тиімділігінің деңгейін 80% -ға дейін артпақ.

380 млрд жеке инвестиция тартылады

Ұлттық жобаны аяғына дейін жеткізіп, баянды іске асыру үшін 1 127 090 млн теңге игерілуі қажет. Оның 298 277 млн теңгесі республикалық бюджеттен, 448 523 млн теңгесі экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік аясында, 380 290 млн теңгесі жеке инвестициялар есебінен тартылмақ..

Жобаның негізгі мемлекеттік операторы Сауда және интеграция министрлігі болғанымен, Ұлттық экономика, Қаржы, Сыртқы істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, облыс әкімдіктері мен "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі, "Қазақтелеком", "Қазпочта", "QazTrade", "Kazakh Export"  компаниялары атсалысады.

Ведомствоның баспасөз қызметіндегілер жобаның әлі күшіне енбегенін, сайтқа қоғам талқысына салу үшін шығарылғанын айтады. Яғни, жобаны таныстырған Үкімет қаулысы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу