Саудия жасанды интеллектке 45 млрд доллар салды

2208

Әлемде электр энергиясына деген сұраныс өсе береді, осыған байланысты дәстүрлі энергияға да, жаңартылатын энергия көздеріне деген қажеттілік бірдей болады.

Саудия жасанды интеллектке 45 млрд доллар салды

Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесі ашылған күннен бастап өткен апта толығымен "таза энергия" тақырыбына арналды. Энергетика жөніндегі халықаралық министрлер конференциясының аясында ЖЭК даму перспективалары қандай және дәстүрлі энергия көздерімен не болмақ деген сауалдарды шешуде пікірталастар өтті.

Оған Сауд Арабиясының энергетика, индустрия және минералды ресурстар министрі Халид А. Әл Фалих қатысты  (Kahlid A. Al-Falih, Minister of  Energy, Industry and Mineral Resources, Saudi Arabia), оның бұл мәселеге байланысты пікірі, әрине, көптеген маман үшін қызық болды.

Баршаға мәлім, Сауд Арабиясы "қара алтынның" әлемдегі ең ірі өндірушілердің бірі және әлі де көп жыл бойы осы көшбасшылық орнын сақтап қалғысы келеді. Алайда осыған қарамастан өткен жылдың көктемінде корольдіктің билігі өздері үшін үлкен маңызға ие "Saudi Vision 2030" атты стратегиялық жобасын қабылдағаны туралы мәлімдеген. 

Еске салсақ, бұл бағдарламалық құжат, ең алдымен, Саудияны экономикасы мен қаржы жүйесі мұнайға негізделмейтін кезеңге дайындауға бағытталған. Ал әзірше ел бюджетінің 70%-ы мұнайдан түскен табысқа тәуелді болып отыр.

Әл-Фалих мырза бүгінгі күні өз елінің "сөзден іске кіріскендігін" айтты.

"Saudi Vision 2030" бағдарламасын іске асыру мәселесіне тоқталсақ, біз стратегияны жетілдіріп болып, енді іске асыруға кірістік. ЖЭК-ті 10 гигаваттқа дамыту жөніндегі бағдарламамыз іске қосылды. Бірқатар жоба бойынша тендерлер өткізіп жатырмыз", – деді Әл-Фалих мырза.

Ол ЖЭК жөніндегі БҰҰ өкілі Эр-Риядқа арнайы барып, ЖЭК бойынша жаңа жобалардың инженерлік дайындық деңгейін жоғары бағалағанын айтып, мақтанышын жасыра алмады. Саудияның компаниялары Дубаи, Абу-Даби, Марокко, Оңтүстік Америкадағыдай күн энергиясын пайдалану жөніндегі жобаны іске асыруға кірісіп кетті.

"ЖЭК өндірісінің логистикасы, қызмет түрлері қандай болатыны туралы өз болжамымыз бар. Біздің инвестициялық қорымыз жаңа технологияларға инвестиция сала бастады.  Біз жасанды интеллект және жаңа интернет-қызметтер мен ресурстар жасап шығаруға 45 млрд доллар қаражат салдық. Біз үшінші индустриалдық төңкеріс жасаушылардың қатарынан табылып, жаһандық экономиканың бір бөлігі болғымыз келеді", – деді Әл-Фалих мырза.

Сонымен қатар ол Сауд Арабиясы қазір болсын, болашақта болсын мұнай-газ секторындағы көшбасшылық орнынан айрылмақ емес екенін мәлімдеді. Ол Қазақстанның журналистеріне Саудияның мұнайын АҚШ-қа жеткізу жөніндегі жоспары туралы баяндап берді.

"АҚШ – әлемдік ірі нарықтардың бірі. Ал Сауд Арабиясы ең ірі мұнай өндіруші елдер үштігіне кіреді. АҚШ нарығы корольдік үшін негізгі нарық болған және солай болып қала береді", – деді Сауд Арабиясының энергетика министрі.

Жақында Эр-Рияд АҚШ-тағы ірі мұнай өңдеу зауытын сатып алатыны туралы хабарлғанын еске салды.  Порт-Артурдағы бұл МӨЗ-дің  қуаты аптасына 600 мың баррель мұнай өңдеуге жетеді. Одан бөлек Сауд Арабиясы АҚШ-тың сегіз штатында Shell маркасымен бензин және дизельдік отын сатуға құқық және 24 терминалға қол жеткізді.

"Біз бұл МӨЗ-ді толық қуатымен  пайдаланамыз. Ол болашақта  АҚШ-қа жеткізілетін мұнайымыздың мөлшерін арттыруға арналған алаңға айналады", – деп нақтылады Әл-Фалих мырза.

Кейбір сарапшының пікірінше, Порт-Артурдағы МӨЗ-ді өз бақылауына алғанның арқасында арабтар тақтатасты мұнай толтырып бара жатқан америкалық нарықта тұрақтауға мүмкіндік алады.

"АҚШ-қа мұнай тасымалдау перспективаларына келер болсақ, біз ол жаққа мұнай экспорттаумен шектелмей, экпорттың көлемін арттыруға ниеттіміз", – деп баса айтты Сауд Арабиясы энергетика министрі.

Сонымен қатар АҚШ-тың мұнай қоры бүгінде жеткілікті екенін атап өтті. Одан бөлек Американың компаниялары Мексика шығанағында  мұнай өндірісін үдетіп келе жатыр.

"Иә, бүгінде біз өз мұнайымызды өндіруді және экспорттық тасымалды сәл қысқартып келеміз, бірақ ұзақмерзімдік болашақта АҚШ нарығындағы үлесімізді арттыруды міндет етіп отырмыз", – деді Әл-Фалих мырза.

Сонымен қатар Сауд Арабиясы мұнайды экспорттық тасымалдауды әртараптандыратыны айтылды.

"Біз мұнайымызды АҚШ-қа экспорттамайтын болсақ та, басқа нарықтарды іздейміз. ЭЫДҰ елдерінің қоры биылғы жылдың қаңтар айында 80 млн баррельге қысқарды және бұл үрдіс жақын арадағы үш-төрт айда жеделдейді. Бұл басы ғана, бұдан кейінгі бес жылда ЭЫДҰ елдеріндегі қор одан әрі азая береді деп күтіледі.  Сол кезде сұраныс мен ұсыныс та өзгереді және біз әлемнің өзге нарықтарында алға қойған мақсаттарымызды орындаймыз", – деп баса айтты Әл-Фалих мырза.

Мұнай бағасы болашақта қалай белгіленеді деген сұраққа Сауд Арабиясының энергетика министрі болжам жасау өзі үшін қауіпті болатынын айтып,  күлді.

"Мұнай нарығында бағаның қалыптасуы – қиын процесс, оған қаржылық, геосаяси, макроэкономикалық, спекулятивтік секілді көптеген фактор әсер етеді. Қазіргі кездегі мұнай бағасы бұл салаға қаражат салатын инвесторлар үшін тиімсіз", – деді министр.

Оның ойынша, жақын арада мұнай бағасы үшсанды көрсеткішке жетпейді, себебі  нарықта ұсыныс көп.

"Бірақ бір тексерілген жолмен тепе-теңдікке жетуге тырысамыз", – деп түйіндеді  Әл-Фалих.

Әйгерім Сүлейменова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу